Елді мекендерге қауіп жоқ. Бұл туралы Aikyn.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық бірлік техника жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнынан өрт сөндіру жұмысын қадағалап отыр.
Пилотсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, аэровизуалды барлау нәтижелері бойынша өрт Каштак орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алып, жоғары өрбігені байқалады. Жедел іс-қимылдар мен уақытылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ.
Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін тікұшақтар тартылды. Өткен тәулікте өрт ошағына әуеден 546 рет су төгілді. Жалпы көлемі 1 500-ден астам тоннадан асады. Өртті сөндіру басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 323 рет су төгілді, жалпы көлемі 4 000-ға жуық тоннаға жетті.
Қазірге дейін жедел желіге 150 қоңырау түсті. ТЖД жедел желі телефоны: 8 722 235 38 31.
«Қазгидрометтің» дерегі бойынша, 14 маусым күні өткінші жаңбыр (жаңбырдың ықтималдығы 60%), найзағай, дауыл, солтүстік-шығыс жел секундына 15-20 метр, екпіні секундына 23-28 метрге дейін болады деп күтілуде. Түнде ауа температурасы – +5+10 градус, күндіз +18+23 градус.