Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкіміне бірнеше тапсырма берді.
Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады
1,113
оқылды

Қабылдау кезінде Астана әкімі Президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық  дамуы туралы баяндап берді.

Әкімдіктің мәліметі бойынша,  биылғы 5 айда тартылған инвестиция көлемі 425 миллиард теңгеден асып, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 20 пайыздан артты. Сондай-ақ 2023 жылы 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 87 миллиард теңге көлемінде қаржы тартуға және 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Президентке тұрғын үй алаптарын дамыту, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу, әлеуметтік нысандар салу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыс орындарын ашу және қаланы абаттандыру мәселелері жөнінде есеп берілді.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік жеңілдікпен берілетін пәтер және 16 үлескерлік құрылыс нысанын салу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысы аяқталып, қаланың қоғамдық көлік бағдарлары бойынша 400 жаңа автобус пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына ауызсу стансасы (ССС-3), жылу электр орталықтары, газ жылу стансалары құрылысының барысы туралы мәлімет берілді. Мысалы, ССС-3 стансасы пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты тәулігіне 100 мың текше метр су жеткізуге жетеді. ССС-3 стансасының бірінші кезеңін маусым айының соңында, екінші кезеңін биыл тамызда іске қосу жоспарланып отыр. Бұған дейін Астана су қоймасынан су құбырын тарту жұмыстары басталған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Биыл 150-ден астам аула мен қоғамдық орындарды абаттандыру жоспарланған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық жөнінде бірқатар тапсырма берді.