Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ойын алаңында зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтты.
Ведомство мәліметінше, оқиға салдарынан сегіз және тоғыз жастағы екі бала медициналық мекемелерге жатқызылған. Олардың бірі жарақат алып, жансақтау бөлімінде жатыр.
"Профессор Мақажанов атындағы емханаға ауыр бас-ми жарақатымен 2015 жылы туған бала жеткізілді. Маңдай сүйегінің сынуы, бас сүйек және білек сүйектерінің сынуы. Ол жансақтауға жатқызылды. 2014 жылы туған баланың миы шайқалған және іші көгерген, облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Бөлімшеге жатқызылды", – деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдері.
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, балалар жарақат алған ойын алаңы әлі пайдалануға берілмеген.