Оған Сыртқы істер министрлігі өкілі Айбек Смадияров: «Зират орнында, ешкім оған тиіскен жоқ. Елшіліктің қызметкері барып тағы да тексеріп қайтты, зираттың басшылығымен сөйлесті» деп жауап қайырған-ды. Дегенмен «зират бұзылады» деген ақпараттар кей-кейде қылаң беріп қалады. Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеп жүрген мұстафатанушы, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір бұған не дейді?
– «Берлиндегі Мұстафа Шоқай зиратын Германия үкіметі бұзады екен» деген ақпар тараған еді. Кейін бұл жалған болып шықты. Жалпы, Мұстафа Шоқай зиратының сақталуы үшін Үкімет арнайы жағдай жасауы қажет пе?
– «Мұстафа зиратын көшіреді екен» деген сөздер әлі де айтылып қалып жатады. Алайда олар – негізсіз. Қазір бұл жеке адамдардың, ағайын-туыстардың мәселесі емес. Сондай-ақ Кеңес үкіметі адам басына 1 000 сом тігіп, Мұстафа Шоқайдың Ферғана тауларын аралап жүрген 1918 жыл емес. Бұл – мемлекеттік мәселе. Мұстафа Шоқай әлемге Еуропада ерте танылды. Оны Франция мен Германия бізден әлдеқайда бұрын білді. Мұстафатану ғылымы ең алғаш Түркияда қалыптасты. Қазір Мұстафа Шоқай зираты Түркия мемлекетіне қарайтын қорымда жатыр. Бұл жерді кезінде Германия басшысы Осман империясына сыйға тартқан. Онда зәулім мешіт, шағын сауда мекемелері бар. Сондықтан ретсіз аруақты қозғай берудің қисыны жоқ.
– Кезінде Смағұл Сәдуақасұлының мәйітінің күлін елге әкеп жерледік. Кейкі батырдың да басы елге қайтты. Мұстафа Шоқайдың да сүйегін елге әкелу туралы мәселе көтерілді ме? Жалпы, әкелуге мүмкіндік бар ма?
– Ал Мұстафа Шоқайдың сүйегін елге әкелу туралы мәселе үш-төрт жыл республика деңгейінде көтерілді. Көпшілік қолдамады. Соңғы рет бұл ұсыныс 2021 жылы Шымкентте Алаш арыстарына қатысты республикалық конференцияда әңгіме болды. Онда мен: «Аруақты қозғамайық, Мұстафа атамыз қазір Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты байланыстырып жатыр» дедім де, одан да Мұстафа атамыз бен Мария анамыздың жатқан жерлерінен топырақ алып, оларға Түркістанда ескерткіш орнату туралы ұсыныс жасадым. Оны қолымнан келгенше дәлелдедім. Атамыздан кейін 28 жыл өмір сүрген Мария Шоқай жарына қатысты бар тірлікті жалғыз өзі атқарды. Ол өмір бойы «Менің Мұстафам» деп келіп, сол күйі о дүниеге аттанған адам. Конференциядағылар бұл ұсынысты қолдаған еді. Бірақ бұл Астанаға жетті де жоқ болды.
Дайындаған
Гүлзина БЕКТАС