ЕҰУ өзінің платформасы негізінде жаңа технологиялық шешім әзірледі.
ЕҰУ QR арқылы құжаттарға қол қою функциясын енгізді
1,334
оқылды

Оқу ордасының оқытушылары мен білім алушыларына электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен QR коды арқылы құжаттарға қол қою мүмкіндігі ұсынылды. Енді университет мамандары ЕҰУ цифрлық экожүйесін қалыптастыру мақсатында жеке құжат айналымы жүйесін әзірлеуге кірісті.   

ЕҰУ IT мамандары smart.enu университетінің ақпараттық жүйесін eGov Mobile қосымшасымен интеграциялады. Енді ЖОО платформасында оқытушылар, студенттер және университет қызметкерлері QR кодын сканерлеу арқылы 10-ға жуық құжат түріне қол қоя алады. 

«ЕҰУ пандемия кезінде студенттер мен қызметкерлердің ғимараттарға контактісіз кіруі үшін QR кодын өзін ақпараттық жүйесіне енгізді. 2021 жылдан бері университетте электронды-сандық қолтаңба қолданылады.  ЕҰУ өзінің жеке экожүйесін белсенді түрде дамытып, процестерді жеңілдетуде. QR арқылы құжаттарға қол қою мүмкіндігі бар екені туралы хабарландырудан кейін бірден тиісті министрлікке өтініш бердік. Біздің жүйеміз сәйкестік пен қауіпсіздікке байланысты тексерістен сәтті өтті. Енді біз smart.enu жүйесінде студенттер мен қызметкерлер үшін құжаттарға QR арқылы қол қоюдың ыңғайлы әдісін енгіздік. Ол үшін телефонға eGov мобильді қосымшасының соңғы нұсқасын жүктеу қажет. Цифрлық мүмкіндіктер құжаттарды басып шығаруға кететін уақыт пен бюджетті үнемдеп қана қоймай, қоршаған ортаға да пайдасын тигізеді»,  деп атап өтті Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Цифрлық даму және қашықтықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова.

Автоматтандыру өндірістік процестерді жеңілдетуге және жылдамдатуға мүмкіндік берді. 2023 жылдың 5 айында smart.enu жүйесі арқылы 3 100 келісімшарт пен 5 000 силлабусқа қол қойылды.

Атап өткен жөн, соңғы 2 жылда ЕҰУ-дың ІТ мамандары 15 өнім жасады. Қазір жеке құжат айналымы жүйесі әзірленуде. Барлық технологиялық шешімдер ғылыми-білім беру процесін цифрландыруға, бизнес-процестерді автоматтандыруға, қызметкерлер мен оқытушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған.