Балаларға өзге елдің мәдениетін сіңіру қаншалықты әсер етеді? Психологиялық жағынан қауіп бар ма? Ата-аналар тарапы балаларының қандай манга оқып жүргенінен хабардар ма?
Манганың шығу тегіне тоқталып өтсек, XII ғасырда монах Тоба Седзо төрт шиыршық қағазға адамдардың өмірін жануарлар бейнесінде сиямен салу арқылы алғашқы нұсқасын салған. «Манга» сөзін (сөзбе-сөз аударғанда – оғаш немесе күлкілі суреттер деген мағынаны береді) 1814 жылы әйгілі график-суретші Кацусика Хокусай ойлап тапқан. Салған суреті арқылы ол жануарлардың аяқ қимылын көрсетеді. Оған дейін мұндайды ешкім істеп көрмегендіктен, көпшіліктің таңданысын тудырады. Қазір оның суреттері Токио мен Киотодағы музейлерде Жапонияның мәдени мұрасы ретінде сақталған. Бұл – ең алғашқы манга.
Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін манга тек жастар арасында танымал болды. Сол себепті соғыс кезінде Жапония билігі оны үгіт-насихат ретінде қолдана алды. Осыдан кейін халықтың мангаға деген қызығушылығы артты.
XX ғасырдың 50-жылдарына қарай манганың заманауи түрі пайда болды. Жапонияда экономиканың дамуы суретшілерге манганың түрлі нұсқасын ойлап табуға жол ашты. Сонымен бірге манга анименің пайда болуына ықпал етті.
Манганы жасаушы «мангака» деп аталады. Әдетте бір адам (көбіне шәкірттің көмекшісімен) комикстер де, мәтіндер де жазады, бірақ сонымен бірге топтық шығармашылық бар. Алайда әдетте бір мангада үш-төрт адамнан көп жұмыс істемейді.
Кәсіби мангадан басқа әуесқой манга – «дудзинши» да бар. Манга суретшілерінің көпшілігі доузинши («дожиншика») жасаушылары ретінде еңбек жолын бастады. Ірі қалаларда өзінің дужиншики өнімдерін сататын және кейде өз жұмыстарына баспагерлер табатын арнайы базарлар бар.
Манга ерекшеліктеріне орай бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда, кодомо – 12 жасқа дейінгі балаларға арналған манга. Бұл манга түрінде ешқандай жауыздық сипаттағы бейнелер болмайды. Бұл қатардағы мангалар: «Майя арасы», «Грендайзер», «Спиди жүргізуші» және т.б. Келесі түрі – сёнэн, бұл – 12-18 жас аралығындағы ұл балаларға арналған манга. Біраз әзіл-қалжың, жігіттер арасындағы достық, соғысу өнері, спорт, бәсекелестікті суреттейтін манга түрі. Мысал ретінде оған «Арата: Аңыз» мангасын жатқыза аламыз. Ал сёдзё – 12-18 жас аралығындағы қыздарға арналған. Онда романтикалық және шытырман оқиғалар бейнеленеді. Мысал ретінде «Сейлор Мун», «Оран лицейінің қонақтар клубы» секілді мангаларды айтамыз. Ересек әйелдер мен ерлерге арналған мангалар да бар.
Манганың бірінші ерекшелігі, суреттер ақ-қара түсте беріледі. Ақ-қара түсте басылуы келесі тараудың жылдам және арзан бағада шығуына ықпал етеді. Екіншіден, жапон жазуының ерекшелігіне байланысты манга мәтіні оң жақтан солға қарай оқылады. Кей авторлар аудиториясының сұранысына орай бұл қағиданы ұстана бермейді. Мангалардағы кейіпкерлерге қарап отырып көбіне көздеріне ерекше мән беретінін байқаймыз. Суретші олардың көзінің өлшемін барынша үлкен етіп салады. Бұл – манганың бір өзгешелігі. Мінезі тұйық кейіпкерді кішкентай көзбен, мінезі қиын немесе жауыз адамның көзін көзілдіріктен көрінбейтіндей бейнелейді.
Бүгінде манганың әлем бойынша оқырмандары артып келеді. Біздің елде де мангаға сұраныс көп. Әсіресе, мектеп оқушылары манганы сүйіп оқиды. Манганың әртүрлі кейіпкеріне еліктеп, өздерін «қаһарманға» ұқсатады. Қылықтарын өмірде қайталап, тіпті сөздерін де күнделікті сөздік қолданыстарына енгізіп үлгерген. Мектеп оқушысы Інжу Құттыбай мангаға қызыққаны сонша, тіпті кейде шынайы өмірден алыстап кетеміз дейді.
