Таяу Шығыс тағы да «қызып» бара жатыр. Өйткені Түркия Сирияның теріскейінде «Көктем қалқаны» атты әскери операция бастады. Бұл өз кезегінде аймақтағы күштердің арақатынасын өзгертіп, бұрын бір-біріне қырғиқабақ бола қалғандарды татуластырып, «достарды» ердің артқы қасын сұрауға мәжбүр еткен жайы бар.
Түркия қарулы күштерінің Сирияның Идлиб провинциясында кең көлемді әскери операция бастауына 27 ақпанда Башар Асад жасақтарының түрік сарбаздарына шабуыл жасап, 33 әскерін мерт қылғаны себеп болды. Сол күні Түркия Асад күштерін атқылап, біраз техникасы мен сарбаздарының көзін жойған болатын. Алайда сириялықтар да алған беттерінен қайтпай, түрік әскерінің позициясын атқылауын қоймаған еді. Сөйтіп, түріктер бір аптада Идлиб төңірегінде 34 сарбазынан айырылды. Шамасы, мұндай шығын ресми Анкараның ашуына тисе керек, өңірде кең көлемдегі әскери операция басталды. Әзірге Башар Асад күштерінің шығыны орасан зор болып тұр. Кейбір деректерге қарағанда, бір аптаның ішінде Асад күштері ондаған әскери көлігінен, жүзге жуық танктен, екі әскери әуежайынан, бірнеше зениттік зымыран кешенінен, соның ішінде «Панцир С-1» және «Бук» кешенінен айырылған. Сенбі күні түрік әскерилері Сирияның екі СУ-24 ұшағын құлатты. Асад күштерінің адам шығына 3 мыңға жақындады. Cоның ішінде екі генерал, бірнеше полковник көз жұмды.
Ресей мен Түркия кетісіп тынды
Сириядағы азаматтық соғыс басталғанда екі түрлі позиция ұстаған Түркия мен Ресей кейінгі жылдары аяқ астынан Шам жерінде кейбір мәселелер бойынша уағдаласып, өздерінің ықпал ету аймақтарын белгілеп алғаны бар. Сирия дағдарысын шешу үшін Ресей, Түркия, Иран мен Сирия билігі, оппозициялық күштер «Астана процесіне» қатысқаны есте. Бірнеше раундтан тұратын осынау кездесулер «Сочи келісімі» атты шараларға ұласқан еді. Тіпті, Сочиде мүдделі тараптар бірқатар құжаттарға қол да қойған. Сөйтіп, түріктер Сирияның теріскейінде буферлік аймақ қалыптастырып алуға қол жеткізген еді. Алайда ақпанның басында Дамаск күштері әлгі буферлік аймаққа шабуыл жасады да, Түркия мен Ресейдің арасы суып кетті. Өйткені түріктер шабуылдың артында ресейліктер тұр деген ұстанымын байқатты. Әрі Мәскеудің одақтасын ашық атқылай бастады. Ал ресейліктер өздері қолдайтын Башар Асад күштерінің ауыр шығынға ұшырап жатқанына «күйіп» кетсе керек. Мәскеу жақ Түркияға қарсы ақпараттық шабуылды күшейтті. Ресми тұлғалар да түрлі мәлімдемелер жасап жатыр. Тіпті, Идлиб төңірегінде түрік ұшақтары ұшар болса оның қауіпсіздігіне жауап бере алмайтынын да айтып үлгерді орыс генералдары. Бірақ 5 наурыз күні В.Путин мен Р.Ердоған кездесетін болып уағдаласты. Алайда біздің пайымдауымызша, бұл кездесудің нәтижесі шамалы болатынға ұқсайды. Өйткені түріктер Асад күштерін әбден соққылап, оппозицияның қарсы шабуылға көшуіне ықпал етуді көздеп отырған сыңайлы. Ал жоғары деңгейдегі кездесулер уақыт ұтудың амалы ма дейміз. Оның үстіне, қазір күштердің арасалмағы өзгерді. NATO да Анкараны қолдап кетуі мүмкін. Бірнеше күн бұрын NATO-ның Түркияға қандай да бір жәрдем жасауына қарсы болған Грекия өз ұсынысынан бас тартты да, альянстың кез келген сәтте Анкараны қолдауына жол ашылды. Әрине, бұл жерде әңгіме тікелей әскери жәрдемде болмауы да мүмкін. Алайда NATO Түркияға әуе қорғанысы кешендерін, Жерорта теңізіндегі кемелер арқылы барлау деректерін ұсынуы мүмкін. Әуе қорғаныс кешені демекші, Анкара АҚШ-тан Patriot зениттік-зымыран кешендерін сұраған. Әзірге Вашингтон нақты ұстаным білдірген жоқ, бірақ Трамп бұл мәселені Ердоғанмен ақылдасып, пысықтап жатқанын мәлімдеп жіберді. Ал NATO Түркия жерінде тұрған альянсқа тиесілі зениттік-зымыран кешендерді түріктердің пайдалануына беруі де ғажап емес. Қазір Түркия жерінде Испания армиясына тиесілі Patriot кешендері кезекшілікте тұр. Міне, осы жағдайлардың өзі Ресейді алаңдататын тәрізді. Өйткені Сириядағы Ресей контингентінің мұндай қысымға төтеп беруге қауқары жоқ. Мәскеу ұрысқа араласпаған жағдайда Асад күштері қатты соққы алуы мүмкін.
Жаңа технологияны сынап жатыр
Идлиб төңірегіндегі ұрыстар Түркияның қолайына әбден жағып тұр. Рас, мерт болған сарбаздардың кегін қайтару түріктер үшін маңызды екені анық. Кек қайтармаған жағдайда Ердоғанның ел ішіндегі беделі күрт төмендеп кетер еді. Алайда «Көктем қалқаны» Түркияны қару-жарақ нарығындағы белді ойыншылардың біріне айналдыруы бек мүмкін. Біз сөз басында АҚШ-тан Түркияның Patriot зениттік-зымыран кешендерін сұрап жатқанын айттық. Алайда бұл өтініштің екі түрлі сипаты бар. Біріншісі, кешенді Түркия жеріне орналастырып, қолдануға мүмкіндік беру талабы болса, екінші жағынан зениттік кешенді сатып алу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бірқатар ақпарат құралы Дональд Трамптың Сирия жөніндегі арнайы өкілі Джеймс Джеффридің Пентагонға қысым жасап, кешенді Түркияға сатуға көндірмек болып жатқанын жазуда. Егер зениттік-зымыран кешенін америкалық әскерилер түріктерге сатуға келісім берер болса, Анкара нарықта бір-біріне бәсекелес саналатын екі қаруды иеленіп шыға келейін деп тұр. Себебі түріктерде орыстың С-400 кешені де бар. Екіншіден, Идлибтегі ұрыс Түркияның әскери техника өндіруде әжептәуір дербестікке жеткенін байқатты. Bayraktar TB2 пилотсыз ұшу құралдары Асад әскерінің төбесіне әңгір таяқ ойнатып жатыр. Сириялықтарға ең көп шығын келтірген де осылар. 27 сағат бойы ұшып жүруге қабілетті дрондар Идлиб төңірегіндегі Асад күштерінің талай техникасын жойып жіберді. Бұл өз кезегінде Түркиядан әлгі дрондарды сатып алушылар қатарын күрт көбейтуі мүмкін. Өйткені әскери сарапшылар Bayraktar TB2-нің мықты қару екенін мойындады.
Босқындар – бопсалау құралы
Түріктер Сирияда ұрыс басталған соң өзінің Еуропа жақтағы шекарасын ашып жіберді. Сөйтіп, бірнеше күннің ішінде 100 мыңнан астам босқын Еуропа елдеріне кірді. Босқындар теңіз арқылы да, құрлықпен де Грекияға ағылып жатыр. Еуропа одағы Грекияға қолдау көрсететінін мәлімдегенімен, қандай жәрдем жасайтыны туралы ешкім тіс жарған жоқ. Ал Түркияның шекараны ашып жіберуі Еуропа одағын бопсалаумен бірдей көрінді. Шамасы, Анкара босқындар арқылы Брюссельдің өздеріне нақты қолдау жасағанын, тіпті әскери көмек көрсеткенін қалайтын тәрізді. Бірақ бұл бопсалауға Еуропа міз бақпауы да ғажап емес. Өйткені АҚШ болмаса, NATO-ның өзге елдері Ресеймен ашық текетіреске тәуекел ете қоймайтыны байқалып тұр. Ал В.Путин болса, Ресейдің ешқандай соғысқа қатыспайтынын мәлімдеді. Бұл Мәскеудің соғысып жүрген жекеменшік компания жасақтарын тағдыр тәлкегіне тастауға әзір екенін байқатады. Иран да өздері қаруландырған топтарға ашық қолдау көрсетпеді. Ал түріктер жексенбіде Хезболла күштеріне де соққы жасаған еді.
Қысқасы, «Көктем қалқанының» қалай аяқталары белгісіз. Бірақ бұл операция өңірдегі қарулы топтар үшін қақпанға айналу қаупі бар.
Амангелді ҚҰРМЕТ