Олардың ішінде 14 жасқа толмаған 40 жасөспірім, 3 жүкті әйел бар.
Кентауда дәмханадағы астан уланғандар саны 92-ге жетті
883
оқылды

Кентауда фаст-фудтан уланғандар саны 92-ге жетті. Бұл туралы Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Искаков мәлімдеді.

Кентау қаласында орналасқан «Ризық-Рауаны» фаст-фуд орталығында тамақтан уланғандар саны 92-ге жетті. 

Қазіргі кезде аталған жағдай негізінде Кентау қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Жалпы дене қызуы жоғарылағанын, құсып, ішінің өткенін айтып шағымданған тұрғындар 27 маусымнан бастап ауруханаға түсе бастаған. Олардың барлығы бір дәмханадан тамақ жеген.

Аталған тамақтану орнында жаппай улану жағдайы осымен үшінші рет тіркеліп отыр. Былтыр тамыз айында 8 адам, қазан айында 168 адам фаст-фудтан уланып қалған болатын. Ал, бұл жолы 92 адам зардап шекті.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тарапынан заң аясында тиісті шаралар да қабылданған.

Бірінші жағдайда жеке кәсіпкерге 230 АЕК айыппұл салынып, құқық бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген.

Екінші жағдайда ҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабы 1-бөлігімен Кентау қалалық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қылмыстық істің қаулысы негізінде СЭББ тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындалып, нәтижесінде көптеген кемшіліктер анықталған.

Қоғамдық тамақтану орнының иесі күдікті ретінде танылып, оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы бар деп танылған. Дегенмен, жәбірленушілермен татуласуына байланысты, қылмыстық іс тоқтатылғаны жөнінде Кентау қалалық полиция бөлімі қаулы шығарған.

Содан Кентау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан қоғамдық тамақтану орнының иесі жеке кәсіпкер Ж.Тажибайұлына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс-құжаттар Кентау қалалық сотына жолданған.

Осы 3 жағдайды негізге алған Кентау қалалық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғады. Нәтижесінде көптеген кемшіліктер анықталды.

«Нысан қызметкерлері алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден толық өтпеген. Жұмыс жасайтын 20 қызметкердің тек 12-де ғана медициналық кітапшалары бар. Шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары толық емес, өнімдерді сақтау кезінде олардың тауарлық көршілестігі сақталмаған, яғни ет өнімдері, құс еті өнімдері, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, барлығы бір тоңазытқышта араласа сақталған. Қызметкерлердің жеке және арнайы киімдерін, жеке заттарын сақтауға арналған орын қарастырылмаған. Жұмыртқаны сақтауға, жуып өңдеуге арналған арнайы ыдыс бөлінбеген, өнімдердің жарамдылық мерзімдері өткен. Зертханалық зерттеуге алынған сынамалар тексеріліп жатыр», – делінген Түркістан облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұған дейін Кентауда дәмханадағы астан 58 адам уланып қалғаны жөнінде жазған болатынбыз.