– Диас, елордадағы Садақ академиясының құрылуы жайлы айтып беріңізші.
– Өзім негізі бала кезімнен бері садақ ату өнеріне қатты қызығатынмын. Өкініштісі, бүгінде көп адам, әсіресе жастар бұл өнерді ұмытыңқырап барады. Осы мәселеге жаным ашығандықтан, 2018 жылы қыркүйек айында садақ ату үйірмесін аштық. Ісіміз алға басып, бір жылдан соң 2019 жылы республикалық Дәстүрлі садақ ату федерациясын құрдық. Ал 2022 жылы Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан тұңғыш рет ел чемпионатын өткіздік. Оған еліміздің әр түкпірінен 300-ге жуық садақшы келді. Сол кездерде елімізде тек 50-ге жуық садақшы бар еді. Алғашқы кездері осындай іс-шаралардың бәрін өз қаражатымызбен ұйымдастыратынбыз. Кейін біртіндеп, медианың күшімен осы бастамамызға жұртшылықтың назарын аудартып, Үкімет тарапынан да қолдауға ие болдық.
– Садақ атудан шәкірттеріңіз қандай нәтиже көрсетіп жатыр?
– Академия жұмысының арқасында еліміз деңгейінде биыл 3 республикалық чемпионат қарастырылған. Оның ішінде 1 Азия чемпионаты, 1 Әлем кубогы бар. 2024 жылы бүкілдүниежүзілік көшпенділер ойынында біздің садақ ату сайысы төрт категория бойынша өтетін болады. Қазір елімізде садақ атудан екі спорт шебері бар. Балаларымыз да жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мысалы, 2022 жылы Румынияда өткен Әлем кубогында үш шәкіртім жүлделі бірінші орынға ие болды. Бұдан бөлек, 2022 жылы Түркияда өткен көшпенділер ойынында біздің садақшы 35 елден келген 100-ден астам қатысушымен бәсекелесіп, күміс медальға ие болды. Ал Астанада өткен ел чемпионатында шәкірттеріміз 7 алтын, 8 күміс, 5 қола медаль алып келді. Ұлттық құрамада бізде 30 спортшы болса, соның 15-і – менің шәкірттерім.
– Садақ ату өнері жайлы, шыны керек, көпшілігіміз біле бермейміз. Жастарды садақ атуға байлауда бұл өнердің қандай пайдасы барын ескеруіміз қажет?
– Жалпы, садақ ату барлық спорт түрлері секілді денсаулыққа өте пайдалы. Неліктен біз естіген түрлі аңыздарда хандар мен патшалар өз қыздарын жамбыны атып түсірген жігітке береміз деп шарт қойған? Өйткені мергендер епті әрі ақыл-ойы жоғары болады деп саналған. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама формула құрады, амал ойластырады, жоспарлайды – мұның бәрі тұнып тұрған математика. Денсаулық тұрғысынан айтсақ, садақ ату арқаны тік ұстауға, көру қабілетінің жақсаруына көп көмектеседі. Бізде садақ ату үйірмесіне біраз қатысқаннан кейін көзілдіріктерін тастаған балалар да болды.
– Академияға садақ үйренем деп келушілер көп пе?
– Академияда балаларға арналған топтар да, ересектерге арналған топтар да бар. Балаларды 7 жастан бастап қабылдаймыз. Былтыр академиямыздан 5 мыңға жуық адам садақ атуды меңгеріп алды.
– Садақ ату спортының қазіргі дамуына қаншалықты баға бересіз?
– Соңғы жылдары ұлттық дүниелерімізге оралып, түп-тамырымызды табуға деген қадамдар жақсы жасалып жатыр. Бұл орайда садақ ату өнері де жанданып жатыр десем артық айтқаным емес. Ұлттық өнерімізді насихаттап, осы мәселенің басы-қасында жүрген жанашыр жандар да көп.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Жанель ҚҰТТЫБАЙ