23 маусым – Қазақстан полициясы күні.
«Ішкі істер органдарында қызмет ету – халық алдындағы жауапкершілік» – Бақытжан Малыбаев
4,998
оқылды

Мерейлі мереке қарсаңында көлік полициясының бүгінгі қызметі мен алдағы міндеттері жайлы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаевпен жүздесіп, әңгімелескен едік.

– Бақытжан Әсембекұлы, ең алдымен, өзіңіз басшылық ететін Көліктегі ПД-нің атқаратын негізгі міндеттеріне тоқталсаңыз.

Еліміздің теміржол және әуе көлігі нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы көлік түрлері арқылы тасымалданатын жүктердің діттеген жеріне аман-сау жетуін қадағалау ісі – көлік полицейлеріне жүктелген.  

Қылмысқа қарсы күрес, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды ізін суытпай ашу айырықша басымдыққа ие. Сол сияқты, қызмет көрсету аумағында профилактикалық іс-шаралар жүргізу, басқа да заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл қою біздің басты міндетіміз.

Қызмет көрсету аумағы дедіңіз, осыны тарқатып айтып берсеңіз.

Бүгінгі күні, Көліктегі ПД-нің қызмет көрсету аумағындағы темір жол торабының ұзындығы 21 мың шақырымнан асады. Республикамызда 27 әуежай, жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған ірілі-ұсақты 1047 станция, 305 теміржол вокзалдары, Ақтау және Құрық теңіз порттары бар. Бұған Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғыз Республикасымен шекаралас орналасқан 21 түйісу станциясын қосыңыз. Осы аумақтарда Департаментке бағынысты 27 желілік полиция бөлінісі жұмыс істейді. 

Кейінгі уақытта Қазақстанға туристік сапармен келушілер көбейді. Оларды күтіп алып, аман-сау елдеріне шығарып салу да аса ыждаһаттылық танытатын іс қой?!

Дұрыс айтасыз, алыс та жақын шет мемлекеттерден келетін қонақтар да, үлкен делегациялар да әуелі атбасын әуежайларға тірейді. Ал, сол  меймандарды ең алғашқы болып қарсы алатын – біздің қызметкерлер. Күнделікті жұмысымыз халықпен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, әр полицейден үлкен кәсібилік пен қырағылық талап етіледі. Тіпті,  әр қызметкердің ширақтығына, киім кию, сөйлеу мәдениетіне дейін жіті көңіл бөлінеді. Мереке күндері көлік полицейлері қызмет өткерудің күшейтілген тәртібінде жұмыс істейді. Қазір үлкендердің еңбек, балалардың жазғы демалыс кезеңі, қаладан қалаға, тіпті шетел асушылардың саны артатыны заңдылық. Сондықтан біздің жұмысымыз еселене түспесе, азаймақ емес.

– Жоғарыда қызмет көрсету аумағында бірнеше шекаралас мемлекетпен түйісу станциялары барын айттыңыз. Көрші елдердегі әріптестеріңізбен тәжірибе алмасу жағы қалай? 

Жалпы, қылмыскерлерді құрықтау ісінде ұлттық немесе шекаралық деген ұғым болмауы тиіс. Әсіресе, аса ауыр қылмыстар санатындағы экстремизмге, есірткі контрабандасы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы белсенді күрес жүргізуде халықаралық ынтымақтасытықтың рөлі зор. 

Қазіргі уақытта еліміздің көлік сақшылары Өзбекстан, Қырғыз Республикаларының көлік полицейлерімен өзара ынтымақтастық орнатқан. Ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын ортақ шекарасы бар Қазақстан мен Ресей мемлекеттері үшін қылмысқа қарсы бірлесе күресудің тиімділігі орасан. Таяуда ғана, 6-9 маусым күндері Мәскеу қаласында болып, Ресей Федерациясы ІІМ-нің Көліктегі Бас басқармасы өкілдерімен жұмыс кездесуін өткіздік. Онда екі елдің көлік полицейлері есірткі қылмысының жолын кесу, жедел-іздестіру қызметіндегі кейбір түйткілді мәселелер, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы жедел ақпарат алмасу және көші-қон процестерін реттеу бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Басқосуда азаматтардың қауіпсіздігі, бөтеннің мүлкін ұрлау, интернет-алаяқтық мәселелеріне де баса назар аударылды. Іс-шара соңында көліктегі құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша бірқатар екіжақты шешімдер қабылдадық. Мұндай маңызды кездесулер алдағы уақытта да әрі қарай жалғасатын болады. 

