Қарғаның миы қайнаған аптап ыстықта Ақмола об­лысының бірнеше ауданы апталап, кейбірі тіпті айлар бойы ауызсусыз қалды.
Аптапта ауызсусыз қалды
955
оқылды

Та­мақ жібітетін тамшы суға зар болып қалған халық жер­гілікті билік пен құ­зырлы органдарға жанай­қайын жеткізгенімен, әзірге ауызсу мәселесі оң шешімін табар емес. Жергілікті әкім­дік­тер мен коммуналдық кә­сіпорындар сырғытпа жауап­тан басқа еш қарекет қыла алмаған. 

Өңірде су тапшылығы ежел­ден-ақ аса өткір тұрған бірнеше аймақ бар. Жылдар бойы судың зардабын тартқан халық шағы­мын жергілікті биліктен бастап Президентке дейін бірнеше мәрте көтерген. Әсіресе, Нұра топтық су құбыры жалғыз су көзі болып табылатын Егіндікөл ауданында  айлап мүлдем сусыз қалған ауыл-дар мәселені шешу үшін төтенше жағдай жария­лануын талап еткен. Мұнда Қор­ғалжындағы Сабынды көлінен басталатын 330 шақы-рымдық су құбыры Қорғалжын, Егіндікөл, Атбасар ауданындағы бірнеше ауылды кесіп өтеді. Құбырдың тоқсан пайыздан астамы тозығы жетіп, әбден шіріп кеткендіктен ауылдарға су мүлде жетпей қа­латын болған. Жақында дәлірек айтқанда, 2 маусым күні ауданда ауызсу мәселесін шешу мақса­тында Егіндікөл ауданында тех­ногенді сипаттағы төтенше жағ­дай жарияланды. Аудан әкімі Ерлан Мұхамединнің айтуынша, мұнда жөндеу жұмыстарын жүр­гізу үшін 16 миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Бұл қаражат облыс және аудан бюджетінде болмағандықтан Үкіметке өтінім жолданбақ.

Егіндікөл ауданынан бөлек, соңғы апталарда болған аптап ыстықта бірнеше ауданда мың-даған халық тамақ жібітерлік ауызсу таппай қиналды. Күні бү-гінге дейін сусыз отырған жұрт­шылық түйінді мәселенің ше­ші­мін әлі табылмай отырғанын ай­тып дабыл қағуда. Әсіресе, Ат­ба­сар ауданындағы мыңдаған жұрт­тың жағдайы мүшкіл. Аптадан астам уақыт бойы тіршілік нә-рінсіз қалған халық тіпті жуыну-ға да су таппай отырғанын жет-кізді.

– Міне, бір апта болды, Атбасар қаласында краннан мүлде су тамбайды. Ми қайнатқан аптап ыстықтарда бір тамшы сусыз отырдық. «Атбасар Су» дипспетчерлеріне хабарлассақ, «Кешіріңіздер, біз кө­мек­­тесе алмаймыз» деген жауап­тан әріге аспайды. Су тасығыш арнайы көліктер де келмей жатыр. Жұ-мыстан келген соң жуына да ал-маймыз. Міне, осындай жағ­дайда қалай өмір сүруге болады? Жер-гілікті билік те, басқасы да еш-қандай әрекет етіп жатқан жоқ. Осындай төтенше жағдайда біз қайтпекпіз? – дейді Атбасар қала-сының тұрғыны Ирина Петренко.

Атбасар ауданының әкімдігі су тапшылығын реттеу мақсатын­да жергілікті атқарушы ор­гандар мен коммуналдық кәсіп­орын қызметкері тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын жеткізді. 

– Бұл мәселе бойынша қалаға су беру үшін 12 су айдау ұңғымасы жұмыс істеп тұр. Жазғы уақытта су тұтыну көлемінің ұлғаюына байланысты әрі ауа температура-сының күрт кө­те­рілуінен көп-қабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында қысым төмендеді. Мәселені ше­шу үшін едәуір қуат-ты сор­ғылар орнатылып, резер-вуар­лардағы су қоры деңгейін көтеру мақсатында су сағаттап берілетін болды. 6 маусымдағы деңгей бойынша қалыпты жағдай 3,9 метр болу керек болғанымен, су деңгейі 1,7 метр ғана. Жағдайды те­зірек қалпына келтіру үшін қо­сым­ша 2 ұңғыма жасау бо­йынша шаралар қабылдануда. Аталған мәселе бақылауға алын­ған. Жер­гілікті атқарушы орган және қыз­мет көрсетуші компания жағ­дайды қалпына келтіру үшін тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр, – дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер. 

Аптап ыстықта өңірдегі ку­рортты аймақтарының бірі са­налатын зеренділіктер мүлдем ауызсусыз қалды. Су аудан орта­лығында аптадан астам уақыт бойы жоқ. Жергілікті тұрғын­дардың айтуынша, су осыған дейін де екі мәрте ажыратылған. 

– Енді үнемі осылай бола ма деген қорқыныш басым. Әкім­дікке хабарласып, ешқандай жағымды жаңалық ести алма-дық. Су қоры сақталатын резер-вуардың бос тұрғанын айтты. Мәселе жөндеу жұмыстары не­месе апат­тық жағдайдан емес, жұ­мыс іс­тейтін ешкімнің жоқ­тығы­нан сияқ­ты. Яғни, жаз бойы сусыз қалуымыз да әбден мүмкін, – дейді зеренділік тұрғындар. 

Аудан әкімдігі күннің қатты ысуына байланысты әрі халықтың суды көп тұтынуынан су қорының жетіспей қалып жатқанын мо­йын­дады. 

– Дала жұмыстарын жүргізіп жатқан «Сенім жер» ЖШС-ның жұмысшысы ұңғымалар мен сорғыларға қуат беруді қам­та­масыз ететін электр таратушы ба­ғанын құлатып кеткенінің сал-дары­нан су жинайтын мұнара мен резервуарларға су құйыл­мады. Жоғары температура мен халық­тың суды көп пайдалануы­нан су болмай қалды. Қазіргі сәтте бар­лық ақаулар жөнделді. Резервуар­ларға су толтырылып жатыр. Бірнеше учаскеде толық су беру үшін қысым жетпей жатыр. Дегенмен қысым кө­теріліп жақын арада су толық көлемде берілетін болады. Сондай-ақ су тасымалы да ұйым­дастырылады, – деді Зеренді ауданы әкімдігі. 

Біржан сал ауданының Макинка ауылы да апта бойы мүлде ауызсусыз қалған. Тұрғын­дардың айтуынша, ауызсу мұнда жылда жаз айында тапшы болады. Алайда жергілікті қызмет көр­сететін «Степняк-су» коммунал­дық кәсіпорны еш қарекет қыл­маған. Тіпті, тасымал су да жет­кізілмегенін айтқан тұрғындардың өкпесі қара қазандай. 

Біржан сал ауданы әкімдігі Макинка селосындағы су құбыр­ларының жиі жарылатынын әрі апатты жағдайда тұрғанын мо­йындады. 

– Тексеріс жұмыстарын жүр­гізіп, желілердің техникалық жай-күйін анықтау кезінде олардың апаттық жағдайда екені анық­талды. Осыған байланысты кон­курстық рәсімдер өткізіліп, Макинка селосында су құбыры желілерін қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама жасауға жеткізуші анықталды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат­тама жасалып жатыр. Жоба аяқ­талғаннан кейін қаржыландыруға өтінім берілетін болады, – дейді Біржан сал ауданы әкімдігінің ресми хабарламасында. 

Аудан әкімдігінің мәліме­тінше, су құбырлары 4 маусым күні жарылған. 6-7 күндері құбыр желілері қайта жарылыпты. Қазіргі уақытта сумен қамту үшін тасы­мал су ұйымдастырылғанын жеткізді. 

Ауызсу Көкшетау қаласының да Жайлау, Бірлік шағын аудан­дарында да ажыратылып тұр­ғындар сусыз қалған. Тұрғындарға жаз бойы су мезгіл-мезгіл тоқтап, тек кестемен ғана берілетіні ха­бар­ланыпты. Тұрғындар уәде берілген кестедегі уақытпен де судың беріл­мей жатқанын бар-жоғы жарты сағат сыздықтаған су берілгенін ашына көтерді. Сон­дай-ақ қаланың Жайлау шағын ауданы аптап ыстықта сусыз қалған. 

Шаһарды сумен қамтамасыз ететін «Көкшетау су арнасы» ком­муналдық кәсіпорны аптап ыс­тыққа байланысты су құбыры желісінде қуат тапшылығы бол­ғанын әрі суды көп тұтынып жат­қандықтан судың жеткіліксіздігін жеткізді. Кәсіпорын жуық арада су берілуін қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын жет­кізді. 

Жалпы, облыс аумағында су құбырын тартылуы тиіс болған ондаған ауылға бюджеттен мил­лиардтар бөлінгенімен, құбыр тартылуы орта жолда қалып қойыпты. Салдарынан, су әлі тар-тылмай жатқан елді мекендер де жетерлік. «Әділ­дік жолы» рес-публикалық қо­ғамдық бірлес-тігінің мәліметінше, «Монолит» және «Дәнекер» ком­паниялары өңірдің онға тарта ауылына бөлінген қаражатты ал­ға­нымен күні бүгінге дейін аяқта­маған. Бірқатары бойынша іс сотқа де-йін барған. Басты тіршілік көзінің мүшкіл жағдайын реттеуде жауапты органдар дереу әрекет етпесе, түйінді жағдай қашан ше­шімін табатыны белгісіз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы