Ауызсу стансасының (ССС-3) бірінші кезеңі маусым айының соңында аяқталады
Астанада су құбырының жаңа тармағы іске қосылды
1,041
оқылды

Астанада үйлердің кранынан ағып тұрған ауызсу қысымы кешелі бері көтеріліп, жағдай тұрақтала бастады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

 

«Кешелі бері үйлеріңізде су қысымы артқанын байқаған боларсыздар. Осыған дейін айтқанымдай, қалада 2021 жылдан бастап Астана су қоймасынан су өткізетін құбырдың жаңа тармағы және ауызсу стансасы (ССС-3) салынып жатыр. Кеше су құбырының жаңа тармағы іске қосылды. Бұл тұрғын үйлердегі ауызсудың тиісті қысымын және жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді», - деп жазды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, ауызсу стансасының (ССС-3) бірінші кезеңі маусым айының соңында аяқталады. Осыдан кейін қалада су тапшылығы мәселесі толық шешіледі.

«Құрылыстың екінші кезеңі тамыз айында аяқталады, бұл алдағы 3-4 жылға қажетті қосымша су беру қуатын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекенінде ССС қуатын кеңейту бойынша жобалау жұмысы аяқталып қалды. Бұл жобалар алдағы уақытта Астананы ауызсумен қамтамасыз етуге қажет қосымша қуат береді», - делінген әкім жазбасында.