Соңғы жылдары еліміздің құқық қорғау құрылымдарында ауқымды реформалар жасалды, соның ішінде, ішкі істер органдарына жүктелген негізгі басымдықтар туралы айтсаңыз?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында, әсіресе, ішкі істер органдарына межелі міндеттер қойды. «Қуатты мемлекет болу үшін мызғымас тұрақтылық, темірдей тәртіп орнауы керек. Бұл – еліміз үшін стратегиялық міндет. Отандық полиция осы міндетті абыроймен атқаратынына мен кәміл сенемін», – деді Президент. Бұл, біріншіден, Мемлекет басшысының ішкі істер органдарына көрсеткен қолдауы болса, екіншіден, полицейлерге артылған үлкен жауапкершілік. Осы тапсырмаларды орындауда Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Мұратұлы Ахметжановтың бастамасымен бюрократиядан арылу, қызметті цифрландыру, полиция стандартын сақтау бойынша тиісті іс-шаралар қабылдануда. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық полиция «клиентке бағдарланған» модельге көшуде. Яғни, полицейлердің жұмысы, «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша ашық, әрі азаматтардың құқықтарын қорғауға, халыққа барынша сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Полиция қызметіндегі дәл осы клиентке бағдарланған тәсілді қоғам сенімін қалыптастырудың басты тетігі деуге болады. Бұл заман талабы. Ішкі істер министрлігінің бізге міндет етіп қойған нақты ұстанымы да осы.

Жыл басынан бері атқарылған жедел-қызметтік жұмыстарыңыз нәтижесіз емес шығар?

ІІМ «2024-2028 жылдарға арналған қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдама» жобасын әзірледі. Аталған құжат құқықбұзушылықтың алдын алуда полиция мен басқа да мемлекеттік органдардың өзара бірлесіп, жүйелі жұмыс атқаруының бастауы. Департамент қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікты сақтауда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы, жергілікті  әкімдіктер, өзге де үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Мақсатымыз айқын, кешенді жоспарларымыз бар.

Ал енді нақты деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында көлік полицейлері «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз вокзал», «Іздестіру», «Мигрант» т.б. көптеген жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізді. Жыл басынан бері қабылданған  шаралар нәтижесінде,  Департаментте 700-ден аса қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, олардың ашылу деңгейі 61,7%-ды құрады. Адам өлтіру, зорлау, қарақшылық қылмыстарына жол берілген жоқ. Әртүрлі  әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген  22 308 тұлға анықталды. Көші-қон заңнамасын бұзғандары үшін 584 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Көлік нысандарында көбінесе қандай қылмыстар жиі жасалады? 

Баршаңызға мәлім, вокзалдар мен перрондар адамдардың көп шоғырланатын жерлері. Сондықтан біз, әрдайым, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш саламыз. Статистика орын алған қылмыстардың дені, яғни 40%-ға жуығы бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты екендігін көрсетеді. Осы орайда, азаматтардан поездарға отырып, түскен кезде өз мүліктеріне мейілінше мұқият болуын сұраймыз. 

Жылжымалы құрамнан заттарды топ болып ұрлау, бұзақылық, есірткі заттарын тасымалдау секілді қылмыстарға қатысты фактілер де бар. Мәселен, есепті мерзім ішінде көлік полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша 144 қылмыс анықтаған, оның ішінде 13-і есірткі заттарын өткізу, 12-сі сақтау фактілері. Заңсыз айналымнан барлығы 290 кг жуық әртүрлі есірткі заттары тәркіленді.

