Форумды Түркістан облысының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесі, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырды.
Конференция жұмысына белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, көрнекті ғалымдар, студент жастар, үкіметтік емес және ардагерлер ұйымдарының өкілдері белсене қатысты.
Форумға қатысушыларға «Елім-ай» дастанының 300 жылдығына арналған кітап пен төс белгілер таратылды. Қожаберген Толыбайұлының мұрасын жан-жақты насихаттап жүрген 98 адамға «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры тағайындаған «Елім-ай» жырына 300 жыл» деген атаулы медаль тапсырылды. Қожаберген жырау осыдан 300 жыл бұрын қазақ халқының тұтастығы мен бірлігі, тәуелсіздігі мен еркіндігі жолында жан аямай күрескен тарихи тұлға.
Жалпы, бұл игі іске серпін беретін ізгі шаралар оңтүстік өңірде басталып та кетті. Қасиетті Қаратаудың беласуына «Елім-ай» ән-дастанына еңселі тұғыртас орнатылды. Кез келген елдің тарихында өзінің қилы даму кезеңінен хабардар ететін ұлы өнер туындылары болады. Кейде онда баяндалатын көркемдік шындықтың тарихи шындықтан бәсі биік тұруы әбден мүмкін. «Елім-ай» да бұл тұрғыдан келгенде халқымыздың шерлі шежіресін шынайы шертіп, ел жүрегіне жеткізген бірегей туынды. Осы секілді қайсыбір жылы 1000 жылдығы тойланған қырғыз халқының «Манас» эпосын атап айтуға болады. Оның атына байланысты ел өңірінде есте қалатын елеулі істер атқарылды. Әуежайына дейін «Манас» аты берілді. Орыстар «Игорь жорығы туралы» жырдың (қыпшақ тарихына тұнып тұрса да) 800 жылдығын академик Д.Лихачевтің басшылығымен дүркіретіп өткізді. Әрине, бұған дейін бізде белгілі қаламгерлердің танымал туындыларындағы ел көңілінде жатталып қалған кейіпкерлерге ескерткіш, символдық бейнелер орнатылғаны белгілі. Осы орайда «Елім-ай» ән-дастанына арнайы тұғыртас қойылуы қоғамда елең еткізер оқиға ретінде қабылданып жатқанын кеуде толы қуанышпен айқайлап айтсақ керек. Ендігі жерде осы бір айтулы оқиғаға байланысты еліміздің өнердегі, ғылымдағы аса танымал тұлғалары мен қайраткерлерінің әйгілі туындының маңызы мен мұраты турасындағы тосын көзқарас, пікір ұсыныстары басшылыққа алынуы тиіс. Соның ішінде ғұлама ғалым Құлбек Ергөбектің ой-тұжырымдары айрықша ден қойғызады.
Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібековтің қарт Қаратаудың аңғарларында табаны тимеген жері жоқ шығар. Әйгілі тарихшы, этнограф бір заманда Қаратаудың басынан 62 бұлақ жарысып ағып, Сырдарияға барып құятынын айтады екен. Бүгінде соның екеуі қалған. Сырдарияға тақау Алқакөл, Иіркөл, Батпақкөл болған екен. Демек, Алқакөл атауына қатысты зерттеу жұмыстарын қолға алу қажеттілігі де өз өзінен сұранып тұр. Бұл ретте Мұхамеджан Тынышбаевтың «Ақтабан шұбырынды» атты мақаласында көрсеткен мәліметтерге де назар аударған дұрыс. Құлбек Ергөбектің бүгінде осынау Қаратаудан «елім-айлап» басталған оқиғаның осы өңірден өз бастауына қайта келіп, серпін алуында да символикалық мәні бар деуі де қисынды. Сондықтан оның түркі халықтарының ынтымағы, бірлігіне қызмет ете беретініне жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар бас баяндамашы Серік Негимов те «Елім-ай» жырының тарихи лексикондық сипатын саралап көрсетті.
«Елім-ай» ән-реквиемі, Қожаберген жырау және оның кезеңі ғылыми айналымға (Ә.Кекілбай) еніп, түбегейлі ғылыми зерттеу объектісіне айналғанына да он жылдан аса уақыт өтті. Бұл ретте академиктер М.Қозыбаев, С.Зиманов, С.Қирабаев т.б архив материалдарына, тарихи деректерге негізделген бұлтартпас зерделі еңбектерін айтпағанда, мына бір екі дерек айрықша назар аудартпай қоймайды.
Бауыржан Момышұлы «Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде біреуі қазақ жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Оның «Елім-ай» жыры – әскери дастан. бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен» десе, атақты тарихшы Ермұқан Бекмаханов та Қожаберген кезеңінің түбегейлі зерттелуі қажеттігіне тоқталады. Сонымен қатар С.Торайғыровтың «Құрбыма», Мәшһүр Жүсіптің «Даналарға» атты өлеңінде Қожабергенсіз сөйлемейді.
Әрине, жаңа кезеңде, жаңа уақытқа бет бұрған жаңа Қазақстан жағдайында туындап жататын түрлі пікірлерге, көзқарастарға, тіпті популистік ұшқары ойларға да сыйластықпен, түсіністікпен қарауға болады. Айтыстан ақиқат туады. Алайда сол шіркіндердің жоғарыда келтіріліп, сан мәрте тарихи деректермен дәлелденген жарияланымдарға ден қоймауы не болмаса өзінің бұлжымайтын дерек, дәйекке негізделген мақаласын ұсынбауы да ойландырмай қоймайды. Біз атап өткен азуын айға білеген, ғылымды тек қана ұлтқа қызмет ету деп білген академиктердің қазіргі күндегідей тапсырыс орындауы мүмкін де емес қой.
Аталған ізгі шараның басты атап айтар жаңалығы – «Елім-айға» орнатылған тұғыртас. Рух өлмейді, тарих жұрт жадында. Өз тарихын білген ел ешқашан жеңілмейді. «Мың өліп, мың тірілсе де» рухымен биіктей береді. «Елім-ай» – соның бір кемел көрінісі.
Қанат ДҮЙСЕНОВ,
«Жеті жарғы жәнеҚожаберген жырау»
халықаралық қоғамдық
қайырымдылық қорының бөлім басшысы