Бірақ балалардың ойын алаңына әткеншек орнатып, табыс табуға ниеттілердің қауіпсіздікті қаперге алатын түрі байқалмайды.
Бес бала жарақат алды
Бірер жыл бұрын бір топ депутат саябақтағы ойын алаңдарының қауіпсіздігін қаперге алу туралы мәселе көтерген-ді. Айтуларына қарағанда, Алматыдағы «Көк-Төбе» саябағындағы Катапульта аттракционынан секірген жасөспірім бес метр биіктіктен құлап, қол-аяғын сындырған. Оның артынша Қарағандыда қатты желден үрлемелі аттракцион аударылып, 12 жасар бала зардап шегіп, тағы бірнеше бала ауыр жарақат алыпты. Есте болса, елордада да үрлемелі батут желдің екпінінен аударылып, үш жастан жеті жасқа дейінгі бес бала ауыр жарақат алған болатын. Сол жылдары Алматыда да 28 панфиловшылар саябағында балаларға арналған жүк тиегіш көлік қаққан бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмапты. Ал жақында Петропавл қаласының орталық саябағындағы аттракциондардың бірі істен шығып, тағы да бес бала жарақат алды. «Гусеница» деп аталатын әткеншек «Мир аттракционов» ЖШС-ның иелігінде болған. Олардың берген мәліметіне сенсек, сол күні әткеншекке келгендердің қарасы қалың болып, құрылғыға үлкен жүктеме артылыпты. Оның үстіне, «Гусеница» әткеншегінің істен шығуына жоғары ауа температурасы да әсер еткен көрінеді. Қазір қауіпті әткеншек тоқтап тұр. Ойын-сауық орталығы мамандары болса, саябақтағы барлық аттракцион жыл сайын пайдалануға берілер алдында тәуелсіз зертхананың тексерісінен өтеді деп отыр. Бір қызығы, жылда тексерістен өтетін темірдің ауа райына да төтеп берер күші жоқ екені күдікті көбейтеді.
Осыдан екі жыл бұрын да Оралда осындай оқыс оқиға болған. Ол кезде де жауапты мамандар өздерінің қызметіне шаң жуытпай бақты. Мұнда да орталық саябақта алаңсыз асыр салған бүлдіршіндер сапасыз әткеншектен жазым бола жаздаған. Сөйтсе, соңғы тексерістен кейін белгілі болғандай, ойын-сауық құрылғыларының сапасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан мүлдем тексерілмейтін болып шыққан еді. Жазым бола жаздаған бүлдіршіннің әкесі Мұрадым Идрисовтің айтуынша, «Калейдоскоп» деп аталатын айналмалы құрылғы орнынан қозғалған бойда кілт тоқтап, ішіндегі бүлдіршіндер темір жақтауға бірнеше рет соғылыпты. Сол оқиға салдарынан 8 бала түрлі дене жарақатын алған екен. Отырғандарды ұршықша айналдыруға арналған әткеншек 9 жыл бұрын әкелінген. Ең сұмдығы, сол жердегі техник мамандар 7 жастан төмен балаларды отырғызуға болмайтын әткеншекке 5 жастағы балаға да рұқсат беріпті. Осы оқиғада аттракциондар саябағы директорының орынбасары Антон Ротштайн «темірдің сапасына 100 пайыз кепілдік жоқ» деп ақталғаны есте. Техникалар кез келген уақытта сынып қалуы мүмкін екенін айтқан ол: «Біз қазір бұл құрылғының қалай істен шыққанын білмей жатырмыз. Зардап шеккен балалар үшін емдік шығынын өтеуге немесе моральдық шығынды төлеуге дайынбыз» дегені бар. Емдік шығынын өтеген күннің өзінде денсаулығын 100 пайыз орнына келтіріп, жазым болса, жаңа өмір сыйлауға кепілдік бола алмайтынын білмегені қалай?
Жаңа аттракцион жарамсыз күйде
Былтыр Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Республика күніне орай тарту ретінде берілген жаңа демалыс паркіндегі «Колесо обозрения» аттракционының бос кабинасы істен шығып, жарамсыз болған видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Соның алдында ғана Сыр өңірінің әкімі заманауи үлгідегі мәдени нысанды аралап, тұрғындардың қуанышына ортақтасқан-ды. Жоба құны 790 миллион теңгені құраған заманауи нысан ашыла сала апатты жағдаймен елдің есінде қалды. Абырой болғанда, аттракционның жарамсыз екені туралы бейнежазбадан кейін әткеншек жұмысын тоқтатыпты. Ал қауіпті құрылғы туралы ақпарат әлеуметтік желіге салынбағанда қанша адамның өміріне қауіп тудырары белгісіз. Сонда дейміз де, апатты жағдайда тұрған аттракцион алдын ала тексерістен өткізілмеген бе?
