Жамбыл облысы Талас ауданында бүтін бір ауыл сібір жарасына байланысты карантинге жабылды. Тамды ауылына 15 күндік шектеу шаралары енгізіліп, елді мекенге төрт түлікті кіргізіп, шығару және ет пен сүт өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынып отыр.
Кеселдің кесірінен карантинге жабылды
1,430
оқылды

Облыстық Санитарлық-эпидеми­ологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, індет мүйізді ірі қараны сою кезінде жұққан көрінеді. Қазір үш үйдің 35 мүшесі бақылауға алынған. 

Ауру жұқтырған үш азамат аудандық ауруханада жатыр. Дәрі­гер­лер науқастардың жағдайы қалыпты екенін айтады. Ал об­лыстық Санитарлық-эпидемио­логиялық бақылау департаментінің мамандары тұрғындарға вирус  дертке шалдыққан малды сойға­н­­нан жұққанын айтады. 

– Бұған дейін бір науқастың жағдайы жеңіл болғаннан кейін ауруханадан шығарылды. Қалған үш азамат ем қабылдап жатыр. Олар ауруға шалдыққан ірі  малды рұқсатсыз сойғаны анықталды. Тағы бір жағдайда инфекция көзі анықталу үстінде. Бұл жағдайға байланысты тиісті тексеру жұмыс­тары жүргізілуде, – дейді  Жамбыл облыстық Санитарлық-эпидеми­о­­­­логиялық бақылау депар­таменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова. 

Эпидемиолог мамандар со­йыл­­­­ған сиыр етін өлексе өртей­тін арнайы пеште жойған. Сондай-ақ мал сойылған аула толықтай залалсыздандырылыпты. Ауру ошағы анықталған үйлерден 21 сынама алынып, елді мекен ішінде төрт түлікті еркін жаюға, айдап өтуге шектеу қойылып отыр. Десе де, мамандар үрейленуге еш негіз жоқ екенін алға тартады.

– Тамды ауылының тұрғындары бұқа сүзген сиырды сойған. Ауру содан  жұққан. Бұл бір ауылдың ішінде ғана болып отырған жағдай. Сондықтан даурығатындай еш­нәр­се жоқ. Тек тиісті сақтық шараларын жасап  жатырмыз. 

Жамбыл облысында 100 жыл­дан бері келе жатқан 189 сібір жара­сы­ның ошағы бар. Олардың барлығы біздің бақылауымызда. Жылына 2 рет сынама алынып, тексерістен өткізіледі, – дейді   Жамбыл  облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.

Әрине, барлығы мамандар айтқандай бақылауда болғаны жақсы. Алайда бүтін бір ауылдың карантинге жабылғаны ойлан­дырмай қоймайды. Осы ретте Тамды ауылы тұрғындарына ха­барласып, елді мекендегі жағдайды сұраған едік. 

– Жағдай қалыпты. Тұрғын­дардың қозғалысына еш кедергі жоқ. Күнделікті тіршілігімізді емін-еркін жасап жүрміз. Әрине, індет анықталды деген кезде қорық­қанымыз рас. Алайда қазір бәрі тұрақталып келеді, – дейді Жансая есімді ауыл тұрғыны. 

Негізі ел ішінде «індет жұқтыр­ған отбасы өлген малды сойып алған» деген де ақпар тараған. Алайда эпидемиолог мамандар бұны жоққа шығарып отыр. 

– Сиырды бұқа сүзгенде ауыр жарақаттанғаны рас. Алайда мал арам өлмеген. Соның алдын алу үшін отбасы мүйізді ірі қараны тез сойып алыпты. Малды сойғаннан кейін үй иесінің қолынан жара пайда болған. Міне, осы жараны тексерген кезде «сібір жарасы» деген қауіп туған. Сынама алған кезде бұқаның ауырмағаны белгілі болды. Ауру сиыр етінен жұғып отыр. Абырой болғанда, етті бөліп алған көршілері оны тағамға пай­даланып үлгермеген. Маман­дарымыз барлық етті жинап, көзін жойды. 

Әзірге ауылды 15 күндік каран­тинге жауып отырмыз. Барлық сынамалардың қорытындысы шық­қаннан кейін карантинге байланысты шешім шығаратын бо­ламыз. Егер қосымша тексеріс­тер қажет болса, карантин уақы­тын созуымыз мүмкін, – дейді об­лыстық Ветеринария басқарма­сының басшысы Нұржас Құрман­таев.

Әрине, барлығы оңды шешіліп, ауыл тұрғындарына қауіп төнбегені керек. Әзірге мамандар ауылдағы төрт түліктен сынама алып жатыр. Ал ауру малды союға үш отбасының мүшелері  ғана қатысты болған­дықтан өзге тұрғындар тексерістен өткізіліп жатқан жоқ. Десе де, олар­дың жағдайын медицина мамандары күнделікті бақылауға алып отыр. 

Әлемдік пандемиядан кейін көпшілік «карантин» деген сөзден шошып қалғаны жасырын емес. Сондықтан Тамды ауылындағы карантиндік шектеу шаралары көп ұзамай алынады деп сенеміз. Ең бастысы, індет дендемей, дер ке­зін­де басылғаны абзал.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы