Кеше кезекті рет мем­лекеттік Ту түсіріліп, Ұлттық аза тұту күні жария­ланды. Қалың қазақ Семейдегі орман өртінде шейіт кеткен арда азаматтарын жоқтап, қара жа­мылды. Тұңғыш рет ел Президенті билік атынан кешірім сұрады.
Абай аймағындағы апат
960
оқылды

Оған Абай облысындағы алапат өрт себеп болды. Онсыз да орманы ұлтарақтай Қазақ­станда 60 мыңнан астам гектар жасыл желекті от жалмады. 

Жедел штаб мәліметінше, «Семей орманы»  резерватында өртті сөндіру кезінде Успенское орманшылығының 14 қызметкері қаза тапты.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен Абай облы­сындағы төтенше жағдайда  ерлік көрсетіп,  жанқиярлық таны­тып, қызметтік борышын атқару кезінде шейіт болған бір топ орман­шыны «Құрмет» орденімен марапаттады. Өкініштісі, олардың ешқайсысына да бұл награданы өз қолымен ұстап, кеудесіне тағу бақыты бұйырмады.

Бірақ өрт құрбандарының саны одан көп болуы мүмкін. Себебі өртті сөндіруге тиісті құрылымдардың қауқары жетпеген соң бұл іске жергілікті тұрғындар тартылды. Қазірдің өзінде тағы бір адамның із-түссіз жоғалып кеткені анықталды. 

Абай облысындағы ауыр ахуал көпшіліктің көкейінде көптеген сауал туғызды. Мысалы, 2022 жылғы қыркүйектің басында Қостанай облысында ірі табиғи өрт болып,жалын шарпыған өңірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барған. От жалмаған ауылдардың үстінен ұшақпен аралап, соңынан эвакуациялық пунктте зар­дап шеккендермен кездесті. Үкіметке мұндай масқараға енді жол бермеуді нықтап тап­сырды.

Енді міне, арада 9 ай өткенде Мемлекет басшысына қайтадан барлық жоспарын бұзып, Абай облысына арнайы сапарлауға, лапылдап жанған даланы үстінен тік ұшақпен бақылап, өрт құрбандарының жақын-жуықтарына көңіл айтып, кешірім сұрауға тура келді. Неге Үкімет былтырғы оқиғадан сабақ алмады? Құтқарушылардың жасау-жабдығы апатпен арпалысқа неліктен дайын болмағаны түсініксіз. Төтенше жағ­дай кезіндегі жергілікті және орталық мем­лекеттік органдардың жедел әрекет ал­­горитмі де іс жүзінде түкке жарамай қалды. 

Абай өңіріндегі өрт толық сөндірілген жоқ. Тек жалынның беті қайтқандай. ТЖМ ха­барлауынша, елді мекен­дерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті сөн­діруге ТЖМ, Орман шаруашылығы ко­митетінен, жергілікті әкімдіктерден және Қорғаныс министр­лігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылды­рылған. Апат аумағын барлау және әуеден су төгу үшін 14 тікұшақ тартылған. Өртті сөндіру жұмыс­тары басталғалы аспаннан 1017 рет жалпы көлемі 3 мыңнан астам тонна су төгілді. Төтенше жағдайлар ми­нистрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнында өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіріп жатыр.

Үйлесімді әрекет жетіспеді

Бұл оқиға Үкіметтің ісіндегі жүйе­сіздікті әшкерелеп берді. Абай облысын­дағы табиғи өрттер мамыр айында бас­талды. 2023 жылғы 22 мамырда сағат 15:13-те бақылау мұнарасының өрт кү­зетшісі «Семей орманы» табиғи резерва­тының аумағындағы қою түтінді байқайды. Кейін анықталғандай, өрт Ресей аумағынан Қазақстанға ауысқан.  

24 мамырда бірінші вице-премьер Роман Скляр Абай облысының Бородулиха ауданында табиғи өртті сөндіру бойынша ТЖМ базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізді. Сонда Үкімет Абай облысындағы табиғи өрттен елді мекен­дерге төнген қауіп жойылғанын мә­лімдеді. Өртті оқшаулау және жою бойын­ша бар­лық қажетті шара қабылданып жат­қаны айтылды. Жалын жайлаған ай­мақтың жалпы ауданы ол кезде 3,5 мың гектарға жетті. Жақын ауылдардан 300-ге жуық адам өз бетінше босып кетті. Содан Бо­ро­ду­лиха ауданында төтенше жағдай жария­ланады. Орман өртін сөндіруге 201 техника, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмыл­дырылған. 

