Бүгін эвакуацияланған балалармен кездесу үшін Абай облысына жол жүреді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Абай облысына барады
840
оқылды
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалған Динара Зәкиева алапат өрттен зардап шеккен отбасылардың жағдайымен танысу үшін Абай облысына барады. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде хабарлады.
 
"Бүгін Мемлекет басшысы мені Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындады. Қасым-Жомарт Кемелұлының маған артқан сенімі үлкен жауапкершілік деп білемін. Бұл балалық шақты қорғау, отбасыларды қолдау саласындағы жағдайды жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Бұған бар күш-жігерімді саламын. Қазір жекеме сұрақтар мен ұсыныстар келуде. Ұсыныстарыңыздың барлығын да қарастырамын деп уәде беремін. Әрдайым ашықпын. Осы жерге жеке телефон номерімді қалдырамын. (тел: 8 705 884 70 40) Өтініш, хабарламаны жазба түрінде тек уатсапқа қалдырсаңыздар. Міндетті түрде жауап беремін", – деп жазды ол.
 
Сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бүгін эвакуацияланған балалармен кездесу үшін Абай облысына жол жүретінін айтады.
 
"Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларды оқыту мәселесі бойынша арнайы тапсырма берген болатын. Бала – баршамызға ортақ. Бала – бақытымыз. Баланың құқығын қорғау әрқайсымыздың міндетіміз. Әрбір бала ата-анасының бүгінгі жағдайына қарамастан, бақытты болуға лайықты. Менің жұмыстағы басты ұстанымым – осы", – дейді «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрайымы Динара Зәкиева.