Өрт сөндірушінің жұмысы қашанда қауіпті. Өртке оранған ғимаратқа алғаш кіргенде, өрт шыққан жерді анықтауда арнайы құралдар қажет. Осындай қиын жағдайларда өртке төзімді дрон жасалды. Дрон өрт сөндірушілерге өрт ошақтарын, қандай аймақ қауіпті екенін алдын ала көрсетіп береді.
Өрттен құтқаратын дрон жасалды
1,431
оқылды

Климаттың өзгеруіне байланысты төтенше жағдайлар да көбейді. Қоршаған ортаның температурасы өскен сайын өрт қауіпсіздігі де күшейтілуде. Жақында New Atlas инновациялық жаңалықтар порталы өртке төзімді дрон жасалғанын жазды. Өртке төзімді жаңа дрон өрт сөндірушілерге қалай көмектесе алатынын Aikyn.kz толықтырып түсіндіреді.

Фото GettyImages сайтынан алынды. Авторы: Bloomberg Creative

Төтенше жағдайларда өртке қарсы технологиялардың маңызы Семей орманындағы, Арыстағы әскери қоймадағы, Алматының ірі сауда базарларында және басқа да адам өміріне қауіп төндірген өрт оқиғалары кезінде сезілді. 

Өрт сөндірушінің жұмысы қашанда қауіпті, әсіресе олар өртке оранған ғимаратқа алғаш кіргенде, өрт шыққан жерді анықтауда арнайы құралдар қажет. Осындай қиын жағдайларда өртке төзімді жаңа дрон жанып жатқан ғимараттарды зерттеуге көмектесе алады, өрт сөндірушілер өрт ошақтарын, қандай аймақ қауіпті екенін алдын ала біледі.

FireDrone деп аталатын тәжірибелік квадрокоптерді Лондон Империал Колледжі мен Швейцарияның Empa зерттеу институтының ғалымдары жасады. Кәдімгі дрондардан айырмашылығы, ол 200ºC дейінгі температураға төтеп береді, 10 минутқа дейін жұмыс істей алады.

Фото Empa сайтынан алынды

Шағын ұшу аппаратының ыстыққа төзімділігі негізінен оның электроникасын қоршап тұрған қабықты құрайтын аэрогельдің оқшаулағыш қабатына байланысты.

Жоба үшін арнайы әзірленген кеуекті гель негізінен полиамидті пластиктен, кремнийден және шыны талшықтан жасалған матрицадағы ауа қалталарынан тұрады, соңғысы құрылымдық арматураны күшейтуге көмектеседі. Сыртқы алюминий қабығы дронды ыстықтан қосымша қорғайды. Арнайы FireDrone аэрогелі жануарлардың жүнінің оқшаулау қасиеттеріне ұқсатып жасалған.

Аккумулятормен, ұшуды басқару құралымен, бейне таратқышпен және радиомен қатар FireDrone электронды компоненттеріне оптикалық камера, инфрақызыл камера және CO2 сенсоры орнатылғаны кіреді.

Фото GettyImages сайтынан алынды. Авторы: Bloomberg Creative

Өртеніп жатқан ғимаратқа алғаш кірген кезде, дрон өрт көздерінің таралуы, өрт сөндірушілерге қауіп-қатер аймақтарын және өрт ошағында қалып қалған адамдардың орналасқан жерін анықтап көрсетеді. CO2 сенсорынан буланып шығатын газ дронның ішін салқындатуға қолданылады.

FireDrone өрт сөндірушілерді дайындау орталығында сәтті сынақтан өткен және алдағы уақытта нақты өрт ошақтарында сынақтар жоспарланған. Дронның жаңа модельдерін орман, дала өрттерін бағалау немесе тіпті өте суық жағдайда барлау үшін пайдалануға болады.

«Әдетте дрондарды пайдалану температура сияқты қоршаған орта факторларымен шектеледі. Біз мұны жеңудің жолын көрсетіп жатырмыз және нәтижелеріміз дрондардың экстремалды орта үшін болашақ қуатын ашуға көмектесетініне сенеміз», – дейді зерттеуші профессор Мирко Ковач.

Төмендегі видео роликте FireDrone қызметін көруге болады: 

FireDrone – төтенше температураларда жұмыс істеуге арналған ұшу аппараты.

Осындай дрондардың көмегімен өрт кезінде адамдардың өмірін сақтауға болады. Қазақстанның төтенше жағдай құрылымдары да осындай технологияларды қолдану арқылы өрт сөндірушілер мен бейбіт тұрғындардың өмірін сақтай алады деп сенеміз.