ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің оңтүстік өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова бүкіл егіндік судың 97%-ын тұтынып отырған Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы вегетациялық кезең су тапшылығы жағдайында өтіп жатқанын баяндады.
Алматы және Жетісу өңірлерінде су шаруашылығының жағдайы тұрақты. Сонымен қатар Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында су қоймаларына келіп жатқан судың деңгейі жеткіліксіз. Соның салдарынан сумен қамтамасыз етуде күрделі жағдай қалыптасып отыр.
Мәселені шешу үшін Экология министрлігі тарапынан Қырғызстан мен Өзбекстанның уәкілетті ведомстволарымен мемлекетаралық нысандарды сумен қамтамасыз ету кестесін сақтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов ағымдағы жағдай мен ұсынылған шаралар туралы баяндама жасады.
Премьер-Министр мемлекетаралық нысандарды сумен қамтамасыз ету бойынша келісілген кестелерді сақтаудың, сондай-ақ су ресурстарын пайдалану бойынша көршілес елдермен бірлескен үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов суды ысырап етпей, жалпы АӨК-қа су үнемдеу технологияларын енгізу үшін еліміздегі гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау, жаңғырту және цифрландыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ мемлекетаралық каналдар арқылы келетін судың көлемін арттыру мәселесін жедел пысықтау қажеттігін атап өтті.