Олар шетелден әкелінген автокөліктерді заңсыз тіркеген. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақмола облысында тіркеуге заңсыз қойылған жүк автокөліктері анықталды. Былтыр ақпан айынан биыл сәуірге дейін қылмыстық топ алғашқы мемлекеттік тіркеу алымын төлегені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, 62 жүк көлігін Қазақстанда есепке қойған.
Әрбір жүк автомашинасын алғашқы мемлекеттік тіркегені үшін ресми төлем шамамен 7-8 миллион теңге болуы тиіс еді.
Алдын ала деректер бойынша мемлекетке келтірілген шығын шамамен 500 миллион теңге болды.
Алматы қаласында тағы бір қылмыстық топ анықталды. Күдіктілер Қазақстанға Оңтүстік Кореядан жеткізілген жеңіл автокөліктерді заңсыз тіркеген. Сондай-ақ жалған құжаттар бойынша тіркелген 250 автокөлік анықталды. Мемлекетке келтірілген шығын 340 млн теңгеден астам.
Қылмыстық топ көліктерге жалған құжат жасап, олар шығарылған жылын 2018-2020 жылдар деп өзгерткен. Алғашқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген соманы төлемеген.
Астанада қылмыстық топ автокөліктерді автобөлшектер түрінде жеткізуді ұйымдастырған. Оның шанағын ауыстыру туралы жалған құжаттар арқылы Қазақстанға есепке қойған.
«Күдіктілер ұсталып, кінәсын мойындады. Олардан заттай дәлелдемелер мен жалған құжаттар тәркіленді. Тергеу жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Бұған дейін ұрланған көліктердің бункері туралы жазған болатынбыз.