Талай жанның құқығын қорғап, алғысын алған кәсіби маман жетістігінің артында табанды еңбек пен жылдар бойы жинаған тәжірибе жатқанын айтады.
Әлімжан Жұбатқанов: «Табанды еңбектің арқасында білікті адвокат болдым»
2,195
оқылды

Бала кезінен қоғамдағы әділетсіздік пен әлімжеттікті өз көзімен көріп өскен Әлімжан Жұбатқанов өскенде тергеуші болуды армандаған. Бүгінде қажырлы еңбек пен үлкен ізденістің арқасында білікті адвокат болып қызмет етіп жүр. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесінің арқасында азаматтардың құқығын қорғап келеді. Талай жанды түрмеден алып қалған. Көпшіліктің алғысын алған кәсіби маман жетістігінің артында табанды еңбек жатқанын айтады. Заң саласында ұзақ уақыт қызмет еткен ол бүгіндері білікті қорғаушы, Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі.

Неге адвокат болуды таңдадыңыз?

Мен Қызылорда облысы Арал қаласында туып-өстім. 1990-2000 жылдары елімізде қылмыс көбейіп, жастарымыздың көбі қылмыс әлемінің серкелері «заңдағы ұры» түсінігімен өмір сүретін. Сол кезде Қазақстанда қылмыстық топтар құрылып, бандит, рэкет, бұзақылар заңды белшесінен басып, қарапайым халықты бопсалап, үреймен ұстап отырды. Әр жерде ұрып кету, тонап кету, өлтіру фактілері көп болды. Қылмыстық топтар базарда сауда жасап, отбасын асырап жүрген саудагерлерден, дүкен-дүңгіршек иелерінен, қарапайым халықтан, қала берді мектеп оқушыларынан ақша жинап, түрмеде отырғандардың өзі қылмыскерлерге ақша жөнелтіп отыратын. Жастарға сол кездері бұзақыларға еріп адам ұрып, ақша бопсалап, ұрлық жасап немесе басқа да қылмыс үшін түрмеге отырып келу  «авторитет» болып саналатын. Қоғамның әлсіз топтарына, қорғаушысы жоқ қарапайым халыққа әлімжеттік көрсетудің небірін көзбен көріп өскендіктен, бала кезден «тергеуші» болам, қылмыскерлердің әділ жазасын беріп, елімізде тәртіп орнатамын деп алдыма мақсат қойдым.

Мектеп бітірген соң Талдықорған заң колледжіне сырттай оқуға түсіп, сонымен қатар Тараз қалалық сотының хатшылығында бір жылдай тегін жұмыс істеп, тәжірибе жинап, қалалық соттың жұмысын меңгердім. 1990-2000 жылдары жұмысқа таныссыз тұру қиын болатын. Сырттай оқыған біліміме көңілім толмай, күндізгі жоғарғы оқу орнында толық білім алайын деген ниетпен Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетіне құжат тапсырып, оқуға түстім.  Тынымсыз ізденіс пен жалықпай оқудың  арқасында жоғарғы оқу орнын «қызыл дипломмен» тәмамдадым. Осылайша заң саласына заңгер мамандығы бойынша алғашқы қызметтік қадамым  басталды.

Заңгер бірден адвокат болып кетпейтіні түсінікті. Адвокат болу үшін қандай жолдан өттіңіз?

Қызметімді университетте оқытушы болып бастадым. Кейін Астана қаласы прокуратурасында жұмыс істедім. Прокурордың көмекшісі болып, қылмыстық істердің заңдылығын қадағалап, тексеріп, заңды болса сотқа жолдап отырдым. Прокуратура – тергеуден жоғары тұратын заңдылықты қадағалаушы орган. Сондықтан, тергеуші боламын деген балалық арманым орындалды деуге болады.

Адвокаттар алқасында 1 жыл тағылымдамадан өтіп, комиссияның оң қорытындысын алдым. Әділет департаментінде емтихан тапсырып, адвокат лицензиясын алдым. Содан бері азаматтардың құқығын қорғап, кез келген іске бел шеше кірісіп жүрмін.

