12 маусым Жалпыұлттық аза тұту күніне орай туындаған ой.
Ұранхаевтың кінәсі немесе Абайға басқа әкім керек
4,247
оқылды

Құрметті Семей халқы, оқырмандар, Сенат депутаттары, айналайын Үкімет! Міне, Семейде, бүкіл Қазақстанда қаралы күндер өтіп жатыр! Неге? Неге өрт мезгілінде ауыздықталмады?! Дер кезінде облыс әкімі Ұранхаев шешім қабылдай алмады? Дәл осы орайда кінәлі кім деп ойлайсыздар? Әрине, облыс әкімі Ұранхаев.

Кешегі Президент Тоқаевтың артында тойған қозыдай томпиып тұрған, ешқандай шаруашылықтан хабары жоқ, қалада өскен, «кабинет адамы», тек қана үйлердің сыртын әшекейлеп, гүл өсіріп, той тойлап, ән, би, күймен өмір кешкен әкім әкім бе? Ұранхаев өрт әбден күшіне енгенде ғана естіп, сосын ғана бас көрсетеді. Дер кезіндегі шешімді кім береді?!  Өрт басталған кезде әкім Ұранхаевтың қолы тойдан босамады. Тұсау кесті, Абай облысының 1 жылдық тойын тойлауда жүрді. Өртпен шаруасы да болған жоқ. Өйткені, Ұранхаев ондай шаруашылықтан бейхабар, табан астында не істеу керектігін өзі де білмейді. 

Соонау Астанадан кабинетте отырып үйренген «Ерке баланы» облыс басқаратын әкім қылып тағайындадыңыздар! Шаруашылықтан хабары жоқ, тәжірибесі жоқ, не болса соған бұртаңдап, ашуланып, жоғары жақтағы көкелеріне шағым түсіруге дайын әкім әкім бе? Облыс емес, кешегі Алаш көсемдерінің мекеніне бұндай әкім лайық емес. 

Өздеріңіз ой елегінен өткізіп көріңіздер.

Кешегі күні Тоқаевтың «қара жамылған» отбасымен кезесуінде  Президенттің артында  тәртіп бұзған оқушыдай томпиып тұр. Мұндай әкімдік атақтың, лауазымның керегі не? 1 күн не 1 ай болса да жауапкершілікті алған соң ісіңе адал болмайсың ба? Бірақ бұл әкім ондай жауапкершілікті білмейді-ау деймін. 

Сол кезде көпшілік алдында Президент Тоқаев мырза нағыз облыс әкіміне, Ұранхаевқа  неге сұрақ қоймады? Өйткені ол бір «Ерке бала» жоғарыда  көкелері бар, соларға айта салады. Дәл сол күні Президент Тоқаев келерде, жолға асфальт төселіп жатыр, кім тапсырма берді? Жөпелдемеде жол жөндеуге?!  Мұның бәрі жауапсыз. Неге? Әлде «Күштінің кө...і диірмен тартқанның кері ме?» 12 маусым, яғни аза тұту күні «Оян» хабарынан заңгер Марат Бәшімов сұхбатын көрдім. М.Бәшімов мырза, сіз сұхбат алдында  тым болмаса, «Облыс әкімі қандай адам, облысты қанша уақыт басқарды, сол жағынан хабардар болып келмейсіз бе? Әкім болғалы 2-3 ай болды ма өзі деп журналистерден сұрап отырсыз. Оныңыз ұяттау болды, әрине.

Ойбай-ау әкім Ұранхаев облыс 1 жылдығын тойлап, тұсау кесіп, тойдан қолы босамай жүр емес пе?! Сіз өртті айтасыз.

Иіс алмас әкім әкім бе? 

Қорыта келе айтарым: мұндай басшылыққа тым болмағанда аудандық не ауылдық жерде басшылықта болған әкім сайлануы керек. Кешегі өткен марқұм аруағыңнан айналайын Бердібек Сапарбаев әкім қандай болуы керек дегенге мынадай сипаттама берді. «Әкім тапсырманы беру керек, сосын сол тапсырманың қалай орындалғанын көзбен көріп, қолмен ұстау керек, содан соң ол дұрыс орындалмаса, шара қолдану керек. Ал жақсы орындалса марапаттау керек» деп еді. 

