Елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері және БАҚ басшылары мен сарапшылар қоғамдық консолидация, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым мәселелері бойынша секцияларға бөлініп, салаға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
«Қоғамдық консолидация» секциясын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Ұлттық құрылтай хатшысы Аида Балаева жүргізіп отырды. Онда ел бірлігін, татулықты ту етіп жүрген бірқатар зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері сөз алып, пікірлерін білдірді.
Жеке талқылау блогы халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру тақырыбына арналды. Сарапшылар нотариустарды, адвокаттарды, полиция қызметкерлерін, прокуратура мен сот орындаушыларын тарта отырып, азаматтар үшін қоғамдық консультациялар ұйымдастыру тәжірибесін жаңартуды ұсынды.
Сонымен қатар Ұлттық құрылтай мүшелері отандық БАҚ пен медиа контентті дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ олардың қоғамдық шоғырландыруды нығайту құндылықтарын ілгерілетудегі рөлі туралы пікірлері және ұсыныстарымен бөлісті.
«Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбындағы секцияны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі мен Мәдениет және спорт министрі А.Оралов жүргізіп отырды.
Келелі жиында еліміздегі медиа және мәдени-рухани даму мәселелері қаралды. Ұлттық құрылтай мүшесі Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды өткен жылы Ұлытауда көтерілген мәселелер бойынша топтарға бөлініп, ел арасында кездесулер өткізілгенін, нақты проблемаларды шешу жолдарының қарастырылғанын сөз етті.
«Мен барған жердің барлығында мәдениет үйінің жұмыс істеп тұрғанын көрген жоқпын. Барлық мәдениет үйлерінде қара құлып тұрады. Ол тек қана сол ауыл әкімінің, аудан әкімінің жиналыс өткізетін орны ғана болып тұр. Сондықтан аудандағы мәдениет үйлерін барынша жандандыру керек. Біз соларды сіңіру арқылы ғана елдің рухын көтереміз. Рухани астанадағы Ұлттық Құрылтайда елдің болашағы үшін тың, елдік шешімдер шығып жатса кәнеки», – деді Азамат Сатыбалды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов болса қоғамда туындап жатқан проблемалардың бірі жастардың жағдайы екенін айтып өтті. Алқалы жиында кітап ұстамайтын ұрпақ көбейгені, оны шешу жолдары да айтылды. Жиынға қатысушылар бүгінгі халықтың әлеуметтік жағдайымен қатар болашағына да мән беру керек дейді. Халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері елдің әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайын жақсарту, рухын көтеру бағытында қызу пікірталас өрбітті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанова еліміздегі дін мәселесіне тоқталды. Әр ауылда бір емес, бірнеше мешіттің болуы, оның әрқайсысы әр рудың ұрпақтарының иелігінде екені ұлттық болмысымызға сын екенін ашына жеткізді. Елді біріктіретін емес, бөлетін мұндай үрдістен арылып, одан да балаларға қажетті мектептер мен үйірмелер, спортзалдар салу қажеттігін ұсынды.
Түркістандағы Ұлттық құрылтайдың бірінші күніндегі үш секция жұмысы аясында қызу пікірталастар мен жанды идеялар алмасу – бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының эволюциясының көрнекі көрінісі. Президенттің бірнеше жыл бұрын ұсынған бұл идеясы тиімді саяси реформаларды қалыптастыруға және жүзеге асыруға ықпал етеді.
Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын іске асыру жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеуге қатысты шешім қабылданды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы