Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік бірқатар шара қабылдауда.
Семей орманындағы өрт: асыраушысынан айырылған балаларға сабаққа барарда бар жағдай жасалады – министр
953
оқылды

Абай облысында орман өрті болған аумақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күш жұмылдырылуда. Осы күндері министрліктің аумақтық департаментінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және облыстық Білім басқармасының өкілдері балалармен жұмыстар жүргізуде. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook парақшасында мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік бірқатар шара  қабылдауда. Оқиға болған аймақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күш жұмылдырылуда. Осы күндері министрліктің аумақтық департаментінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және облыстық Білім басқармасының өкілдері балалармен жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасына асыраушысынан айырылған отбасылармен жеке кездесіп, балалардың психологиялық кеңес алуына, жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалуына барлық жағдайларды ұйымдастыру тапсырылды.

Қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған тұрғындардың арасында 64 бала бар. Бүгінде олар отбасыларымен бірге Семей қаласындағы екі колледж ғимаратына орналастырылған.

Сондай-ақ эвакуацияланған 9,11-сынып түлектерінің қорытынды емтиханды кедергісіз тапсыруы үшін барлық жағдай жасалуда, мектеп бітіру емтихандары Семей қаласында ұйымдастырылады», – деп жазды министр.

Одан бөлек, ведомство басшысы апат салдарынан асыраушысынан айырылған отбасы балалары жаңа оқу жылында білім алуын еш кедергісіз жалғастыруы үшін мектеп формасымен, қажетті оқу құралдарымен және ыстық тамақпен қамтылатынын айтты. Балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің үнемі бақылауында.