ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Абай ауданындағы өртте қаза тапқан орманшылардың суреттерін жариялады.
Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқандардың суреттері жарияланды
3,834
оқылды

Экология министрі Зульфия Сүлейменова фотосуретті Facebook парақшасында бөлісті.

"8 маусым күні сағат 22.00-де біз “Семей Орманы” МОТР-ның Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзілді. 9 маусым күні сағат 13.00-де бізге үш мәйіттің табылғаны туралы хабарланды. Біз ғажайыпқа сендік, бірақ ол орындалмады. Бүгін жоғалған 11 адамның мәйіті табылды",  деп жазды министр өз жазбасында.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі бес адамды таныды:

1. Серікжан Тоқтасын, 27 жаста

2. Александр Сидорин, 39 жаста

3. Саят Нұржігітов, 51 жаста

4. Алексей Губаев, 30 жаста

5. Амангелді Дүйсембаев, 59 жаста.

Өрт аймағынан табылған тағы 9 адамның жеке басы анықталып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 9 маусым күні таңертең өрттің ауданы шамамен 30 мың гектарды құрады. Алайда кешке оның ауданы 60 мың гектардан асты. Семейде өртке байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. 9 маусым күні кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинға Абай облысына өрт орнына баруды тапсырды. Сонымен бірге 9 маусым күні кешке үш адам қайтыс болғаны белгілі болды. Кейін Семейдегі өрт кезінде қаза тапқандар саны 14-ке жетті.

Ақпарат көзінің хабарлауынша, техника жетіспеген, өрт кеш сөндіріле бастаған, өрттің таралуы туралы қате болжам жасалған.

Абай облысындағы өртті сөндіруге әскерилер тартылып, оқиға орнына Қорғаныс министрі барғаны белгілі болды. 

ҚР Экология министрлігі Абай ауданындағы өрт және 14 адамның өлімі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.