Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Астанада өтіп жатқан халықаралық еріктілер форумына қатысты.
Нұртөре Жүсіп: Еріктілер халықаралық деңгейде жаңа бастама көтерді
1,323
оқылды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп өз сөзінде еріктілер Қазақстанның дамуына ғана емес, барша адамзаттың өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын еске сала келіп, 2020 жыл еріктілер жылы деп жарияланғанын атап өтті.

«Қазақстан еріктілер қозғалысын халықаралық деңгейде дамыту жөнінде жаңа бастамалар көтеріп келеді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында халықаралық еріктілерді жұмылдыру жылы ретінде жариялауды ұсынған болатын. Осыған байланысты Қазақстан мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы бірлесіп арнайы «Жол картасын» әзірледі. Сонымен қатар, өткен жылы Қазақстанның бастамасымен елімізде алғаш рет Орталық Азия еріктілерінің форумы өтті, онда өңірдегі Волонтерлік қызметті дамыту мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды», – деді сенатор.

Халықаралық волонтерлер форумына әлемнің 30-дан астам елінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінен делегаттар келген болатын. Шараға барлығы 400-ге жуық адам қатысып жатыр.