Мұнайды бастапқы өңдеуден өткізетін ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысы жұмысын жалғастырып жатыр.
Барлық отандық мұнай өңдеу зауыты отын жөнелтіп жатыр – ҚазМұнайГаз
1,072
оқылды

Астана уақытымен сағат 18:25-те сыртқы желілер тарапынан электр энергиясын беру жүйесінің ажыратылуына байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) ЖШС-нің технологиялық қондырғылары тоқтады.

Мұнайды бастапқы өңдеуден өткізетін ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысы жұмысын жалғастырып жатыр. Өйткені бұл қондырғы кәсіпорынның жылу электр орталығындағы ішкі генерация есебінен электр энергиясымен қамтамасыз етілген, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«АМӨЗ-де мұнай өнімдерін өндіру сыртқы желілер тарапынан электр энергиясын беру жұмыстарын тұрақтандырғаннан және технологиялық қондырғыларды тұрақты режимге шығарғаннан кейін қайта басталады. Электр энергиясын беру қайта басталғаннан кейін бірден мұнай өнімдерін тиеу зауыттың резервуарларында бар қорлар есебінен жүргізілетін болады. Қазір автобензиннің 26 000 тонна, дизель отынының 33 000 тонна, сұйытылған мұнай газының (ТМД) 1 200 тонна қоры бар. Бұл 7 күнде тиеп-жөнелтіледі», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Компанияның мәліметінше, Атырау МӨЗ-дің қысқа мерзімге тоқтауы нарықтық жағдайға кері әсерін тигізбейді. Өйткені, елімізде АИ-92 бензині мен дизель отынының ағымдағы қоры бір айлық тұтыну көлемін, АИ-95 қоры екі апталық көлемін құрайды.

«Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеуге тоқтатылғанын, ал, Шымкент МӨЗ риформинг қондырғысындағы ішінара жұмыстар үшін тоқтатылғанымен, кәсіпорындардан мұнай өнімдерін жөнелту тоқтатылмайды», – деп мәлім етті компаниядан.