ХХІ ғасырдағы негізгі мәселелердің бірі – артық салмақ.
Арықтататын дәрілер туралы шындық
5,531
оқылды

Бүгінде семіздік жаһандық эпидемия ретінде танылды. Әлемде әрбір төртінші адам артық салмақтан зардап шегеді. Бұл дертті емдеу жолында адамдар түрлі көмекке жүгінеді: спорт, дұрыс тамақтану және ең оңай деп танылған – арықтататын препараттар. Сұлу мүсінді армандаған жандар арықтаудың жеңіл жолын іздейді. Бірақ оның салдары да аса қуантарлық емес. Ас қорыту проблемалары – бұл салмақ жоғалтуға арналған дәрі-дәрмектердің кері әсерлерінің бірі. Арықтататын дәрілер нарығы өте кең, бірақ олардың барлығы қалаған нәтижеңізге жеткізетініне кепілдік жоқ.

Американың Чан атындағы Гарвардтың Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің және Бостон балалар ауруханасының ғалымдары арықтататын дәрілерді үнемі қолданатын әйелдердің бір-үш жыл ішінде ас қорыту жүйесінің ауруларына шалдығу қаупі жоғары екенін анықтады. Ғалымдар саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін осындай препараттарды жарнамалауға тыйым салу және дәрі-дәрмексіз салауатты өмір салтын насихаттау бастамаларын қолдауға шақырады.

Қазақстанда бұл тенденция белең алып жатыр. Әлеуметтік желідегі жарқыраған жарнамалар жанарыңа оттай басылады. «Бізбен бірге арықтаңыз», «10 күнде арықтау», «сұлуқтың кепілі – біздің препарат» деген секілді слогандар артық салмақтан арыла алмай жүргендердің қызығушылығын арттырады. Біздің кейіпкеріміз Назгүл Маратова (аты өзгертілді) әдемі мұқабаға алданып, ауыр салдарға тап болғанын айтты.

– Осыдан екі жыл бұрын танымал блогердің парақшасында арықтататын таблеткалар туралы жарнаманы көріп қалдым. Ол кісі дәрінің көмегімен бір айда 10 кг тастағанын айтып, суреттерімен бөлісті. Маған шынайы жарнама сияқты көрінді. Бұл дәрі туралы пікірлерді оқып, тапсырыс беріп көрдім. Сыртында «еш уайымсыз арықта» деген жазу болды. Екі апта ішінде 4 кг тастадым. Жайсыздық болмағандықтан, әрі қарай іше берейін деп шештім. Сөйтіп, бір қаптамасы біткен соң, екіншісіне тапсырыс бердім. Арықтағаныма қуанып жүргенімде, бір шаруаларым болып, дәрі туралы ұмытып кеттіпін. 1 апталық дәрінің курсын жіберіп алдым. Нәтижесінде, 5 кг қосып алғанымды аңғардым. Тезірек қолға алайын деп, препаратты қайта қабылдай бастадым. Бір күні жайсыздықты сезіндім, тіпті ауырсыну пайда болды. Дәрігерге барғанымда, ас қорыту жүйесі бұзылғаны анықталды. Бар болғаны 1,5 айдың ішінде әдемілікті аңсап, денсаулығымды құртып алдым. Маған түсіндіргені бойынша, мұндай дәрілер тәбетті басып, ас қорыту жүйесін жылдамдаты екен. Ал дұрыс қызмет атқарып тұрған ас қорыту жүйесі бұл стресстің кесірінен істен шығады, – дейді салмақ тастайтын дәрінің құрбаны болған Назгүл Маратова (аты өзгертілді).

Медициналық тұрғыда тез әрі оңай арықтау мүмкін бе? Бұл жауапты ғаламтордан іздесең, жүздеген мақалалар мен жарнамалар шығады. Бірі қолдаса, бірі даттайды. Қай ақпаратқа сенеріңді білмейсің. Сондықтан бұл туралы тікелей диеотолог маман Райхан Әбдрамановадан сұрап көрдік

– Қазіргі уақытта артық салмақпен күрес ең маңызды проблемалардың біріне айналды. «Арықтағың келсе – аузыңды тый» демекші, қанша өзімізді тыйғанмен, кейде тым көп жейміз. Осының кесірінен «шелектеп» тер төксек те, артық салмақ баяу кетеді. Артық салмақ тек тамақ көп жегеннен пайда болмайды, оның басқа да себептері бар.

Жалпы арықтау белгілі бір уақытты, күшті талап етеді. Көп қозғалғысы келмейтін, жаттығуға уақыт таппайтын кейбір қыз-келіншектерге арықтататын дәрілер салмақ тастаудың ең оңай жолы болып отыр. Бірақ алып жүрген дәрілердің зияны туралы көп ойлана бермейді. Физикалық жаттығусыз арықтау, яғни арықтататын препараттарды қабылдау бүйрек, бауыр, ішек жолдары, асқазан ауруларына әкеледі. Арықтау әсері тез болғанымен, денсаулығыңыз уақыт өте келе сыр бере бастайды. Арықтаймын деп дәрі сатып алу оңай, бірақ денсаулығыңызға әсер етсе, ақшаңызды қайтармайды. Бұл екі есе шығын. Денсаулыққа пайдалы, теріңізге жақсы рең беріп, ағзаңызды дұрыстағыңыз келсе, жаттығумен, фитнеспен айналысыңыз деп кеңес берер едім. Жаттығу жасау үшін міндетті түрде залға барып, фитнеске жазылудың қажеті жоқ, үйде де жаттығу жасап арықтауға болады, – дейді тәжірибелі маман Райхан Әбдраманова.

Мамандар арнайы препараттарды дәрігердің нұсқауынсыз қолданбауға кеңес береді, өйткені оларды үнемі қолдану ас қорытудың қалыпты жұмысын бұзады және асқазан-ішек жолдары, бауыр, бүйрек аурулары және гипертония сияқты денсаулыққа ауыр зардаптар әкелуі мүмкін.

Макуова Асемай Талғатқызы