Бұл мәліметтерді бүгін ҚР Экология және табиғи ресрустар министрлігі Telegram каналына жариялады.
Экология министрлігі Абай облысындағы өрт туралы: елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ
959
оқылды

Қазіргі уақытта Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Минералдандырылған жолақтар жасау жұмыстары қиын болуына байланысты тоқтатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ.

Бұл мәліметтерді бүгін ҚР Экология және табиғи ресурстар  министрлігі Telegram каналына жариялады.

Өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам бірлік техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет су төгілді, жалпы көлемі 2 000-нан астам тоннаны құрайды.

Кеше метеожағдайдың өзгеруіне байланысты (желдің екпіні секундына 18 метрге дейін) өрт төменгі бөлікте өрбіп,  өрт ошағынан Талица ауылына (тұрғындар алдын ала эвакуацияланды) қарай бағыт алып, ауылды қорғауға өрт техникасы жұмылдырылған болатын. Өрт Талица ауылының шығыс жағынан далаға қарай өрбіп, өрт сөндірілді.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнынан өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіруде.

Қазірге дейін жедел желіге 104 қоңырау түсті. ТЖМ және ТЖД жедел желі телефондары: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31.

«Қазгидромет» АҚ деректері бойынша, 11 маусым күні жауын-шашынсыз, солтүстік-батыс, солтүстікте 9-14 м/с жел, екпіні 15-20 м/с болады деп күтілуде, күндіз ауа температурасы 25-30 градус. 

13 маусымда жауын-шашынсыз, солтүстік-батыс, солтүстікте 9-14 м/с жел, екпіні 15-20 м/с дейін болады деп күтілуде, ауа температурасы түнде 12-17 градус, күндіз 27-32 градус.