Олардың ешқайсысы да ескерусіз қалған жоқ. Жүзден астамы заң тұрғысында шешу үшін Мәжіліске жіберілсе, 220-дан астамы жергілікті жерде оң шешімін тапты. Қалғандары бойынша жұмыс жүргізілуде.
Президент, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депуттарын сайлау қарсаңында «AMANAT» партиясынан ұсынылған кандидаттар мен қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары ауыл-аймақты аралап, тұрғындармен кездескен болатын. Жүздесулер барысында ауыл тұрғындары оларға мұң-зарын жеткізіп, бірқатар өтініш-тілектерін білдірген еді. Олардың барлығы тіркеліп, қарастырылуда. Келіп түскен 1 791 өтініштің 450-ден астамы партияның 2023–2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына енгізілді. Яғни, міндетті түрде орындалады деген сөз. 100-ден астамын шешу үшін заңнамаға тисті өзгерістер енгізу қажеттігі анықталды. Сондықтан Парламент Мәжілісіне тиісті ұсыныстар жолданды.
Облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанованың айтуынша, облыстық мәслихатқа жолданған 550 талап-тілектің 80-і осы күнге дейін оңынан шешілген.
«Қалған 470-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал аудандық мәслихаттарға жолданған 1 100-ден астам өтініштің әзірге 140-ы орындалды, ал 800-ден астамы бойынша ақыл-кеңес берілді. Бізге келіп түскен өтініштердің ешқайсысы да ескерусіз қалмайды. Жүгінген адамдардың әрқайсысына шама-шарқымызша көмек көрсетуге тырысамыз. Олардың кейбіреулері жеке басының мәселесімен келсе, бірқатары қоғам үшін маңызды мәселелерді қозғайды», – дейді Гүлфира Рамазанова.
Әлеуметтік мәселелер шешімін табуда
Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында тұратын Регина Дударева тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарына арналған баспана салу туралы мәселе көтерген болатын. Оның өтініші бүгінде орындалып жатыр: Булаев қаласында 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға таяу. Бас мердігер «Иман» ЖШС құрылыс жұмыстарын биылғы үшінші тоқсанда аяқтауды жоспарлап отыр. Үш қабатты үйдегі пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға «Отбасы банк» арқылы таратылатын болады. Осылайша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 45 отбасының баспана мәселесі шешіліп, қоныс тойын тойлайтын күн алыс емес.
Сайлаушылармен кездесу барысында денсаулық сақтау саласына қатысты қордаланған мәселе көп екені белгілі болды. Әсіресе, ауылды жерлердегі науқастар көптеген медициналық қызметке қол жеткізе алмайтынын айтып шағымданған болатын. Олардың да өтініштері аяқсыз қалған жоқ.
Мәселен, Есіл ауданына қарасты Корнеевка ауылының тұрғыны Светлана Константинова ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда бірқатар медициналық қызмет көрсетілмейтінін, физиотерапия, рентген жоқтығын, тек күндізгі стационар ғана бар екенін, тіпті анализ тапсыра алмайтындарын айтып шағымданған-тын. Сондай-ақ осы ауданға қарасты Тораңғыл ауылының тұрғыны Күнсұлу Жабарова аудандық ауруханадағы маман тапшылығы мен ультрадыбыстық зерттеу кабинеті жоқтығы мәселесін көтерген-тін. Бүгінде бұл мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Аудандық ауруханаға жаңа мамандар жұмысқа қабылданып жатыр. Явленка ауылына стоматолог, УДЗ маманы және жалпы тәжірибе дәрігері көшіп келіп, жұмысқа кірісті. Аудандық ауруханада ультрадыбыстық зерттеу, Корнеевкада физиотерапия кабинеттері ашылды.
Бірқатар ауылда бала санының аздығына байланысты мектептерді жабу қаупі төніп тұр. Осыған орай білім ошақтарын сақтап қалу туралы да өтініштер көптеп түскен болатын. Олардың кейбіреуінің мәртебесі сақталып қалатын болды. Есіл ауданындағы Черуновка бастауыш мектебі мен Бесқұдық негізгі мектебі осы тізімге енгені ауылдықтардың көңіліне қуаныш ұялатты.
Жол зардабын жүрген білер
Жол сапасына қатысты шағым көп. Бұл мәселені де партия өз бақылауына алды. Жер-жердегі жол құрылысы барысын партиялық бақылау бекеттері қадағалауда. Күні кеше облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов пен партиядан сайланған депутаттар кезекті рет жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігерге бірқатар ұсыныс жасады. Қисық төселген жиектас, зақымданған құдық сияқты кемшіліктерді мердігер өз қаржысы есебінен жоятын болады. Сондай-ақ қоғам белсенділері мүгедектігі бар адамдардың бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы жүруіне жағдайдың жоқтығына назар аударды.
Жол құрылысына қатысты қол жеткізілген ең ірі жоба – Челябі-Новосібір тас жолының 465-496-ші шақырымын, яғни Мамлютка қаласына бұрылыстан Жаңа жол өткізу қосынына дейінгі жолды жөндеу. Бұл учаске әбден тозып, тұрғындарға ыңғайсыздық туғызып келе жатқалы біраз жылдың жүзі болды. Жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталғанымен, жосықсыз мердігерлердің салдарынан «сақалды» құрылысқа айналған. Жол зардабын күнде тартып жүрген Мамлютка қаласының тұрғындары Жанаргүл Жақсылықова, Айгүл Жәкенова, Серік Кенжалин оны жөндеуді сұрап, бірнеше рет жүгінген еді. Биыл сот шешімі шығып, «КазСтройТехник» ЖШС жөндеу жұмыстарына кірісті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен шамамен 10 миллиард теңге бағытталды. Биыл бөлінген 3,5 миллиард теңгеге 4 шақырым асфальт төселмек. Жоба екі жылға шақталған.
Осылайша, тұрғындардың өтініштері біртіндеп қарастырылып, шешілуде. Аманатқа қиянат жасамас үшін келіп түскен талап-тілектердің барлығы бойынша жұмыс жүргізілуде.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы