Қоғамда талқыға түскен аяқкиім сүрткіштерді әкімдік бекер сатып алмаған көрінеді. Мұның бәрі тек сырттан келген қонақтар үшін деп түсіндіреді олар.
"Губкалар" үкіметтік және шетелдік делегация мүшелері үшін сатып алынған. Шенеуніктердің сөзінше, ол сүрткіштерді қонақ келген кезде әкімдікке тиесілі көліктерге салып қояды екен. Қонақтың аяқкиімін шаң басса, бюджет ақшасына алынған сүрткішпен тазалайды.
Аяқкиім сүрткіштерін сатып алуға 99 мың теңге жұмсалған.
"Бұл жақта ауа райы қолайсыз. 200 аяқкиім сүрткіш шамамен екі жылға жетеді. Қателеспесем, бір губка 458 теңге тұрады", – дейді Ақтөбе облысы әкімдігі Іс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Рыскелдин.
Бұған дейін ақтөбеліктерді шенеуніктердің тағы бір әрекеті таңғалдырған болатын. Олар 50 дана қолшатыр сатып алған. Бұл да аса қажет зат көрінеді, өйткені ресми іс-шаралар кезінде жоғары лауазымды тұлғалар күн мен жаңбырдан паналайды.