Елімізге ресми сапармен келген Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Шакиев Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеге қатысты. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесіп, құрылымның қызметімен танысты.
Кездесу барысында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ-қырғыз бауырластығы ғасырлармен өлшенетінін және бүгінде өзара байланыс көпке үлгі екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблеяның соңғы сессиясында айтқан сөзіне назар аударып, шын мәнінде Алатаудың бөктерін қатар жайлаған егіз халық болашаққа бірге қадам баса беретінін тілге тиек етті.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы екі халықтың достығы мен бауырластығын нығайтуда тарихи, рухани, мәдени-әдеби байланыстардың орны бөлек екенін атап өтті. Бұл ретте зиялы қауым өкілдерінің үлкен рөл атқаратыны да айтылды.
«Қазақ-қырғыз интеллигенциясының өзара байланысы тереңнен тамыр тартады. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың ағалық-інілік бауырластығы қос ел зиялыларының талай буыны үшін озық үлгі екені анық. Мұхаң қырғыз ұлтының ұлы мұрасы – «Манасты» сақтауға және танытуға шешуші үлес қосты. Шыңғыс Айтматовтай әдеби жұлдыздың жарқырай көрінуінде де Әуезовтің қолтаңбасы бар. Сол байланыстар бүгінде өз деңгейінде жалғасып келеді. Оған дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан қазақ-қырғыз зиялыларының форумы дәлел», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері биыл қаңтар айында Бішкек қаласында өткен жетінші форум Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналғанын назарға алып, әлемге әйгілі классиктің қазақ әдебиеті мен руханиятында да орны бөлек екенін айтты. Айтматовтың шығармаларындағы оқиғалардың біраз бөлігі қазақ даласында өткені белгілі. Жазушының өзі де қазақ халқымен және оның зиялы қауымымен тығыз араласып, оларға үлкен қамқорлық көрсеткені көпке мәлім.
«Қазақ халқы Шыңғыс Айтматовты өз перзентіндей жақсы көреді. Осыған орай ұлы жазушының мерейтойын Қазақстан тарапы да назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Соның бір дәлелі – бүгін өтіп отырған ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме. Қазақ пен қырғызға ортақ тұлғаларды дәріптеу арқылы біз қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтамыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасқаны аса маңызды», – деген Мәулен Әшімбаев бүгінде екі елдің Мемлекет басшыларының достық байланысының нәтижесінде қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жаңа биікке көтерілгеніне назар аударды.
Өз кезегінде Жогорку Кенеш төрағасы бауырлас екі халықтың мәдени және рухани байланысын одан әрі нығайтуға қырғыз тарапы да мүдделі екенін жеткізді.
«Қазақ пен қырғыздың арасындағы бекем достық пен біртуғандық көптеген жыр-дастандар мен шығармаларға арқау болғанын білеміз. Осындай қарым-қатынас біздің зиялыларымыз арасында берік сақталып келеді. Қырғыздың «Манас» жырының бүгінге жетуінде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің рөлі зор. Осы орайда қырғыздың біртуар перзенті Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығы Қазақ елінде де кең көлемде аталып өтіп жатқанына айрықша алғысымызды білдіреміз», – деді Нұрланбек Шакиев.
Кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне және оның еліміздегі жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтаудағы рөліне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ жиында бүгінде Қазақстанда 40 мыңнан астам қырғыз этносының өкілі тұратыны және Ассамблея аясында 10 өңірлік қырғыз этномәдени бірлестігі жұмыс істейтіні де айтылды.