Кристалина Георгиева Халықаралық валюта қорының Қазақстанға қатысты жоспары туралы айтты.
Президент Халықаралық валюта қорының басқарушы директорымен кездесті
702
оқылды

Мемлекет басшысы Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиеваны қабылдады. Бұл туралы  Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кристалина Георгиеваға ілтипат білдіре отырып, Халықаралық валюта қорымен 30 жыл бойы жалғасып келе жатқан табысты ынтымақтастыққа көңілі толатынын жеткізді.

– Қормен арадағы ынтымақтастығымыз табысты жүзеге асып келеді және ол алдағы уақытта да жалғасады. Қордан тұрақты кеңес алу мүмкіндігі үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесіңіз елеулі екені анық, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Президентке Халықаралық валюта қорының Қазақстанға қатысты жоспарлары жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы Алматы қаласында Әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталық ашу туралы Қордың бастамасын қолдайтынын атап өтіп, оның Қазақстан мен Орталық Азиядағы қаржы жүйесінің тұрақтылығына зор үлес қосатынына сенім білдірді.