Білімі мен тәжірибесінің арқасында бір емес, бес облысты басқарды. Ұзақ жыл бойы Үкіметте қызмет атқарған, мемлекеттің дамуына айрықша үлес қосқан асыл азаматтың қазасы қабырғамызды қайыстырды.
Ұлттың өркендеуі үшін қызмет еткен тұлғадан көз жазып қалу – бір отбасының ғана емес, бүкіл қазақ жұрты үшін де ауыр қайғы.
Елдің алғысына бөленді...
Бердібек Мәшбекұлы өмірден өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Календеров бастаған жамбылдық азаматтар барып, көңіл айтып қайттық. Ұлттық опера және балет театрында қоштасу рәсімі өтті. Республикамыздың Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жерлеу рәсімі биік дәрежеде ұйымдастырылды. Республикамыздың Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жерлеу рәсіміне бастан аяғына дейін қатысып, Президенттің көңіл айту хатын жеткізді. Жерлеу рәсіміне халық өте көп жиналды. Асыл азамат, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы республикамыздың өркендеп, өсуіне үлкен үлес қосты. Қай жерде жұмыс істесе де, халықтың алғысына бөленді. Осындай ел құрметіне ие болған Бердібек Мәшбекұлының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
қоғам қайраткері
Халықшыл тұлға еді
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік маңызды қадамдар жасап, Сыр өңірінің көшбасшы орындардан көрінуіне зор ықпал ете білген бірегей тұлға еді. 1995-1999 жылдары Қызылорда облысы әкімі лауазымы атқарған тұста талай игі бастамаға ұйытқы болып, өңірдің өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін көз көрді.
Жылдар жылнамасына зер салсам, Бердібек Мәшбекұлы Қызылорда облысын басқарған жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұралаған салалардың тынысын ашып, халықтың тұрмыс-жағдайын түзеуге зор ықпал жасағанын көруге болады. Қиын кезеңде оңтайлы шешім қабылдап, өңірдегі барлық саланың жанданып, күрішті аймақтың көркеюіне көп күш жұмсады.
Сол кезең Сыр өңірінде өндіріс орындары тұралап, фабрикалар жарым-жартылай жұмыс істеп тұрған қиын шақ болатын. Әсіресе, өңірде ауыл шаруашылығы саласы тұралап тұр еді. Осы уақытта облыс әкімі лауазымына тағайындалған Б.Сапарбаевқа артылған сенім жүгі жеңіл болмады. Саяси тұлға дер уақытында шұғыл шараларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп, 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдетуге бағытталған бағдарламаны қабылдады. Осыған орай облысты дамытудың ортамерзімді бағдарламасы негізінде тереңдету жұмыстары жедел қолға алынды. Нәтижесінде, инфляция деңгейін 40 пайызға төмендетіп, өнеркәсіп өнімінің деңгейін 41 пайызға арттыруға қол жеткізді. Қызылордаға арнайы экономикалық аймақ мәртебесін берумен айналысты.
Жарты ғұмыры ат үстінде өткен азамат қарапайымдылығымен де халықтың көңілінен шыға білді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізді. Әрдайым бұқара халықпен етене байланыста бола білген саяси тұлға елдің әлеуметтік мәселелерін шешумен жұртшылықтың жадында сақталып қалды. Білікті басшының қай қызметте, қай өңірде болса да, сол өңір халқының қызметінен қимастықпен шығарып салуы осы сөзімізге толық дәлел.
Мемлекеттік қызметте 40 жылдан астам қызмет еткен. Талай сатыдан өтіп, еліне еңбегі еленген азамат еді. Тәуелсіздік алған жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, вице-министр, Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Экономика ғылымдарының докторы, әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі дәрежесіне ие болды. Соңғы жылдары QazBioPharm ұлттық биофармацевтика холдингінің директорлар кеңесіне де жетекшілік етіп, абырой тұғырынан түскен жоқ.
Сапарбаев – тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында бес облысты басқарған саяси тұлға, халықшыл азамат ретінде көңіл түкпірінде қонақтап қалды. Елі үшін еміренген елжанды азаматтың 71 жасқа толған шағында келместің кемесіне мініп, бақилық болғаны жанымызға батты. Елі қолдаған ер, елін құрметтеген азаматтың мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырды.
Көзкөрген азаматтың отбасына, туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамын. Марқұмның рухы пейіштің төрінде шалқысын!
