Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті.
МҚІА мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады
467
оқылды

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, орталық мемлекеттік орган басшылары, Парламент депутаттары, белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, мемлекеттік қызмет ардагерлері, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Президент Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов мемлекеттік қызметшілер мерекесіне орай Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды. Ол соңғы жылдары мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік аппараттың сервистік моделіне көшу, мемлекеттік қызметке кәсіби мамандарды тарту, үміткерлерді іріктеу процестерін цифрландыру және тағы басқа бірқатар оң өзгерістерді атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер халықтың талап-тілектеріне немқұрайлылық танытпауы керек екенін және олардың еңбектері елдің дамуына үлкен үлес қосатынын есте сақтау қажеттігін айтты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметшілердің жұмысындағы тәсілдерді өзгерту маңыздылығына тоқталып, олардың әрбір шешімі қазақстандықтардың өміріне тікелей әсер ететінін еске салды. Ол өз сөзінде қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет бюрократия мен формализм фактілеріне жол бермеуге тиіс екендігіне назар аударып, мемлекетке қызмет ету адамнан барынша жауапкершілікті, адамгершілікті және кәсібилікті талап ететіндігін атап өтті.

Шара барысында Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Әзімова, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ардагерлері мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Іс-шараға қатысушылар адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайларда ерлік көрсеткен мемлекеттік қызметшілерге алғыс білдірді.

Сонымен қатар, салтанатты іс-шара барысында «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі», «Үздік ауыл әкімі», «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» және «Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» конкурстарының жеңімпаздары марапатталды.