Отандық баспалар мен дүкендер жәрмеңкеде сату үшін 10 мыңға жуық кітап әкелген.
Астанада ең ауқымды Kitap Fest кітап фестивалі өтті
1,227
оқылды

Елорданың 25 жылдығына орай Астанада ең ауқымды Kitap Fest кітап фестивалі өтті. Оған елдегі 30-ға жуық баспа мен дүкендер өз өнімдерін алып келген. Сонымен қатар жәрмеңке аясында түрлі акциялар, авторлармен кездесулер ұйымдастырылды, – деп хабарлады khabar.kz.

Ауқымды фестиваль EXPO алаңында ашық аспан астында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге сирек кітаптар, балалар және заманауи әдебиет, проза, поэзия, аударма сынды түрлі тақырыптағы еңбектер әкелінді.

– Астанада жоқ болар деген кітаптарымызды арнайы Алматыдан алып келдік. Әртүрлі тақырыптағы кітаптар. Негізінен көркем әдебиет. Балаларға арналған кітаптар. Ең негізгі бағытымыз – қазақ тілді кітаптар. Әрине, сұраныс бар, – деді жәрмеңкеге келген кітап дүкенінің өкілі Аслан Тілегенов.

Жәрмеңкеде сатылған кітаптардың бағасы әдеттегіден 20%-ға арзан болды.

– Ешқандай шектеу қойылған жоқ. Кітап дүкендері өз тарапынан қай кітапты шығарғысы келеді, сол кітапты шығарып жатыр. Бірақ біздің тарапымыздан жеңілдік жасалсын деген ұсыныс болды, – деп түсіндірді  Kitap FEST кітап фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.

Шараны өткізудегі басты мақсат – оқу мәдениетінің дамуына серпін беру, кітап нарығындағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне үлес қосу болды. Осы мақсатта жәрмеңке аясында авторлар мен оқырмандардың кездесуі, түрлі тренингтер өткізілді. Сондай спикерлердің бірі кітап талдау клубының жетекшісі Шынар Дәуренбекқызы.

– Кітап оқылмайды емес, оқылады. Соңғы 5 жылдықта менің байқағаным мотивациялық, тез бай болу, қалай бақытты болуға болады деген нәрселерді оқып кетті ғой. Бұл тренд басылды. Ендігі тренд көркем әдби шығармаларды оқу, жаңа қаламгер, жазушылармен танысу, – деді ол.

Маманның айтуынша, қазіргі кітап сатып алушының дені 30-60 жас аралығындағы азаматтар болды.

 

Фото: Zakon.kz