2026 жылға дейін шамамен 306 миллиард теңге сомасындағы 92 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мәлім етті.
Жалпы, осы жылдың төрт айында өңір экономикалық және әлеуметтік саладағы көптеген бағыт бойынша оң нәтижелерге қол жеткізген. Соңғы үш жыл қорытындысында әлеуметтік-экономикалық негізгі индикаторлар бойынша көрсеткіші түзелген облыстың алға қойған мақсаттары да жоғары. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің дамуы аса қарқын алған. Өнім өндіру көлемі 558 миллиард теңгеге жетіпті. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде де өнім көлемі еселеп артқаны байқалады. Мәселен, өндіріс индексі 115,3 пайызды құраса, тау-кен өнеркәсібі 122,6 пайызға, металлургия 127,1, машина жасау 124,1 және тамақ өндіру өндірісі 105,5 пайызға өскен. Ал өнім шығару саласында комбайн өндірісі – 2,5 есе, трактор – 1,5 есе, өңделмеген алтын – 37 пайыз, өсімдік және сары май өндірісі 1,5 есеге дейін ұлғайған. Өсім негізінен өткен жылы жаңа өндірістік қуатты енгізумен өнеркәсіптік әлеуеттің артуына байланысты ұлғайыпты. Жалпы, облыста 231 миллиард теңгенің 163 жобасы жүзеге асырылып, нәтижесінде 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
– Облыстың дамуына айтарлықтай маңызды үлес қосып отырған бірнеше нысанды атап өтейін. Олардың қатарында құны 105 миллиард теңге болатын «Эр Джи Процессинг» алтын өндіру фабрикасы, құны 27 млрд теңге болатын «Эс Джи Брик» кірпіш зауыты, 16,8 миллиард теңге сомасына салынған «ҚазақАлтын Технолоджи», 15 млрд теңге сомасындағы «Эс Джи Бетон» темірбетон бұйымдарын жасап шығару зауыттары бар. Мұнымен қоса, биыл Аршалы ауданында «Борей Энерго», Зеренді ауданында «Эталон Винд Пауэр» жел электр стансасы, Бұланды ауданында үшінші Макинск құс фабрикасы мен Аршалы ауданында екінші «Эс Джи Брик» кірпіш зауыты ашылады, – дейді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Өңір басшысының айтуынша, биыл сонымен қатар Бурабай ауданында «Бурабай Биогаз» ЖШС органикалық тыңайтқыштар өндірісі бойынша сағатына 5 мегаватт қуат беретін биогаз зауытын салу, Аршалы ауданында «Борей Энерго» жел электр стансасының екінші кезеңін аяқтау, Зеренді ауданында «Қазақ Даймондс» техникалық алмаз концентратын шығару фабрикасын салу, темірбетон бұйымдарын дайындау өндірісін кеңейту, Аршалы ауданында «SG Бетон» зауытының екінші кезеңін және басқа да жобаларды аяқтау жоспарланған.
– Аталған өндірістердің жобалық қуаты есебінен, сонымен қатар өңірдің кәсіпорындарының тұрақты дамуын сақтай отырып, осы жылдың қорытындылары бойынша тауар өнімінің рекордты көрсеткіші айтарлықтай артады деп күтеміз. Былтыр ол 1,5 трлн теңгені құраған, бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш. Жоғарыда аталған нысандар өңір дамуы үшін аса маңызды әрі жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері мен әлеуметтік инфрақұрылымның жақсаруына септігін тигізеді, – дейді облыс әкімі.
Облыс әкімі машина жасау саласында өңірдің еліміз бойынша жетекші орындарға қол жеткізгенін атап өтті. Мәселен, «ҚазРостИнжиниринг» компаниясы мен «КАИК» компаниялары жыл сайын екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын шығарса, «Камаз Инжиниринг» акционерлік қоғамы жыл сайын мың жарым данаға дейін мамандандырылған автокөлік шығарады. Еуропа және Азияның алдыңғы қатарлы елдерінің роботтандырылған жабдықтарын орнатады.
Өңір – елдегі негізгі астықты аймақтардың бірі. Ауылшаруашылық өнімдерінің 10 пайызы Ақмола облысының үлесінде. Жалпы, осы жылдың төрт айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында жалпы ішкі өнім көлемі 114 млрд теңгені құраған. Облыс әкімі сонымен қатар жыл басынан бері азық-түлік өндірісінде де өсім байқалғанын атап өтті. Әсіресе, ет өңдеу саласы 51 пайызға, сүт өндірісі 13 пайызға, астық өңдеу – 11 пайызға, нан өнімдері мен басқа да салалар 25 пайызға көтерілген.
– Бүгінде облыс ауыл шаруашылығындағы негізгі міндеттерді уақытында және сапалы орындап, егіс науқанын қолайлы ауа райында ойдағыдай аяқтады. Бұл, әрине жақсы өнім алудың кепілі. Жаздық егіс көлемі 5,2 миллион гектар алқапты құрайды. Бұл – еліміз бойынша аса үлкен аумақ. Өңірдің астық өндірісінде көшбасшылығын сақтап тұрғанын атап өткім келеді. Өйткені республика көлеміндегі астықтың төрттен бір бөлігі өндіріледі. Облыс өткен жылы тауық жұмыртқасы өндірісі жөнінен еліміз бойынша алғашқы орынға шықты, – дейді Ермек Маржықпаев.
Облыс әкімі тұрғын үй құрылысының қарқынына да тоқталып, ел бойынша осы салада төртінші орында тұрғанын жеткізді. Биыл 51 көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Осы жылдың 4 айында 212 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 1 920 отбасы баспаналы болды.
«Жыл соңына дейін кемінде 650 мың шаршы метр немесе 5 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар құрылыс географиясы кеңейіп келеді, ол барлық қала мен аудан орталықтарында жүзеге асырылады. Жалпы, 2019 жылдан бастап облыс бойынша 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», – деді әкім.
Сонымен қатар Степногорск және Атбасар көпсалалы ауруханаларын жаңғырту жоспарлануда. Биыл Қоянды ауылында 50 адам қабылдайтын алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының, Сочинское ауылындағы медициналық пункттің, Новосельское ауылындағы ФАП құрылысы аяқталады. Ал Біржан сал ауданы Степняк қаласында аурухана құрылысы басталды. Облыс орталығында түрік инвесторымен МЖӘ аясында 630 төсек-орындық заманауи көпбейінді аурухананың құрылысы қолға алынбақ.
Бұған қоса, өңір басшысы тұрғындарды ауызсумен толықтай жабдықтау жөніндегі жұмыс жайлы да сөз қозғады. 2025 жылға қарай 65 ауылда орталықтандырылған желілер салынады. 105 елді мекенде суды тазарту және беру үшін кешенді блок-модульдер қойылады.
Табиғаты тамылжыған өңір туристер үшін де таптырмайтын мекен. Өңірге келетін барлық туристің 85 пайызы Щучинск – Бурабай курорттық аймағын таңдайды. Бүгінде мұнда 9 мыңнан астам келушіге арналған 183 нысан жұмыс істейді.
«Өткен жылы курорттық аймаққа жалпы ағын бір миллион адамнан асты, биыл 1 млн 200 мыңнан астам турист келеді деп күтудеміз. Демалыс маусымы ашық. Щучинск – Бурабай курорттық аймағын дамытуға биыл 4,6 млрд теңге бөлдік, шамамен 100 шақырым жол төсемі салынып, жөнделеді», – деді өңір басшысы.
Абзал ТОҚАНОВ,
Ақмола облысы