Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директоры Талғат Қалиевті қабылдады.
Ұлттық құрылтай мүшесі Президентке елімізде жүргізіліп жатқан реформалар аясында ұлттық бірегейлікті дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар саясаттанушы зерттеу орталықтарының қоғамдағы рөлі, соның ішінде «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.