Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйек айында киелі шаһарға жасаған сапарында: «Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ» деп қалаға ерекше баға беріп, оны қай бағытта дамыту керектігін айтқан болатын.
"AMANAT"-тың өкілі Түркістанда Ұлттық пантеон салудың артықшылықтарын атады
993
оқылды

Біраз жылдардан бері Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері көтеріп жүрген Түркістан қаласында елімізге еңбегі сіңген ұлт зиялылары мен түркі елдерінің қоғам қайраткерлерін жерлейтін пантеон салу мәселесін  түркістандық ақсақалдар  биылғы көктемде  халықпен кездесулерде тағы да ұсыныс жасады.  

"Күні кеше 29 маусым күні  Астана қаласындағы «AMANAT» партиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық бірінші форумының пленарлық отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа Түркістан қаласында пантеон салу бойынша ел аманатын ауызша жеткізіп, жазбаша депутаттық сауалымды ұсындым. Бұл ұсыныс «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі «Мирас»  кеңесінде талқыланған болатын", – деп жазды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалима Жантөреева.

Мұндай «Ұлттық пантеондар» Франция, Аустрия, Германия және өзге де дамыған елдерде бар. Жоба бойынша Түркістан – Шәуілдір тасжолы бойында пантеон салуға 50 гектар жер қарастыру қажеттігі туындауда. 

"Жоба жүзеге асырылған жағдайда ұсынылып отырған пантеонның рухани астанамыздың түркі әлемінің үлкен символдық капиталы әрі қаржы көздерінің бірі болатыны, облысымыздың ішкі туризмінің ең тартымды орындарының біріне айналып, ескіміз қайта жаңғырып, руханиятымыздың мызғымас діңгегіне айналатыны сөзсіз.

Егер де  киелі Түркістанда пантеон салынып, оған алғашқы болып Алаш арыстарының,  арманда кеткен Мұстафа Шоқай қабірлерінің топырақтары алып келіп қойылса, тарих қойнауында жатқан тәуелсіздіктің жалауын көтеруді арман еткен  ұлы бабаларымыздың рухы шалқып, ұлт көсемдерінің  әлемге танымалдығы арта түсер еді.

Мен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты әрі облыстың Құрметті азаматы, «Мирас» қоғамдық кеңесінің облыстық төрағасы ретінде ел сұранысын билікке жеткізу – азаматтық парызым. Бұл мәселені  ел сөзін билікке жеткізетін депутат көтермесе кім көтереді", – делінген автордың жазбасында.