Қожахмет БАЙМАХАНОВ,
қоғам қайраткері
Қызылорда облысы
Оның жұлдызы жарық...
Ел басқарған әкім көп. Бірақ елдің есінде қалатындары некен-саяқ. Сол некен-саяқтың бірі – Бердібек Сапарбаев. Бес облыста әкім, министр, вице-премьер, тағы басқа жауапты қызметтер атқарған Бердібек Мәшбекұлы қайсы лауазымда да абыройына дақ түсірмеген, адалдықтың, ар-намыстың туын жықпаған нағыз мемлекетшіл тұлға бола білді. Ол үнемі күрмеуі қиын күрделі учаскелерде қызмет етті десек, артық айтқанымыз емес. Соған қарамастан мәселені байыппен шешіп, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, қиыннан қиырға жол таба білген нағыз іскер, талапшыл, таразының басын тең ұстаған басшы бола білді.
Б. Сапарбаев 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып келген уақыт өңірдің өзегі талып, өкпесі өшіп тұрғандай ауыр кезең еді. Өндірістер тоқтап, шаруашылық шатқаяқтап, тірлік тұралап, жұмыссыздық жолды бөгеп тұрғанын былай қойғанда, ауыл түгілі облыс орталығы Шымкентте не жарық, не жылу, не газ жоқ еді. Көше де, үйлер де тасқараңғы. Көпқабатты үйлердің тұрғындары далаға, жерге тас, кірпіш қалап, жер ошақ жасап, төңіректен ағаш, бұта теріп жағып, қазандарын қара күйеге қаптырып, тамақ дайындап ішуге мәжбүр болған. Сол кездері бес қабатты үйде тұратын біз де көршілермен бірігіп, бір қазан көтеріп (отынды үнемдеп), ортақ көже пісіріп ішкен күндерімізді әлі ұмытпаймыз. Қыстың суығында жылусыз азынаған үйде сырт киімімізді шешпей, төсекке қалың киімімізбен, қос қабат көрпе жамылып жатқан күндер де өтті. Міне, дәл осындай қиын-қыстау кезеңде, тұрмыстың тығырыққа тіреліп тұрған кезінде, соған сай ел ашынып, жұрттың жүйкесі жұқарған шарасыз шағында халықтың жан-жақтан жамыраған талабы мен қалауын табу жаңа келген әкімге оңай соқпағаны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, осындай қысылтаяң кезеңде етектен тартқан бөрідей әкімді тобықтан шалып, шабаланып шаужайына жармасқандар да болмай қалған жоқ. Бірақ Бекең ондайлармен айтысып-тартысып, уақыт кетіруді жөн көрген жоқ. Оның бар мақсаты қалайда қордаланған проблемаларды шешу болатын. Өзбекстаннан келетін газды, Жамбыл облысы арқылы қырғыз елінен жететін электр энергиясын үкіметтік деңгейде шешудің күрделі жолдарын таба білу арқылы арқаны құрсаулаған ауырлық бірте-бірте жеңілдей бастады. Сөйтіп, Шымқалаға қайтадан сәуле, шаңырақтарға шырай, адамдардың жүзіне нұр кірді. Жарықсыз, жылусыз, газсыз отырған күндер артта қалып, енді бұқаралық игілікті шаралар ұйымдастырыла бастады. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында облыс әкімінің бастамасымен қайырымдылық шаралары қолға алынды. Сондай игі шараға сол кезде Байдулла Қонысбеков басқаратын облыстық телевидениенің «Ақ желкен» балалар хабары арқылы телемарафон өткізіліп, қайырымдылық шарасынан облыстық «Қорған» қорына 1 миллион теңге қаржы жиналғаны есімде. Есімде қалған себебі, сол хабарды жүргізуге атсалысқан «Ақ желкен» балалар хабары жүргізушісінің бірі, менің 7-сыныпта оқитын ұлым Шапағат Орынбаевқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың берген алғысхаты бүгінде азамат болып кеткен балам үшін әлі күнге ең үлкен марапат саналады. Қалталы азаматтардан, аудан-ауданнан там-тұмдап жиналған 1 миллион теңге дегеніңіз – ол уақытта қыруар қаржы. Мұның өзі сол қиын кезеңнің бір мысалы ғана. Бердібек Сапарбаев шығармашылық адамдарына үлкен қолдау көрсетіп, оларға қамқорлық жасаған бірден-бір әкім. Зиялы қауым деген дардай ат-абыройы болғанымен, тек қалам-қағазынан басқа байлығы жоқ, үй-күйсіз, жағдайсыз жүрген қаншама ақын-жазушы, журналистер дәл осы Бекең облысқа басшылық жасаған жылдары баспанаға ие болғанын баса айтуымыз керек. Яғни, Мәдениет жылы атанған 2000 жылы өңірдегі қалам ұстаған қауым мен мәдениет саласының қызметкерлері арасындағы баспанасыз жүрген қаншама азаматқа кезінде қараусыз қалған жатақханаларды жөнге келтіріп, пәтер етіп, бөліп берген осы Бекең болатын! Мұны сол жатақханалардан шаңырақ тауып, отбасын өрбіткен жандар қамқор әкімнің жақсылығын әлі күнге жыр етіп айтады.
