«Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – деді Президент.
«Ел боламыз десек, экранды түзеу» керектігін қаперге салған Мемлекет басшысы бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кеткенін айтып, бірнеше түйткілді мәселенің басын ашты. Президенттің айтуынша, қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал ететін бірден-бір сала – кино өндірісін елімізде жақсы дамыған деп айту қиын. Оған бірнеше себеп бар. Отандық киноны дамыту үшін жаңа көзқарас, жаңа серпін қажет екенін айтып, бұл үшін кинотеатрларға келушілердің санын анықтайтын цифрлық жүйені құру орынды екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент киноиндустрияны экономиканың жеке секторы ретінде қарастыра отырып, салада жинақталған проблемаларды кешенді және дәйекті түрде шешу қажеттілігіне тоқталды.
Шоу-бизнестің ықпалы зор болды
Кинотанушы Гүлнар Әбекееваның зерттеуінше, жалпы қазақстандық кинематография мәдени индустрия ретінде 2005 жылы кинопрокат жанданған уақыттан бері қалыптаса бастады. Осы кезеңде фильмдерді фестиваль үшін ғана емес, ең алдымен көрерменге арнап түсіру үрдісі жақсы байқалды, мәселен, «Рэкетир» (2007), «Коктейль для звезды», «Сказ о розовом зайце» (2010) және тағы басқа. Осы орайда бір фильмнен түскен табысын келесі жобаға құйып, жаңа туынды жасау арқылы қомақты ақша табуды көздеген продюсерлер пайда болған уақытта кино нағыз бизнеске айнала бастады. Атап айтқанда, Баян Алагөзова, Нұрлан Қоянбаев, Асқар Ұзақбаев, Асқар Бисембин және басқа да соңғы онжылдықта шоу-бизнестен кино саласына келгендер еліміздің креативті экономикасының маңызды санаты – кинобизнесті қалыптастыруға көп ықпал етті. Мәселен, 2000 жылдары отандық киноның прокаттағы үлесі небары 1-3% болса, пандемия басталғанға дейінгі 2019 жылы қазақстандық фильмдердің бокс-офисі барлық картинадан түскен табыстың 30 пайызына теңесті. Бұл көп жағдайды өзгертті: біздің киноның прокаттағы орнына әсер етіп, кинопрокат желілерін отандық киноөндіріспен достасуға итермеледі. Мұндай жағдай Оңтүстік Кореяда сонау тоқсаныншы жылдары, яки 2000 жылдың басында болды.
«Киноиндустрия – ел дамуының айнасы. Коммерциялық киноның дамуына бұл саланың цифрлануы, яғни арзандауы ықпал етті. Соңғы 15 жылдағы жеке бизнес ретінде қалыптасқан кинопрокат жүйесінің дамуы, сондай-ақ табысты шоу-бизнес және телевизия өкілдерінің аталмыш салаға ағылуы да үлкен рөл атқарды. Бүгінгі таңда кино саласы еліміздегі креативті индустрияның көшбасшысы саналады, әйтсе де, бұл – тек соңғы онжылдықтың жетістігі. Біздің көрерменді өз киномызды көруге «көндірген» квншілер мен әзіл-сықақшылардың еңбегі зор. Бүгінде кинопрокаттың негізгі үлесі америкалық фильмдерге тиесілі, сәйкесінше, табыстың 70-80 пайызы шетелдің қоржынына түседі. Қазақстандық фильмдер көбірек әрі сапалы түсірілген сайын, прокаттан алатынымыз да еселене бермек. Шын мәнінде, киноиндустрия дамудың алғашқы сатысында тұрғанына қарамастан, ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігіне айналып үлгерді», – дейді Гүлнар Ойратқызы.
Киногердің пікірінше, қазақстандық кинематографияны креативті индустрия деп санайтындар аз, өйткені бізде Президент айтқандай, кинофильмдердің кассалық жинағы бойынша ресми статистика жоқ, фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмаймыз. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевтың айтуынша, кинотеатрға келушілердің санын анықтайтын ЕАИС цифрлық жүйесі жасалып жатыр. Нарық қатысушысы, кинотеатрлар мен дистрибьюторлардың көптеген талабын реттеу қажеттігінен бұл жұмыс ұзаққа созылып кетті. Әйтсе де, біршама сынақтан өтіп, жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. Өнеркәсіп статистикасыз өмір сүре алмайды, сондықтан мұндай жүйе өте қажет.
