Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының депутаты Ерлан Әбдиев (бірінші топтағы мүгедек) Үкімет басшысының атына мүгедектігі бар жолаушыларға ұшақ билетінің бағасына жеңілдік жасау туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Халық қалаулысы Астана халықаралық әуежайына барып, әуе компанияларының мүгедектігі бар жолаушыларға қаншалықты жеңілдік жасайтынын өзі тексеріп көрді.
Мүгедектігі бар жолаушыларға ұшақ билеттері нарықтағыдан да қымбат бағаға сатылады - депутат
2,475
оқылды

«Мүгедектігі бар адамдар бір бағытқа ұшатын авиабилетке өзінің толық 1 айлық жәрдемақысын төлейді, бұл мүлде ақылға сыймайды. Яғни 1.5 сағаттық ұшудың авиабилет құны, адамға 1 ай бойы тамақтануына, дәрі-дәрмегіне, өмір сүруіне мемлекеттен берілген жәрдемақысына тең», - дейді Ерлан Әбдиев.

Мәжілісмен алдымен «СКАТ» компаниясының диспечеріне барып, өзінің қатарындағы азаматтарға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын сұрады. Белгілі болғандай, жеңілдік қарастырылған, 4 мың теңге. 

«Бірақ онымен еріп жүруі тиіс қамқоршыларына билет құны қымбатқа түседі.  Мәселен, нарықтағы баға екі адамға 40 мың теңге болса, жеңілдікпен 60 мың теңгеге шығады», - деп түсіндірді депутат.

Qazaq Air мүгедектігі бар азаматтарға арнайы терезесінен қызмет көрсетпейді екен. Тек ресми сайты арқылы билет алу қажет. Ал жеңілдіктің бар-жоғына жауап беретін Колл-орталық мәжілісменге үш рет қоңырау шалса да жауап бермейді. 

«Эйр Астана» қызметкерлері түк бүгежектеген жоқ, «Бізде жеңілдік қарастырылмаған» деп бір-ақ қайырды. 

Депутат мүгедектер арбасына таңылған баласын итеріп кетіп бара жатқан ата-анамен де сұхбаттасты. Олар да ешқандай жеңілдік көрмегендерін алға тартты. 

«Қазақстандағы ұлттық әуе компанияларында мүгедектігі бар азаматтарға ешқандай жеңілдік жоқ. Тіпті, қымбатқа есептеледі. Мәселен, дені сап-сау екі адам 40 мың теңгемен ұшатын болса, осы сапар мүгедектігі бар адаммен ұшқанда 60 мың теңгеге шығады», - деді Ерлан Әбдиев.