Полковник мырза, қазіргі күні ең өзекті мәселе деп нені айтар едіңіз?

Айталық, осы жылдың бес айында поездардың шұғыл тежеуінің 564 фактісі тіркелген болса, оның 137-сі қауіпті аймақта адамдардың болуымен, 334-і үй жануарларының жүруіне қатысты.

Департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері темір жол көлігіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында темір жол жиегінде орналасқан елді мекендердің тұрғындарымен, темір жол көлігі ұйымдары қызметкерлері және оқу орындары студенттерімен профилактикалық іс-шараларды ұдайы өткізеді. Жүргізілген жедел-алдын алу іс-шараларының барысында темір жолдарда белгіленбеген жерлерден өткені үшін 12 мыңға жуық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соған қарамастан, азаматтардың темір жол жарақатын алу, тіпті, поездардың астына түсіп, мерт болу фактілері азаймай отыр. Қайғылы оқиғалардың барлығы зардап шеккендердің темір жолдардағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан болған. Адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қазір жаз маусымы десек, ата-аналар балаларды бір сәтке қараусыз қалдырмауы тиіс. Әсіресе, теміржол жиегінде орналасқан елді-мекендердер тұрғындары  өздері мен жақындарының өмірлеріне салғырт қарамағандары жөн. 

Көлік полициясы білікті кадрлардан кенде емес шығар? 

Әрине, арамызда кәсіби білікті, антқа адал, отансүйгіш, ел мүддесін үнемі жоғары қоя білетін азаматтар баршылық. Олар тергеуші, жедел уәкіл, криминалист т.б. мамандықтарды терең меңгеріп, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Тіпті, қызмет бабында қайсарлық танытып, қажет болған жағдайда, өзгенің өмірі үшін басын қатерге тігетін қызметкерлеріміз де аз емес. Бейбіт күннің батырлары осындай жарқын істерімен-ақ азаматтардың полицейлерге деген құрметін арттыруға үлес қосуда. 

Халықтың сенімін арттыру үшін әр полицейдің бойында тағы да қандай қасиеттер болуы қажет деп есептейсіз? 

Біріншіден, халықтың сенімі полицейлердің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне байланысты артады. Бұл ретте, азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Екіншіден, сақшылардың ІІО-да қызмет етуді зор абырой ғана емес, оны халық алдындағы үлкен жауапкершілік деп түсінгендері ләзім. Өзіңіз білесіз, кез келген азамат басына қауіп төнген кезде, ең алдымен, билік өкілі саналатын полиция қызметкеріне жүгінеді. Бұл, әр шағымның артында – арызданушының жанайқайы тұр деген сөз. Демек, әрбір келіп түскен өтінішке көңіл аударып, оның уақытылы шешілуіне ықпал ету керек. Сайып келгенде, азаматтарымыз полицияны жазалаушы орган ретінде емес, керісінше, басына іс түскенде қолұшын беретін билік өкілі ретінде қабылдаулары үшін жағдай жасауымыз қажет. 

Бақытжан Әсембекұлы, сақшылардың төл мерекесі қарсаңында әріптестеріңізге айтар ақ тілегіңіз?

Халқымыздың тыныштығы үшін күн сайын тағдырын тәуекелге тігіп, қылмыспен күрестің алдыңғы сапында жүрген барша әріптестеріме Қазақстан полициясы күні құтты болсын деймін! 

Бұл күні қызмет бабында көз жұмған батырларымызды еске алып, олардың өшпес рухы алдында тағзым етеміз. 

Мереке қарсаңында, ІІМ сынды қуатты құрылымның дамуына сүбелі үлес қосып, қызметтің  озық дәстүрлерін бүгінгі жас буынға дәріптеп жүрген ІІО ардагерлерін де төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Сұхбаттасқан,
Ләззат Нұрмұқан