Мемлекетпен бірге жұмыс істеу керек
Киноиндустрияны мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, экономиканың жеке тармағы ретінде қарастырып, мәселелерді нақты шешуді тапсырған Мемлекет басшысы әсіресе, киногерлер мен кинотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста екі жақтың мүддесін теңдей ескеру қажеттігін баса айтты. Сонда жаңа кейіпкер, тарихи қаһарман, маңызды оқиғалар жайлы фильмдерді тек «Қазақфильм» емес, жеке компаниялар да түсіреді. Есетжан Қосыбаевтың айтуынша, бұл екі тарап нарық заңына бағынады. Сол себепті мемлекеттік қаржыландырумен кино шығарған компаниялар мен кинотеатр иелері арасында диалог құру қиындап тұр, әрқайсының өз талабы бар. Дейтұрғанмен, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» тиімді жол табылуы тиіс. Бұл жағдайда отандық өнімнің жоғары сапалы болуы өте маңызды, оның ішінде көрерменнің сұранысын, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін ескерген жөн.
«Жеке киностудиялар, кинотеатрлар мемлекетпен бірге жұмыс істеуі керек. Бүгінде киноиндустриядағы негізгі инвестор – мемлекет, бірақ киноға инвестиция салатын жеке инвесторлар да жеткілікті. Мысалы, 2022 жылы жеке өндірісте 48 картина шықты. Жекеменшік иелері кино өндірісіне орта есеппен 2 млрд теңгеден астам қаржы салған. Осылайша, жеке инвестициялар мен кинематографистерге бөлінген бюджет қаражатының көлемі қазірдің өзінде салыстырмалы түрде теңесуге жақындады. Қоғамда «кино саласына жеке инвестор мүмкіндігінше көп ақша табу үшін барады және негізінен арзан және жеңіл жанрдағы фильмдерді түсіреді» деген пікір қалыптасқан. Бұл – қате. Мысалы Айсұлтан Сейітовтің ашаршылық тақырыбын қозғаған «Қаш» тарихи фильмін мемлекеттің қаржыландыруынсыз түсірілді, күрделі және техникалық жағынан мінсіз фильм, былтыр прокатта қомақты касса жинамаса да, қазірдің өзінде халықаралық кинофестивальдерде қоржынын жүлдеге толтырып жүр.
Мемлекет басшысы киноиндустрия мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, экономикамыздың жеке сегменті болуы тиіс екенін айтты. Осы тезис барлығына арқау болуы тиіс. Мысалы, халықтың жартысына жуығы киноға бара алмайды, өйткені ауылдық жерде, аудан орталықтары мен шағын қалаларда кинотеатр жоқ. Кинотеатр – кинокомпаниялар үшін салаға салған инвестициясын қайтару құралы болса, мемлекет үшін мәдени саясат тұрғысынан кинокөрерменге әсер ету индикаторы», – дейді Есетжан Мұратұлы.
Бүгінде елімізде 404 кинозал бар. Халықтың 52 пайыздан астамы заманауи цифрлық кинотеатрдың көрермені бола алмайды, ал 100 мың тұрғынға шаққандағы зал санының көрсеткіші бойынша киноиндустрияны дамытудың барлық негізгі көрсеткішіне әсер ететін өте қолайсыз жағдайдамыз. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы отандық кинопрокатты неғұрлым жоғары сандық және сапалы деңгейге шығару мақсатында «Аймақ Сіnema» жобасын ұсынған. Жоба аясында кинозалдар саны – 135, орындар саны 17 мың бірлікті құрайтын 72 кино білім беру орталығын, сондай-ақ еліміздің шалғай елдімекендерінде кино көрсету үшін әр облыста жылжымалы кинотеатр ашу жоспарланған.
