Қытайдың "Ұлттық барлау туралы" заңына бағынатын компаниялар шығарған бақылау жабдықтарына Ұлыбритания министрлері тыйым салды. Енді Hikvision және Dahua бейнекамералары орталық мемлекеттік құпия нысандардан алып тасталынады. Төмендегі бейнематериалда қытайлық бақылау жүйесі туралы жаңа мәліметтер бар.
Мемлекеттік мекемелерде қытайлық бақылау камералары алып тасталынады
2,355
оқылды

Ұлыбританияның министрлер кабинеті орталық атқарушы органдарға қытайлық компаниялар жасаған барлық бақылау құрылғыларын құпия нысандардан алып тастауды тапсырды.

Ағылшын министрлері Hikvision және Dahua бейнекамераларының көмегімен Пекин барлау мәліметтерін жинауы ықтимал деп күдіктенеді. Бұл туралы Financial Times басылымына сілтеме жасап,  Aikyn.kz хабарлайды.

Фото profit.kz сайтынан алынды

Осы аптаның сейсенбісінде қабылданған шешімді жариялай отырып, министрлер кабинеті «Қытайдың Ұлттық барлау туралы заңына бағынатын компаниялар шығарған бақылау жабдықтарын орталық мемлекеттік құпия нысандардан алып тастайды» деген хабарлама таратты.

Үкіметтің жоспарымен таныс екі адамның айтуынша, бұл тапсырма әлемдегі ең ірі бейнебақылау құрылғыларын шығаратын Hikvision және Dahua компанияларына қатысты берілген.

«Бұл жаңа шаралар біздің осал секторларымызды ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін компаниялардан қорғайды және Ұлыбританияға зиян келтіргісі келетін дұшпандық субъектілерге күшті тосқауыл болады»,  дейді министр Джереми Куинн. Жаңа түзетулерге сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы дап қабылданбақшы.

Қытай бет-әлпетті танудан бастап, халықтың мінез-құлқына қарай рейтингтер беретін, «әлеуметтік сенім деңгейін» қалыптастыратын әлеуметтік рейтинг жүйесіне дейін үлкен қауіпсіздік жүйесін құруда. Мына бейнематериалда қарапайым адамдардың іс-әрекеттерін бақылауға арналған жүйелердің жұмысы туралы айтылады.

Өткен қарашада британдық министрлер кабинеті үкіметтік органдарға Қытайдың Ұлттық барлау туралы заңына бағынатын компаниялар шығаратын визуалды бақылау жабдығын орнатуды тоқтатуды бұйырды. Өйткені Қытай заңына сәйкес, аталған ұйымдар мемлекеттік барлау органдарына «қолдау, көмек көрсету және ынтымақтасуға» міндетті.

Жаңа директива қолданыстағы жабдықтардың айтарлықтай көлемін мемлекет меншігінен шығаруды білдіреді. Бақылау камералары жөніндегі тәуелсіз үкімет комиссары Фрейзер Сэмпсонның зерттеуіне сәйкес, Англия мен Уэльстегі полиция күштерінің кем дегенде үштен бірі Hikvision бақылау камераларын пайдаланады.

Фото us.dahuasecurity.com сайтынан алынды

Қауіпсіздік камерасының орташа қызмет ету мерзімі жеті жыл болса да, үкіметтің жабдықты алып тастау мерзімі әлдеқайда жылдамырақ болуы мүмкін екенін сарапшылар айтуда.

«Тыйым салудың сенімді, бірақ дәлелденбеген қауіпсіздік негіздемесі бар», – дейді Oxford Information Labs кибер барлау компаниясының бас директоры Эмили Тейлор. «Қазір біз өндірушінің жалауын қараңыз деп айтамыз және жалау құрылғының қаншалықты қауіпсіз екенін көрсетеді».

Ұлыбритания министрлер кабинеті «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін жеткізушілерді тексеретін және компанияларға мемлекеттік сатып алуларға тыйым салу керектігіне» баға беретін жаңа бөлімше құратынын хабарлады.

Фото us.dahuasecurity.com сайтынан алынды

Hikvision және Dahua түсініктемеге бірден жауап бермеген. Бұған дейін Hikvision компанияны Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде көрсету «мүлдем қате» екенін және оның өз тұтынушыларының деректерін үшінші тараптармен бөлісу мүмкіндігі жоқ екенін айтқан. Dahua Ұлыбритания тұтынушыларына алты жыл бойы «барлық қолданыстағы заңдар мен ережелерге толық сәйкес» қызмет көрсетіп келе жатқанын және «өте жоғары киберқауіпсіздік стандарттарын сақтайтынын» мәлімдеген.

Британдық қауіпсіздік индустриясы қауымдастығының бағалауы бойынша, Ұлыбританияда 21 миллионға жуық кәсіби қауіпсіздік камералары орнатылған, олардың шамамен 1% немесе 210 000-ы мемлекеттік секторда қолданылады.

Фото us.dahuasecurity.com сайтынан алынды

2019 жылы АҚШ Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағындағы ұйғырлар мен басқа да мұсылман азшылықтарды бақылауға және қуғын-сүргінге ұшыратуға көмектесіп жатыр деген айыппен, бірқатар қытайлық ЖИ бақылау компанияларымен бірге Hikvision және Dahua компанияларына да америкалық өнімдерді сатып алуға тыйым салды. Аустралия 2023 жылдың басында Қытайда шығарылған бақылау камераларын алып тастағаны туралы Aikyn.kz жариялаған болатын. Ол материалды мына сілтемеден оқуға болады: материал-1