«Теректі-таза су» мемлекеттік кәсіпорнының басшыларына қатысты сот үкімі жарияланды.
БҚО-да коммуналдық қызметтің басшылары бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды
1,424
оқылды

Батыс Қазақстан облысында «Теректі - таза су» мекемесінің лауазымды тұлғалары бюджет қаратын жымқырғаны үшін сотталды.

Антикордың хабарлауынша, Теректі аудандық соты «Теректі-таза су» мемлекеттік кәсіпорнының басшыларына қатысты сот үкімін жариялады.

«Сот үкімімен кәсіпорын директоры 7,5 жылға және бас бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Екеуі де өзіне және ұйым қызметкерлеріне жалақыны артық аудару, сондай-ақ жеткізушілерге нақты орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын негізсіз аудару арқылы 162 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды», - деп жазды ведомстводан.

Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.