Грузияның Әділет министрлігі лауазымдық құзыретін асыра пайдаланғаны және 50 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын ысырап еткені үшін күдікті деп танылған Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарын ұстап беру туралы Қазақстан Бас прокуратурасының өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Aikyn.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органынан бой тасалаған. Сондықтан оған қатысты халықаралық іздеу жарияланған.
Іздеуде жүрген күдікті Грузияда анықталып, ұсталды.
Грузиялық әріптестермен бірлесіп, бүгін Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні қылмыстық жауапқа тарту үшін Қазақстанға әкелді.
Ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Қылмысы үшін оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Фото: inbusiness.kz