«Манганы алғаш сыныптасымнан білдім. Неше түрлі бояумен әрленген суреттеріне қызықтым. Манганың қиял-ғажайыпқа толы шытырман оқиғалары ұнайды. Бұның алдында анимелерді де жақсы көретінмін. Қазір манганы тұрақты түрде оқып келе жатқаныма 1 жылдай болды. Әр ай сайын жаңадан бөлімдері шығады. Мен көбіне детектив жанрындағы мангаларды оқимын. Қазір оқып жатқаным «Тыңшылар отбасы». Мангалардағы кейіпкерлерге еліктейтініміз рас. Тіпті, осы шынайы өмірімізді емес, сол мангадағы өмірді сүргіміз келеді. Қиялға беріліп, кейде осы өмірімізді ұмытып кететіндей жағдайға жетеміз. Үйде ата-анам мангага қатты бақылау қоймайды. Қандай манга оқып жүргеніммен қатты шаруалары жоқ», – дейді мектеп оқушысы Інжу Құттыбай.
Ата-аналар манганың балалар үшін пайдалы емес екенін айтады. Қарбалас жұмыспен кейде баланың не оқып жүргеніне көп мән бермейді. Мангадағы суреттерді де жай мульфильм секілді қарап, бақылауға алмауы мүмкін. Мангалар жас ерекшеліктеріне қарай бөлінетін болғанымен, бала ересектерге арналған түрлерін де оқи беруі ғажап емес.
«Манга жасөспірімдер арасында кеңінен танымал. Әсіресе, баланың бойына ашу-ыза тудыратын жерлері басым. Кейіпкерлерге еліктеймін деп психологиялық жағынан өзгерістерін байқамауы мүмкін. Қазір манга көп сатылыммен шығарылып жатыр, барлығы дерлік ашық сатылымда. Сондықтан манга сатып аларда әрдайым бірге барамыз. 8 жасар бала да, 12 жасар да бала 18+ деген ескертпесі бар мангаларды оқи береді. Мангаға жай комикс қой деп жеңіл қарауға болмайды. Оның да балаға берер қауіпті жақтары жоқ емес, – дейді ата-ана Мөлдір Бекжанова.
Жасөспірімдердің мангаға деген сұранысының артуына орай манга сатуды кәсіп қылғандар көп. Еліміздің барлық өңірінде манга сататын дүкендер жетіп артылады. Соның бірі Астанадағы дүкендердің біріндегі манга сатушысымен де әңгімелестік.
«Негізгі сатып алушылар – 13-24 жас аралығындағылар. Әр тұтынушыға манганың жанры, том және бағасы жөнінде кеңес береміз. Қазір манганың фантастика және комедия жанрлары танымал. Бірақ манганың өтімділігі, сол манга бойынша түсірілген анименің танымалдылығына да байланысты», – дейді манга сатушысы.
Психолог мамандар балалардың мангаға қатты еліктеушілігіне алаңдайды.
«Манга – бұл көбіне агрессиялық бағыттағы комикстар. Ол балалардың бойында жылдам қозғалыс, агрессияның тез туындауы, өз-өзін ұстай алмаушылық әрекеттерге әкеп жатады. Өйткені манганы оқи келе олар бірте-бірте виртуалды әлемді шынайы әлемнен ажырата алмай қалады. Өздерінің психикасының қалыптасуы барысында көзге көрінбес бейсаналы бұзылыстарға әкеп соғады. Бұдан бала өскен сайын үлкендерге қарым-қатынаста қарсы шығу, ата-ананы тыңдамау, жолдастарының арасында шектен тыс агрессия көрсетуді жиілете беруі мүмкін. Себебі бойында ашу-ыза басым болады. Дүниетанымдарының тек бір бағытта дамып кетуіне апарады», – дейді психолог Балабек Сақтағанов.
Жасөспірімдердің өсіп-жетілуіне үйдегі ата-ана ғана емес, жаппай қоғам да жауапты. Сондықтан, әсіресе осындай өзге елдің мәдениетін бойға сіңірерде сақтық қажет.
Жанел ҚҰТТЫБАЙ