Абай облысындағы мамырдағы өртті сөндіруге ТЖМ сыртында, Ішкі істер, Экология министрліктерінің, ҚТЖ, жер­гілікті әкімдіктердің және облыстың ком­му­налдық қызметтерінің жұмыскерлері жұмылдырылды. Кәсіби өрт сөндірушілер барлық жерде жетпейді. Демек, өртті өршітпей, оның алдын алу бірінші кезекті басымдық.

Негізі, бүгінде ғарыш кеңістігінде қа­зақстандық бірнеше жерсерігі қалықтап жүр. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы республикалық бюджеттік бағдарлама аясында, өрт қаупі төнетін маусымда жерсеріктер көмегімен респуб­лика аумағын үнемі шолып, орманды дала өрттеріне ғарыштық мониторинг жүр­гізуге міндетті. Ұлттық компанияның түсінді­руін­ше, күн сайын, тәулігіне 8 ретке дейін өрт ошақтарының координаты анықталады және орманды дала алқап­тарының өр­тенген учаскелері туралы онкүндік ақпарат ұсынылады. Олар Экология және табиғи ресурстар минис­тр­лігінің Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің және ТЖМ-нің салалық геосер­вистеріне түсетін көрінеді. Яғни, солардың қызмет­керлеріне қолжетімді.

Алайда Экология министрлігінің ха­бар­лауынша, Абай облысындағы резерват аумағындағы жаңа өртті 8 маусым күні, таңғы 10 шамасында «Қазавиаорманқорғау» патрульдік тікұшағы анықтаған.

Алгоритм бойынша «Қазавиаор­манқорғау» филиалдары, яғни орман­шылар тілсіз жаумен алысуға ең әуелі өздері шы­ғады. Бірден ТЖМ ша­қырмайтын көрінеді. Өрттің аумағын білу үшін ға­рыштық түсірілімдерге жүгінеді. Қосымша күш қа­жет болса ғана төтенше жағдайлар ве­домство­сына хабарласады.

Экология министрлігі сол 8 маусымда-ақ облыстағы өрт қауіпінің 5 сыныбы белгіленгенін алға тартты. Өршелене соқ­қан екпінді жел де жалынның қарқынды жайы­луына ықпал еткен. Өртке қарсы ша­раларды жедел ұйымдастыру мақсатын­да Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басшылығы оқиға орнына бірден аттаныпты. Артынша бұл оқиға Президенттің назарына іліккен соң оқиға орнына өзінің бірінші орынбасары Н.Шәрбиевті ертіп, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жол тартқан. 

Тағы бір жайт назар аудартады: 9 маусымда Абай облысындағы өрттің бой бермей кеткенін, онда орман шаруашы­лығының үш қызметкері қаза тауып, тағы 11 қызметкер жоғалғанын білген Пре­зидент Қ.Тоқаев шұғыл тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұ­мыстарын басқару міндетін жүктеді. Алайда ертесіне, 10 маусымда Президент өз Жарлығымен Ильинді дереу отставкаға жіберді. Ал жаңа министр лауазымына та­ғайындала сала, бірден апат орнына аттанып кетті. 

Өрт шыбықпен сөнбейді

Келесі бір тосын жайт. Өрт маусы­мының басында, биылғы 16 мамырда Үкімет отырысын өрт қаупі бар кезеңге дайындық шараларына арнаған Премьер Әлихан Смайылов табиғи парктер мен қорықтарда өртті ерте анықтау жүйесін белсенді ен­гізуді тапсырды. Жүйе жедел енгізілгенде, өрт осынша апатты ауқымға жетпес пе еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалып, жауаптылар оны залдан шыға ұмытқанға ұқсайды. 

Сол отырыста төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшім­баев министрліктің кез келген жағдайға дайын екендігіне сендірді. Оның мәлі­метінше, өңірлер алдын алу іс-шараларын іске асыруға кірісті: ұлттық парктер мен табиғи қорық­тар тексерілуде, өрт сөндіру құралдары түгенделіп, алдын алу шаралары түсін­дірілген. Әкімдіктер 590-нан астам өрт сөндіру бекетін құрды. Олар 2 млн тұрғыны бар 2 мыңға жуық елді мекенді өрттен қорғайды. 4 мың еріктіден өртке қарсы құрылымдар жасақталды. 

Әрине, бәріне ТЖ мамандарын айыптай беруге болмайды. Оның үстіне, төтенше жағдайлар саласы, соның ішінде өртпен күрес қызметтері қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылды. Оларға билік бөлген қаражат жабдықтарды жаң­ғыртпақ түгіл, жалақыны көтеруге жет­пейтін. 

Мысалы, қаза тапқан орманшылардың туыстары өзімен кездесуге келген Прези­дентке орман шаруашылығына қатысты арыз-шағымдарын айтты. Олардың мә­ліметінше, резерваттың материалдық-техникалық базасы сын көтермейді, ор­маншылардың еңбекақысы аз, қызмет­керлерді әлеуметтік қорғау шаралары көңіл көншітпейді.

Былтыр күздегі Қостанайдағы өрттен бері саланың жабдықталуы күрт жақсарып кетті деп айту қиын. Мысалы, биылғы мамырдағы сол Үкімет отыры­сында ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Күл­шімбаев төтенше жағдайды жоюға тар­тылатын әуе кемелері үшін жаңа су ша­шатын құрыл­ғыларды сатып алу мәселесі әлі күнге пы­сықталып жатқанын алға тартты. Демек апат үшін ТЖМ айыпты деп танылса, құтқарушылар сұраған қаржыны бермей, саладағы ахуалды осындай ая­нышты жағдайға жеткізген Ұлттық эко­номика, Қаржы министрлігіндегілер сүттен ақ, судан таза. 

Шынында Үкімет биыл тілсіз жауға тегеурінді қарсылық таныту қажеттігін өте жақсы білді. « Қазгидромет» биылғы жаз­дың жылдағыдан ыстық әрі құрғақ бо­латынын ескерткен. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Тіпті, шетелдік мамандар да Қазақстанда температуралық аномалиялар тіркеліп жатқанын ескертті. Басқа жағынан, алғашқы ірі өрт сол кезде тұтана бастады. Мамыр айының басында Медеуде, Іле-Алатау ұлттық паркінде болған өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков қаза тапты. Үкімет басшысы күн жылына бастағалы елімізде 120-дан астам табиғи өрт тір­келгенін білетінін айтқан. 

Білсе, Үкімет барлық қаржылық ре­сурстарын Абай өңіріндегідей зұлмат пен нәубеттің алдын алуға жұмылдыруы тиіс еді. Олай болмаған соң, енді бет қаратпас жалынмен арпалысқа түсуге мәжбүр. 

Қостанай облысында былтыр болған өрт кезінде әшкереленгендей, тілсіз жауды тез арада сөндіру үшін Экология мен табиғи ресурстар және Төтенше жағдайлар министрліктері орман алқаптарының маңында су көздері мен өрт тоғандарын дайындауы қажет еді. Ол су қоймаларына баратын жол да реттелуі шарт. Сонда одан тікұшақтар да, өрт сөндіру техникалары да су ала алар еді.

Үрейлісі сол, Шығыс Қазақстан – еліміздегі ең сулы өлке. Қазақстанның бүкіл су ресурстарының 59 пайызға жуығы шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерімізде шоғырланған. Онда шөлді, шөлейтті, қуаңшылықты өңірлердің хәлі не болмақ? Сол қалпымен отқа орана ма?

Мамандардың айтуынша, Абай облысындағы екпіні қатты өкпек желдің кесірінен өрт жолақтарды, жасанды кедергілерді кесіп өтіп, орманға, елді ме­кенге қарай оңай жылжыған. Жаһандық климаттың өзгеруі, тем­пературалық ано­малиялардың жиілеуі территориясының 70 пайызға жуығын шөл және шөлейтті жерлер құрайтын Қазақстаннан төтенше жағдайлармен күрес саласына мол қаржы бөлуді талап етеді. Әйтпесе, Абай облы­сында орта ғасырлардағыдай, өрттің шеттерін, етегін шыбықпен сабалап, оған топырақ шашып жүрген өрт сөндіруші­лердің әрекеті тым аянышты-ақ. 

ТЖМ де, Экология министрлігіне қарасты «Қазавиаорманқорғау» да негізінен кеңестік, ресейлік шағын тік­ұшақ­тармен жабдықталған. Дамыған ел­дердің тәжірибесі мен техникасын игерген жөн. Бірақ барлығы қаржыға тіреледі. Үкімет резервінен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жұмыстарына тартылатын тікұшақтарға 26 жаңа су шашу құрылғысын сатып алуға 623 млн теңгедей бөлінді. Үкімет дерегінше, құтқарушылардың әуе паркі өрт сөндіру, адамдарды қауіпті аймақтардан эвакуа­циялау және басқа ТЖМ міндеттерін орындауға бейімделген Ми-8 тікұшақта­рымен толықтырылады.

Ең бастысы, Жер қызуы көтеріліп бара жатқан, табиғи апаттар және геосаяси қақтығыстар өршіген заманда құтқару­шылардың, өрт сөндірушілердің қызметіне деген көзқарас өзгергені, құрмет артқаны жөн. Ел Президенті биліктегілердің кәсіби салғырттығын, адамдардың тағдырына бей-жай қарайтынын сынап, төтенше жағдайлармен күресті күшейту бағытында сапалы, дұрыс жұмыс атқарылмағанына назар аударған. Бұған дейін қолға алын­баған іске енді серпін беріле ме?

Елдос СЕНБАЙ