Қазақстандықтар өз құқығын біле ме, қандай жағдайда адвокат жалдау керек?

ҚР Конституциясының 16-бабында  көсетілгендей, ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы. Тергеуші оларға құқықтарын түсіндіруге міндетті. Күдікті адвокатсыз тергеушіге жауап бермеуге құқылы. Өйткені ол жерде әртүрлі іске байланысты жауап алудың өз әдіс-тәсілдері болады.

Кейде күдікті өз сөзінен өзі шатасып, өзін-өзі ұстап береді.  Адвокаттардың ақыл-кеңесі осындайда керек. Тергеушілер сұрақ қойып, қулықпен, әртүрлі тәсілмен жауап алуы мүмкін. Жасамаған қылмысты мойындатып жіберетіндері де жоқ емес. Ештеңе етпейді, мойындасаң жазаң жеңілдейді деп қулықпен аңқау адамдарды алдай салады. Мәселе мойындауда емес, адам шынымен қылмыс жасамаған болуы мүмкін. Қылмыстық процестік-кодекстің 19-бабында көрсетілгендей, кінәсіздік презумпциясына байланысты әркім өзiнiң кiнәлі екенін дәлелдеуге мiндеттi емес. Сонымен қатар қылмыстық процестік-кодекстің 24-бабына сәйкес, сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараны қолдануға мiндеттi. Күдікті жалған  жауап берсе де, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Жауап беруші куәгерлер, сарапшыларды ғана жалған жауап бергендері үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Адвокаттың заңды көмегі әрдайым қажет. Біз жауапқа тартылушы адамды әрдайым кәсіби біліктілігімізбен қорғап алып шығуға тырысамыз. 

Қаншама адамдардың заңсыз тәркіленген мүліктерін қайтартып, заңсыз айып тағылған сотталушылардың іс-әрекеті бойынша жоғарғы соттың кассация алқасына өтінішхат жолдап, іс бойынша дәлелдеп, сотталушыны түрмеден босатып алған кездерім болды.

Сіз жүргізген ең ауыр іс қандай болды?

Адам өлтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық, алаяқтық, жымқыру, сыбайлас жемқорлық және тағы басқа кез келген  қиын істер бойынша қорғаушы болдым. Солардың ішінде атышулы "24 гарант"-  Қазақстан бойынша пирамида қылмыстық істері қиынға түсті. Кінәлілерге үкім шықса да, әлі күнге дейін тергеліп жатқан істер бар.

2019 жылы Ақтөбе қаласында қаржы пирамидасын құрып, «Гарант 24 ломбард», «Нур-Али Капитал», «Выгодный займ», «Estate ломбард»  мекемелерін құрып, соған басшылық еткен бір топ адам сотталды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы іске қатысты мен де қорғаушы болдым. Яғни бұған қатысты қаржы пирамидасын құру, алаяқтық, сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру, ұйымдасқан қылмыстық топ болып жасаған деп ҚР ҚК-нің 217-бабы, 214-бабы, 262-бабы, 190-бабымен 48 күдікті сотталды. Қазақстан бойынша  17 мың жәбірленуші, 3786 қылмыстық том болды, қылмыстық құқық бұзушылық 13 облысты қамтыды. Аса ірі көлемде материалдық 30 млрд теңге шығын келтірілген деп көрсетілген. Сотталушылар әрқайсысы 7 жылдан 18 жылға дейін сот үкіммен бас бостандығынан айырылды. Оның ішінде аштық жариялағандары да болды. Іс өте күрделі болды.

48 адам қылмыс жасаған деген күдікке ілінді, яғни оның ішінде аудармашы, жүргізуші, директорлар, бухгалтер және басқа да әртүрлі адамдар болды. Қаржы пирамидасы бойынша 2 жылға жуық тергеу жүргізілді.

Кеше ғана әнші Төреғали Төреәлі есірткіге мас күйінде ұсталып, 20 күнге қамауға алынды. Оның адвокаттары қайтадан қан тапсыртып, ол мас болмаған деп жатыр. Оны көліктен сүйреп шығарды, құқығы тапталды деп жатыр. Әншінің құқығы расымен бұзылды ма?

Танымал адам болған соң оның мас күйінде ұсталғаны тез тарап кетті. Адвокаттары айтқандай, оның құқығы тапталған жоқ. Полиция қызметкерлеріне бағынбағандықтан,  көліктен күштеп шығаруға тура келді. Кінәсі жоқ болса, өзі шығу керек еді.

Көлікпен  адам қағып, басқа да зиян келтіруі мүмкін еді. Бұл жерде полиция қызметкерлері қоғамдағы заңбұзушылықтың алдын алды. Есірткі қабылдаса 40 күнге дейін қанында сақталады. Сондықтан, қамаудан кейін де  жеке сараптама өткізіп, дәлелдеуге құқығы бар.

Сот жүйесіне көңіліңіз тола ма? Судьялар қаншалықты әділ шешім шығарады?

Бұрынғы хатшылар Сот академиясында оқып алып, судья болып жатыр. Қазақстандағы судьялардың көбі кешегі хатшылар.  Хатшыда көп тәжірибе жоқ, оның қасында адвокаттар тәжірибелі. Хатшының жұмысы судьяға көмектесуден тұрады. Хаттарын реттейді. Судьяға қандай іс жүргізіліп жатқанын айтып, уақытын ескертіп отырады. Еліміздегі білікті судьялар кешегі прокурорлар мен заңгерлер. Сот үкімдеріне, шешімдеріне шағым түсіріп, талай сот үкімдерін өзгертіп, бұзып та жатады. Соттың жұмысы оңай емес, барлық заңды жақсы біліп, істі объективті ашу керек. Ақтайтын жерінде ақтап, жазасын беретін кезде әділ беру керек.

Кейбір соттар Қылмыстық кодекспен сотталушыға тағылған айып бойынша баптарын басқа бапқа дәрежелемей адамды бас бостандығынан айырып жатады. Сот істің барлығын зерттеп саралауы қажет. Көп істер апелляциядан кейін өзгеріп жататыны соттардың қате жіберуінен болып жатады. Осының бәрі судьяның қателігі, білімінің таяздығынан, тәжірибесінің жоқтығынан болып отыр.

Елімізде екінің бірі заңгер мамандығын таңдайды. Адвокат қаншалықты табысты мамандық?

Қазір екінің бірі заңгер мамандығын таңдайды, заң жұмысы оңай деп ойлайды. Негізі заңгер болу оңай емес, жауапкершілігі көп, ауыр жұмыс. Судья, прокурор боламын деп ойлайды, бірақ елдің бәрі бұндай дәрежеге жете алмайды. Ол үлкен тәжірибе, қажырлы еңбекпен келетінін көпшілік біле бермейді. Көбі осы сынаққа шыдай алмай, басқа салаға кетеді. Адвокат болса күректеп табыс табуға болады деп те айтуға болмайды. Кейбір істерге айлап, жылдап уақыт кетеді. Десе де, ерінбей еңбек етіп, жақсы нәтиже көрсеткен адвокаттарды халық өзі іздейді. Сондықтан, білімді, білікті адвокаттардың еңбегі табысты болары сөзсіз.

Болашақ адвокаттарға қандай кеңес бересіз...

Әр саланың өз қиындығы бар. Адвокат болу оңай деп айта алмаймын. Өзің ізденесің, занның бәрін біліп тұру керек. Іс бойынша нәтиже шығарып, адамның көңілінен шыға білу де керек. Жас мамандарға ең бірінші жұмыста сабырлық, білім мен төзім қажет. Ары қарай өз мамандығын жақсы көрсе, әрдайым шындықты, адалдықты бірінші орынға қоя білсе, заң саласының нағыз майталманы болады.

Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз табысты болсын!

Сұқбаттасқан: Рая Мінап