Отандық анимация субсидияға тәуелді
Мемлекет басшысы кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керектігін айтты: «Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады». Бұл орайда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев киноқоғамдастыққа қатысушылардың психологиясын өзгертуді алға тартады.
«2021 жылдың қаңтар айында «Егемен Қазақстан» газетінде Президент мәдени саясат саласындағы негізгі идеологиялық міндеттерді нақты баяндаған болатын. Бұл дегеніміз – халықаралық кеңістікте ұлы бабалар дәуірінен бастап қазіргі күнге дейінгі қазақ халқының терең, драмалық оқиғаларына толы тарихын көрсете алатын тарихи контексте жарқын, ауқымды, мазмұнды картиналар жасау. Ол үшін Президент Үкіметке және мүдделі органдарға нақты іс-қимыл жоспарын дайындауды тапсырған болатын. Алайда соңғы жылдары мемлекет есебінен түсірілген барлық үлкен бюджеттік тарихи картина қажетті жетістікке жете алмады. Бұған жол бермеу үшін болашақта мұндай жобаны іске асырудың тиімді формасын, өндірістің барлық циклын пысықтайтын жүйе керек: драматургияны құрудан бастап, инновациялық идеяларды ескере отырып, режиссерлік шешім, әлемдік өндіріс студияларымен сындарлы интеграцияға дейінгі тұтас мәселені ортақ жүйеде қарастыру шарт. Сонымен қатар киноқоғамдастыққа қатысушылардың психологиялық принципін өзгерту керек. Қайырымдылық пен альтруизм кезеңі аяқталатынын түсінетін уақыт жетті. Қазақстан экономикасы – бүкіл әлемдік экономика сияқты елеулі қиындықтарға тап болуы мүмкін, өйткені біз жаһандық процестерге қосылдық. Мемлекет бөлетін ақша – «алтын акция». Сондықтан бүгін кинематография саласындағы мемлекеттік ақшаның қайда кететініне алаңдайтын салық төлеушілердің сұранысын объективті және ашық түрде қанағаттандыру үшін барынша жұмылуымыз керек, – дейді Есетжан Мұратұлы.
Сарапшының айтуынша, тарихи картиналардың сапасын арттыру үшін оларды, айталық, үш жылда бір рет түсірген абзал. Мұндай ауқымды жобаны қаржыландыру мәселесін жоғары деңгейдегі арнайы комиссия шешуі керек. Жақсы прокаттың прецедентін жасайтын фильмдерге назар аудару және дебюттік жобаларды «А» класстағы фестивальдерге және отандық кинематографияны шетелде ілгерілетуге бағытталған авторлық киноны қаржыландыруға көңіл бөлінуі тиіс.
«Тұтынушылық психология тудыратын жүз пайыз мемлекет қаржыландыруынан аулақ болуымыз керек, бұл сайып келгенде, осы салада тоқырауға әкеп соғады. Керісінше, түстіктегі көршіміз сияқты жеке студиялар мен мемлекет бірлесіп, өз ақшасын ортақ жобаға салатын және тәуекелді тең бөлісетін тәжірибені өрлеткен жөн. Бүгінде Өзбекстанда барлық процесті реттейтін арнайы «Кинематография агенттігі» бар. Ол киноиндустрияның дамуында тиімді және сапалы қадам жасауға мүмкіндік берді», – дейді орталық жетекшісі.
Тағы бір маңызды мәселе – анимация. Әлемде анимациялық фильмдер орасан зор пайда әкеледі, ал бізде бұл процесс әлі де субсидияға тәуелді, яғни мемлекеттік тапсырыс – қазақстандық анимацияның өмір сүруіне мүмкіндік беретін жалғыз құрал.
Есетжан Қосыбаевтың пікірінше, балаларға арналған киноның қаншалықты маңызды екенін түсінеміз, сондықтан анимациялық жобалар бөлек блокқа түсуі керек, ол бойынша өз бюджеті құрылып, жеке конкурс өткізілуі керек, анимацияны дамыту стратегиясын анықтайтын мамандар үздік жобаларды таңдауы тиіс.