Таяуда ғана Шымкент қаласындағы демалыс саябағындағы балалар «Бәйтерек» каруселінің ең жоғарғы айналымында тұрып қалды. 30 метр биіктіктегі құрылғыны қайта іске қосу біраз қиындық тудырған. Абырой болғанда, апатты әткеншекті мамандар әрең дегенде төмен түсіріпті. Ал аттракционды іске қосу мүмкін болмағанда тоғыз қабатты үйдің биіктігіндей жерде тұрған бүлдіршіндер ғана емес, ересектердің өзі жүректен инфаркт алатын еді.
Ереже ескеріле ме?
Ереже бойынша елдегі ойын-сауық құрылғыларының сапасы мемлекеттік органдар тарапынан ұдайы тексерілуі тиіс. Бұл ретте аттракциондарға қатысты ұлттық стандартта бекітілген міндеттемелер де бар. Құжатқа сәйкес, оқыс оқиға болған жағдайда әткеншектің иесі немесе құрылғыны пайдаланушы өз тарапынан тексеріс жүргізе алады. Ал құрылғылардың қауіпсіздігіне жергілікті атқарушы органдар бақылау жүргізуі тиіс. Алайда соңғы бірер жылдағы апатты аттракциондардан төнген қауіпке зер салсақ, елдегі экстремалды ойын-сауық құрылғыларының барлығы талапқа сай келмейтіндей.
Саябақтардағы ойын құрылғыларының сапасы қалай тексерілуі керегін білу мақсатында елордалық саябақ өкілдеріне шықтық. Олар қаладағы барлық аттракцион талапқа сай жұмыс істейді деп сендіреді. Magic PARK Astana «ЖШС» директоры, Астанадағы орталық паркінің басшысы Гайни Хасенов «аттракциондарды әр маусымның басында механиктер мен инженерлердің техникалық қызметі тексерістен өткізеді», – дейді. Кемшіліктер табылса, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның қауіпсіздігін өнеркәсіптік қауіпсіздік лицензиясы бар мамандандырылған компания толық тексерістен қайта өткізеді. Олар металдың қалыңдығын, түйіндік және болтты қосылыстарға дейін қарап шығады екен. «Бізге келушілердің қауіпсіздігі қажет. Сондықтан мұндай тексеріс міндетті түрде жасалуы тиіс. Олардың рұқсаты берілгеннен кейін ғана аттракциондарды қолданысқа жібереміз. Одан бөлек, механиктер күн сайын таңертең техникалық қауіпсіздік инженерімен бірге әр аттракционды тексеріп шығады. Кез келген күдікті шу немесе басқа да түсініксіз нәрсе болса, әткеншек ол күні іске қосылмайды. Қауіптілігі болса механик аттракцион операторына тапсырады. Оның барлығын техникалық қауіпсіздік инженері журналға күн сайын жазып жүреді», – дейді Гайни Темірғалиұлы. Оның айтуынша, аттракциондар ғана емес, саябақтағы үрлемелі батуттарға дейін қолданысқа бермес бұрын механиктер қызметі арнайы құрылғы арқылы желдің күшіне дейін қадағалайды.
Маманның сөзіне сенсек, ойын алаңдарын бақылау тиісті алгоритм бойынша жүргізілсе, оқыс оқиғаның алдын алуға болар еді. Өкінішке қарай, бақылау болмағандықтан, аттракциондар да қауіпті орынға айналғандай. Мәселен, травматолог Олжас Жүнісов жаз шықса жарақат алған бүлдіршіндердің саны артатынын айтады. Жарақаттардың басым бөлігі ойын алаңдарына тиесілі. Себебі демалыста балалар көп уақытын ойын алаңдары мен саябақтарда өткізеді.
«Ауыр жарақатпен түсіп жатқандардың көбі үлкендердің қадағалауынсыз ойын қуған балалар. Әсіресе, ойын алаңқайларындағы сапасыз әткеншектерден секіріп мертіккендер жиі кездеседі. Мысалы, қазір Астанадағы №2 қалалық балалар ауруханасында тәулігіне 400-ден астам бала травматологтің көмегіне жүгінеді. Олардың көбі ауыр жарақаттанған», – дейді дәрігер.
Маманның сөзінен ұққанымыз сол, ойын алаңдарындағы әткеншектердің дені қауіпті. «Былтыр бір бала ескі ойын алаңында сынып тұрған сырғанақта ойнап жүріп ауыр жарақат алған. Қолының жартысын ілініп тұрған темір шауып түсірген. Жарақаты ауыр болғандықтан, ота жасауға жібердік. Науқастардың көбі үрлемелі батуттар, ойын аттракциондары мен ойын құралдарынан құлап мертігеді. Аяқ-қол, бас жарақаттарымен, түрлі сынық пен көгерумен келеді», – дейді Олжас Азадиұлы.
Сондықтан дәрігер саябақ әкімшілігі ғана емес, әрбір ата-ана ойын құралдарының қолдану ережесімен мұқият танысуы қажет екенін алға тартады. Себебі бүгін қауіпті ойын аттракционына алынған билеттің аурухана төсегіне, тіпті о дүниеге жолдама болмасына ешкім кепілдік бермейді.
Жадыра МҮСІЛІМ
Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)