Әрине, Бердібек Мәшбекұлының өңірімізде басшы болған үш жылы ішінде қыруар шаруа қисынын тапты. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Ең бастысы, Оңтүстік халқы Бердібек Сапарбаевты ең қиын кезеңде ел еңсесін көтеруге күш салған, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, бар күш-жігерін жұмсаған, жанкештілікпен еңбек еткен қажымас қайраткер басшы ретінде ұмытпайды. Бекеңнің бұдан кейінгі жылдары атқарған қызметтері мен бейнетті еңбегін жұрт жақсы біледі. Ол кісі бүкіл саналы ғұмырын елдің жарқын тұрмысы үшін тынымсыз әрекетпен өткерген АДАМ! Адамдардың алғысын, халқының батасын алып, енді ғана демалысқа шыққанда қайраткер тұлғаның демі үзілгені өте өкінішті, әрине! Бірақ жақсы адамның артында сөнбейтін жарық жұлдызы қалады. Сол жұлдыздың бірі Бердібек Мәшбекұлының жұлдызы дер едім!
Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Шымкент қаласы
Елінің бағын ашуға қызмет еткен тұлға еді
Бердібек Сапарбаев туралы көңіл айтып жазу өте қиын. Жүрегіміз ауырып, қабырғамыз қайысып отыр. Соңғы рет мен Бердібек Мәшбекұлымен 5 наурыз күні кездескен едім. Сол күні Бердібек аға республикалық сайлауалды штабтың мүшесі ретінде Таразға келіп, екеуміз Жамбыл облысының бірнеше ауданын аралап, халықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Елімізде болып жатқан саяси реформаға байланысты өз ойымызбен бөлістік. Бұл соңғы кездесуіміз екенін білмедік.
Бердібек Мәшбекұлы туралы көп айтуға болады. Адамшылық, адамгершілік, ізгілік кез келген пенденің өміріндегі биік мұраты болса керек. Көп пенденің бірі болып өмір сүру бар да, нағыз адам болып өмір сүру тағы бар. Өкінішке қарай, пенделерге қарағанда нағыз адамдардың саны тым аз. Бердібек Мәшбекұлы пенделіктен өзін биік ұстап, адамгершіліктің биіктігіне жеткен тұлға еді. Ол үнемі қайнаған өмірдің ортасында жүрді. Премьер-Министрдің орынбасары, министр, 5 облыстың әкімі – осындай еңбектің арқасында үлкен абырой жинап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты басшы, үлкен жүректі ұстаз ретінде елдің зор құрметіне ие болды.
Әнет бабаның Қазыбек биге берген батасында келесі сөздер бар:
«Балам, әкім деген сөзді ұмытпа:
«Ә» деген әміршіл болма, әділ бол,
«К» деген – кекшіл болма, көпшіл бол,
«І» деген – іріткі салма, ізетті бол,
«М» деген – менмен болма, мейірбан бол».
Әкімге қажетті осы қасиеттің барлығы бойында бар еді. Оны халық жақсы біледі.
Әрине, Бердібек Мәшбекұлының өмірінде қиын кезеңдер де болды. «Тырнақтың астынан кір іздеп», аяғынан шалғысы келгендер де кездесті. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!»
Сол сияқты Бердібек Мәшбекұлының сағын сындырамын дегендер де болды. Өмірдің осындай қиын сәттерінен адалдық, ашықтық, әділеттілік сияқты ұстанымдарының арқасында ол үлкен абыроймен өте білді. Өзінің барлық өмірін халықтың бағын ашуға арнады.