Ол кісінің өмір жолында бірде-бір шікірейіп «парадный» киім киіп отырғанын көрмейсің  ара-тұра бір үкімет жиналысына келгенде болмаса, ылғи да шаруашылық киіммен қалың көпшілік ішінен көрінетін. Қандай даулы мәселенің ішінен жүретін.

Әкім анау-мынау емес, Абай облысының әкімі 1 жылдың ішінде 14 адамның (орманшының)  өлімін арқалап отырсыз, «Абайды өртедіңіз», «Шәкәрім шаңырағын шайқалттыңыз», енді тек Мұхтардың шаңырағы аман болсын деп тілейміз. Енді тек «сөгіс» арқалап тойған қозыдай томпиып, соншама күнәмен қалай «әкім» болып отырар екенсіз? Қалай ұйықтайсыз? Ер азамат болсаңыз, бойыңызда намыс, жігер болса, өзіңіз орныңызды босатқаныңыз жөн болар еді деп ойлаймын.

«Сөгіс» деген не «соттау» керек деген халық арасында сөз еріп жүр. «Өңкей орманшының жанып кетуі де күмән тудырады. Тіпті, бөтен еш адам жоқ.  Өрт сөндірушілер емес, өңкей орманшыны тез-тездің астына алып, тәпішкемен, кейбіреуі өз көліктерімен, байлап матап өрттің ішіне сүңгітіп жіберген  бастықсымақ кім?  Бұл – жұмбақ. Егер сол 8 маусым күні сағат 11:30-да хабар берілді ғой, сонда қолда бар құралдармен алдын алуға болар еді. Оның бәрі салғырттық, немқұрайлылық, негізінде техника ескі, анау-мынау дегеннің бәрі былшыл сөз. Осы өрттің алдында оқу-жаттығу жүргізілді ғой, сонда оның барлығы баланың ойыны болды ма? Олар өрт сөндіруші емес, қолдарында түк жоқ өрттің ішіне бәрі бірдей көздерін жұмып қойып кетеді.?! Әрине, әлі тексеретін шығар деп үміттенеміз.  Бақилық болған орманшылар отбасына қайғырып, көңіл айтамыз.

Тағы да қосарым, 13 маусым күні Абай облысының әкімі Н.Ұранхаевтың Үкімет отырысында есебі тыңдалады деді. Ал әкім болса журналистердің берген сұхбатындай пәленбай тонна су себілді, сонша тікұшақ, тағы басқа толып жатқан деректерді айтты да «баяндама аяқталды» деді. Ұяттағы. Ал Үкімет адамдары бастары салбырап отыр. Неге сұрақтар қойылмады? «Өзің неге кеш бардың, өңкей орманшыларды (өрт сөндіретіндер емес) кім жіберді?» деген сияқты сұрақтар қойылмады. 

Президент Тоқаев сонау Астанадағы Ю.Ильинді орнынан алдыңыз. Ал нағыз жауапты Ұранхаевқа сөгіс бергеніңіз ұят-ақ. Мен өзім 45 жыл ұстаз болған адаммын. Сабаққа дайын емес оқушының біріне «2» деп, ал біреуінің басынан сипап қоя берген адам сияқты болдыңыз. Әділ болсаңыз, екеуіне бірдей шара қолдансаңыз болар еді.  Бұл әкімді үйретіп отыратын бір кісі керек екен. «Енді сөйт, енді бүйт» дейтін сияқты. Енді әкім Ұранхаев мырза күнде отчет беретін болды.  

Қорыта келе айтарым, алыстан арбаламай-ақ, елдің, қаланың да, ауылдың да жайын білетін, кезінде «Шалабай асылтұқымды мал» шаруашылығының басшысы болған "AMANAT" партиясы төрағасы Сүлейменов Қуаныш осы Абай облысының әкімі болуға лайық жігіт пе деп ойлаймын.

Зейнеткер ұстаз Б. Сұлтанбекова

Семей қаласы