Колумбияда іздестіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанына 40 күн болғанда 4 бала аман табылды. Тірі қалғандар 1 мамырда апатқа ұшыраған Cessna 206 ұшағында болған. Ұшақ апаты салдарынан үш ересек адам қаза тапқан болатын, – деп хабарлайды Zakon.kz.
Ұшақ апатынан соң жоғалып кеткен 4 бала 40 күннен кейін аман табылды
1,278
оқылды

Колумбияда ну орман ішінен ұшақ апатынан кейін 40 күн өткенде 4 кішкентай бала аман табылды, – деп жазды ел президенті Густаво Петро Twitter-дегі парақшасында.

"Олар – джунгли балалары, енді олар Колумбияның балалары", – деп жазды Густаво Петро.

Сондай-ақ Густаво Петро желідегі өз парақшасында аман қалған балалар мен оларды тапқан әскери қызметкерлердің суретін жариялады. Төрт бала бір-біріне ағайынды болып келеді, ең кішісі –1 жаста болса, қалғаны 4, 9 және 13 жаста,  – деп нақтылайды SNN.

Сенбі күні таңертең Колумбия әуе күштері балаларды санитарлық көлікпен ел астанасы Боготадағы әскери-көлік әуе қолбасшылығына жеткізді. Оған дейін оларды ұшақта дәрігерлер тексерген.

Балалар әбден арып-ашып, қатты әлсіреген, масаға таланған.

Ұшақта бұлардан бөлек тағы үш ересек адам болған. Оның бірі – балалардың анасы Магдалена Мукутуй Валенсия. Үшеуі де ұшақ апатынан қаза тапты. Апат алдында ұшақ командирі жермен байланысып үлгерген. Колумбия президенті әскерилерді аяғынан тік тұрғызып, балаларды іздеуге жұмылдырды.