Анимация жасаушылардың айтуынша, креативті индустрия көгілдір экранмен ғана шектелмейді. «Қазақ анимациясы» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Жәнібек Оразалы бұл саланы дамыту үшін еліміздің брендіне айналатын көпсериялы анимациялық жобалар жасау керегін алға тартады.
«Қобыланды батыр, Ер Төстік сияқты кез келген аңыздың желісінде 100, тіпті 500 серияға дейін жететін жобалар шығарсақ дейміз. Мұндай анимациялық фильмдер трендке айналғаннан кейін, оның аясында балалардың оқу құралдарын, кітап, ойыншық, компьютерлік ойындар жасауға болады. Креативті индустрия көгілдір экранмен ғана шектелмейді. Ұлттық идеологияны дамытып, жастарды дұрыс жолға бағыттайтын шығармашылық саланың барлығы қамтылады», – дейді маман.
Бұл орайда киногерлер сапалы сценарийлердің тапшылығын алға тартады. Отандық анимация нарығы қысқаметражды жобалар жасауда ғана жетістігі бар, толықметрлі, яки көпсериялы картина даярлауға әлі де қолдау керек.
«Кинематография туралы» заң шикі
Киногерлердің пікірінше, қолданыстағы «Кинематография туралы» заң қазіргі күйінде бүгінгінің талабына толық сәйкес келмейді. Бұл құжатты жетілдіру қажеттігі себепті көптеген қосалқы мәселе туындап отыр. Есетжан Мұратұлының айтуынша, мемлекет пен киноқауымдастық арасындағы сындарлы диалогты дамыту қажет.
«Осыдан он шақты жыл бұрынғы кино саласын алсақ, Кинематографистер одағы мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің кино саласында үлкен әсері болғанын көреміз. Өкінішке қарай, қазір олай емес – кинематографистердің ортақ қызығушылығы жоқ, бүгінде бір-бірінен алшақтап кеткен. Менің ойымша, мәдениет саласындағы жинақталған мәселелерді шешуде мемлекет үшін бұл жағдай жақсы ресурс. Сол себепті саланы басқара отырып, диалог құру керек. Заң кинематография, квазимемлекеттік сектор және мемлекеттік органдар субъектілері арасындағы қалыптасқан азаматтық-құқықтық қатынастарға жауап беріп, оны реттеуі тиіс. Мемлекеттік қаржыландыруды алатындардың ғана емес, барлық киноөндірушілердің құқықтары мен міндеттерін анықтау және ажырату аса маңызды. Бұл заң өзгеріп, отандық киноның әлеуетін ашып, шетелдік киноөндірушілерге аумақтық табиғи ландшафттардың бірегейлігін көрсетуі тиіс. Сонда мультипликативті әсер тудыратын және отандық экономиканың бір бөлігі ретінде өзін толық көрсететін мәселелер кешені пайда болады. Кино саласына инвестициялар тарту, ұлттық киноны шетелде ілгерілету («А» класты фестивальдер, көрсетілім, стримингтер), кино өндірісінің әлемдік тәжірибесін және жаңа технологияларды оқыту, зерделеу үшін ұлттық кинокомиссияның рөлі, оның функционалдығын кеңейту және реттеу бөлігінде сындарлы тәсілдерді табу керек. Ұлттық кинокомиссияның әлеуеті мен мүмкіндігі ашылмаған және ол қызметінің пәрменді тетіктерін қалыптастыру сатысында тұр. Бүгінде мемлекеттік органдар мен кинематографиялық қоғамдастық арасын үйлестіру мәселесі өткір тұр. Заң шығарудың тиімді нәтижесіне қол жеткізу үшін жаңа заңды киноөндірушілер мен мемлекеттік органдардың талаптарына барынша сай ету шарт. Заңды тек жетілдіру арқылы күшейте аламыз. Оның ішінде, мемлекеттік қолдау қағидаттарына, оның ережелері мен талаптарына қатысты, оны реттейтін біршама толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет. Барлығы қарапайым, түсінікті және айқын болуы керек», – дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы.
Асыл ТҰМАР,
© коллаж: Қуаныш САПАРБАЕВ