Кітаптың қай түрі жақсы – электронды немесе қағаз түрінде деген сұраққа жауап беру үшін олардың негізгі артықшылықтары мен кемшіліктерін ескеру қажет.
Сөреде баспа өнімдері аз ба?
442
оқылды

Сандық оқу құрылғыларының баспа өнімдерімен салыстыруға болатын көптеген артықшылықтары бар. Осы тұста біз мектеп оқушылары мен студенттердің пікірін білген болатынбыз.

Байғожа Ділнәз, 9 сынып оқушысы:

– Мектеп кезден бері қолымызға кітапты ұстап, әр бетін парақтап оқыған соң, электронды кітапты оқуға үйрене алмай жүрмін. Өзім үшін экраннан оқу ыңғайсыз және көзге жағымсыз деп есептеймін. Телефоннан оқыған соң көп ақпаратты есте сақтау да қиындық туғызады. Одан кейін құрылғыда техникалық ақаулық туындаған жағдайда электрондық кітаптың барлық мазмұнын жоғалту қаупі бар.

 Дариға Нысанқұл, ЕҰУ студенті:

– Мен үшін электронды кітаптар тиімдірек. Бір телефонның өзінде көптеген кітаптарды сақтап алып, оқып жүруге болады. Оларды сатып алу тез әрі ыңғайлы. Кітап дүкеніне баруға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, интернет-дүкенді пайдалану жеткілікті. Электрондық кітаптар қағаз кітаптарға қарағанда аз орын алады. Бұл кітап сақтайтын орны аз адамдар үшін өте ыңғайлы. Және электрондық кітаптарды кез келген жерде оқуға болады.

Қызықты ақпараттың бірі алғашқы электронды оқулықтар "қалтадағы кітапхана" деген лақап атқа ие болған. Баспа кітаптарының маңызды артықшылығы- олар оқырманды кітап оқуға қызықтырады, ынталандырады. Көптеген ғылыми зерттеулер мидың сандық кітаптарға қарағанда қағаз кітаптарды оқуды жақсы қабылдауы туралы теорияны қолдайды. Мысалы, Гарвардтың математика ғылымдарының докторы Джордан Элленберг өз зерттеулерінде адамның электронды кітапты аз оқитындығын көрсетті. Қағаз кітап пен электронды кітаптың адамға әсер ету сипаты аз зерттелген, бірақ олардың айырмашылығы бары сөзсіз. Баспа кітаптары жайлы орталық кітапхананың кітапханашысы Назика Айтбаевна мынандай пікірде:

– Кітап электронды кітапқа қарағанда мәліметті жақсы есте сақтауға ықпал етеді. Қағаз кітабын оқу экранда оқығаннан гөрі жағымды әсер қалдырады. Қағаз кітабында ерекше көңіл-күй тудыратын текстурасы мен иісі бар. Сіз қағаз кітапты кез-келген жерде және кез-келген уақытта оқи аласыз. Ол үшін компьютер немесе интернет қажет емес. Қағаз кітабы әдемі интерьер элементі болуы мүмкін немесе оны жағымды сыйлық ретінде қолдана аласыз. 

Ал, осы тұста ЕҰУ студенті Ақбота Бертілеуқызы кітаптың кемшіліктеріне тоқталып өтті:

– Электрондық кітаппен салыстырғанда қағаз кітабы көп орын алады. Бұл кітап сақтайтын орны аз адамдар үшін ыңғайсыз болуы мүмкін. Түнде жарық жеткіліксіз болса қағаз кітапты оқу қолайсыз. Қағаз кітаптарды сатып алу электронды түрде сатып алудан ұзағырақ уақыт алады.

Осылайша, кітаптардың әр түрінің артықшылықтары мен кемшіліктері бар және таңдау оқырманның жеке қалауына байланысты. Бірақ, қайсысы жақсы – қағаз немесе электронды кітап туралы айтатын болсақ, онда әркімнің өз жауабы бар. Кейбір адамдар қағаз кітаптарды тек әкелетін сезімдеріне байланысты жақсы көреді. Басқалары электронды кітаптарды ыңғайлылығы мен кеңістікті үнемдеуі үшін таңдайды.

Назира Нұргелдіқызы,
ЕҰУ, Журналистика және саясаттану
факультетінің 3 курс студенті