Елімізге бергені аз емес. Әлі де беретіні бар еді. Өкінішке қарай, ортамыздан бақилық өмірге кетіп қалды. Артында басшы және ғалым ретінде жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру – біздің парызымыз.
Бердібек Мәшбекұлының дана және дара тұлғасы халықтың есінде мәңгі сақтала бермек.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
профессор
Дана ұстаз мәңгі есімде қалады
Бердібек Сапарбаев шығысқазақстандықтардың және барша елдің ыстық ықыласына бөленіп, елінің мейлінше түрлене түсіп, гүлденіп, көркеюіндегі өлшеусіз еңбегін нық сеніммен айта аламыз.
Шығыс Қазақстан мен Өскеменде қызметімді бастаған тұста Бердібек Мәшбекұлымен тонның ішкі бауындай біте қайнасып, бірге қызмет еттік. Дана ұстаз және тәлімгер ретінде мәңгі есімде қалады.
Билік саласындағы мол тәжірибесін, білім-білігін, қажыр-қайратын қайтсем де облыстың атақ-абыройын асқақтатамын деген мақсатқа арнады, халыққа қызмет етіп, Қазақстанымызды жан-тәнімен сүйді.
Амал нешік, ажал ғайып тамаша адамды ортамыздан алып кетті.
Осы азалы сәтте марқұмның отбасына, туған-туыстарына, бүкіл ел жұртшылығына қайғыра көңіл айтамын.
Елімізге ерен еңбегі сіңген Бердібек Мәшбекұлының аяулы есімі шығыс
жұртшылығының есінде де ұзақ сақталады.
Жақсылық ОМАР,
Өскемен қаласының әкімі
Мәдениетке ерекше мән берді
Бердібек ағамен үш жылдай бірге қызмет еттік. Ең бірінші ол кісімен танысқанымда А. Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық филармонияның директоры едім. Облысқа әкім болып келгеннен кейін бір күні кешкісін филармонияға келді. Фойедегі люстраны көріп: «мынаған қанша шам жетпей тұр?» деп сұрады. Үлкен люстраның бірнеше шамы күйіп кеткен ғой. Соны меңзеп айтқаны ғой. Әкімнің бұл сұрағына ұялып қалдық. Қарапайым нәрсе болса да, соның өзін аңғарып, бақылағанына таңғалған едік.
Бірде тағы концертке келіп қатысты. Әкімнің екі жағында Қанат Айтбаев екеуміз отырмыз. Ол Мәдениет басқармасын басқарады. Екеуміз екі жақтан әкімге: «Ғимарат ескіріп кетті. Құрал-жабдықтар да ескірген. Ақтөбеге жаңа өнер орталығы керек. Концерт залын салып беріңізші» деп өтініш қылдық. Әкім біз айтқан ұсыныстың бәрін дәптеріне түртіп алған. Арада бір ай өтпей, «қаланың қақ ортасынан концерттік зал салынады» деген ақпарат жетті. Іргетасы қаланған күннен бастап сол жерде жүрдік. Әкім де күн сайын таңертең жетіде өзі келіп тексеріп кетеді. Сөйтіп, сегіз айда өнер орталығы салынды. «Енді халықтан ұят болмасын. Дұрыстап концерт өткізіңдер» деп қалжыңдап күлді. Сөзінде тұратын, іскер адам еді. Қарапайым қызметкерден бастап әртіске дейін жағдайын біліп отыратын. Бұл бір ғана филармониядағы жағдай. Одан бөлек, қаншама ұжым, қаншама елді мекен тұрғындары бар. Қым-қуыт тіршілік арасында концертке де келіп, театрға да бас сұғып үлгеретін. Табиғи таза болмысы, қарапайым қалыбы, турашыл мінезі – ешқашан сол көрген кейіптен өзгерген жоқ. Мәдениетті, әдебиетті қадір тұтты.
Ондай әкім туа ма, жоқ па, білмеймін?! Бір білерім, бекзат болмысты Бердібек Сапарбаевтай тұлғаның қайта тумайтыны... Қалай таныдық, сол мінезінен ауытқыған жоқ. Қоштасу рәсіміне Бердібек Сапарбаевты сыйлайтын азаматтың бәрі жиылып, қоштасып жатты.
Қош, қазақтың Бердібегі! Қош, қазақтың қара нары!
Елубай КЕНЖАЛИЕВ,
«Салтанат» би ансамблінің директоры