Әлемдегі ең ыстық күн рекорды жаңартылды. 3 шілде күні жаһандық орташа температура көтерілген. Жаңа көрсеткіш 2016 жылдың тамызында тіркелген рекордты жаңартты. Жылдан жылға көтеріліп келетін "климаттық көрсеткіштер адамзат үшін қауіпті" деп ғалымдар дабыл қағуда.
Жерге күтпеген қауіп төнді
1,859
оқылды

Метеорологтардың айтуынша, әлемдегі ең ыстық күн рекорды жаңартылды. АҚШ-тың Қоршаған ортаны болжау ұлттық орталығының мәліметі бойынша 3 шілде күні жаһандық орташа температура 17,01°C (62,62°F) жеткен. Британдық Sky News жаңалықтар телеарнасының хабарына сілтеме жасаған Aikyn.kz климаттық жаңа рекорд 2016 жылдың тамызында тіркелген рекордты жаңартқанын хабарлайды.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: John Eder Surasak Suwanmake

2016 жылдың тамызында орнатылған 16,92°C (62,46°F) рекордын биылғы шілденің алғашқы дүйсенбісінде тіркелген температура өзгертті. Рекорд АҚШ пен Қытайдың оңтүстігінде болған аптап ыстық толқындар мен Солтүстік Африкада тіркелген 50°C (122°F) аптаптың әсерінен болған.

Сарапшылар орташа температураның көтерілуін климаттың өзгеруі мен Эль-Ниньо ауа райы құбылысынан деп санайды.

Лондондағы Лондон Империал Колледжіндегі Грантхэм Климаттың өзгеруі және қоршаған орта институтының ғалымы Фридерике Отто: «Бұл қуанып, біз тойлайтын жағдай емес. Бұл адамдар мен экожүйелер үшін өлім үкімі», – деп ескертеді. Жердегі температура осылай көтеріле берсе адамзаттың болашағы да қиындай түспек. Мына видеодан климаттың өзгеру салдарларының қаншалықты ауыр болатынын көруге болады.

Осы жылдың басында Біріккен Ұлттар Ұйымы климаттың өзгеруі мен Эль-Ниньоның қайта басталуына байланысты жаһандық температураның жоғарылауы мен жаңа жылу рекордтары туралы ескерткен болатын.

Эль-Ниньо – Тынық мұхитының орталық және шығыс тропиктік аймақтарындағы мұхит бетінің температурасының өсуімен және оңтүстіктегі ауа-райының жаңбырлы әрі салқын болуымен, ал, солтүстіктің кейбір бөліктерінің жылуымен байланысты айналмалы ауа райы үлгісі. Соңғы үш жыл бойы Тынық мұхитында Эль-Ниньоға кері құбылыс – салқын Ла-Нинья ауа-райы үстемдік құран болатын. Бұл жаһандық температураны сәл төмендеткенімен 2023 жылы анағұрлым жылы езең қайта басталды.

Фото AP агенттігінен алынды. Авторы: Mindaugas Kulbis

Соңғы апталарда Америка Құрама Штаттарының оңтүстігінде аптап ыстық болды, ал Қытайда ұзаққа созылған аптап ыстық толқыны орташа температураны 35°C (95°F) жоғарылатты. Тіпті қазір қыс мезгілі саналатын Антарктиданың өзінде аномальды жоғары температура тіркелуде.

Ұлыбританияның ұлттық Метео бюросы маусымды 1884 жылдан бері тіркелген ең жылы маусым деп белгілеп, аралдағы орташа температура 15,8°C болғанын жариялады. Ұлыбританиядағы маусым айындағы орташа күндізгі және түнгі температура 1940 және 1976 жылдары орнатылған 14,9°C-тық бұрынғы рекордтан асып түскені. 

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Roger Wright

Климаттық өзгерістерді зерттейтін Berkeley Earth ұйымының ғалымдары көмірқышқыл газының шығарындылары мен Эль-Ниньоның жаңа кезеңінің басталуына байланысты биыл тағы да рекордтар жаңартылуы мүмкін екенін ескертуде.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: James O'Neil

Әлемдік климаттық ауытқулар Қазақстанда ерекше сезілуде. Биылғы маусымда Қазақстанның бірнеше метеорологиялық станцияларында температура рекордтары бірден жаңартылғанын Қазгидромет хабарлады. 6-7 маусымда солтүстік аймақтардың өзінде +41°С, 8 маусымда оңтүстікте +46°С ыстық болды.

Аптақ ыстықтың алдағы жылдары да сақталатынын болжаған ғалымдар дүниежүзіндегі экономикалық, экологиялық проблемалардың күрделене түсетінін, адамзат алдында үлкен сын-қауіптердің туындайтынын ескертуде.