Қазақ даласының ерекшелігі – дауды сотқа жеткізбей, бітімгершілік жолымен шешу. Біздің елімізде дауды сот арқылы шешу тым ұзаққа созылатыны, тараптарды жалықтыратыны және жалпы, аса жақсы үрдіс саналмайтыны да осы жиында айтылды.
Бұл орайда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы мен «Халықаралық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігі өкілдігінің арасында жасалған меморандум аясында бірқатар мәселе оң шешімін табуда.
«Биыл 31 мамырда қол қойылған меморандум шеңберінде тараптар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе жұмыс істеп жатыр. Біз жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын дауларды реттеудің соттан басқа балама тәсілдерінің артықшылықтарын кеңінен тарату мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асырудамыз. Сондай-ақ біз дауларды медиация тәртібімен реттеудің артықшылықтары туралы халықты хабардар етеміз, түрлі дауды реттеуде медиаторлардың қатысуымен бір-бірімізге жәрдемдесеміз. «Заңгерлік көмек», «Құқықтық көмек» партиялық жобалары аясында қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды қабылдаймыз. Жүгінушілердің мәселелері Алтын би Қалкенқызы бастаған бітімгерлердің қатысуымен қаралады әрі бірқатары оң шешімін тауып та жатыр», – деді «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Оның айтуынша, меморандумға қол қойылғаннан бері 2 айға толар-толмас уақытта 7 қабылдау өткізіліп, оған 50-ден астам адам жүгінген. Олардың өтініші негізінен еңбек келісімшартынсыз жұмысқа орналасу немесе оның шарттарының құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында сақталмауы туралы. Жалпы, жыл басынан бері қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен өтініштің 80-нен астамы – еңбек даулары мен жұмысқа орналастыруға байланысты. Оның ішінде еңбек заңнамасының бұзылуы, жалақы төлемеу, зейнетақы төлемдерін аудармау туралы арыздар бар. Мәселен, «Петропавл қаласының халықаралық әуежайы» АҚ-ның зейнетақы төлемдері бойынша 2007 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі қарызы 34 миллион теңге шамасында. Жұмысшылар еңбек өтілін жоғалтып, ең төменгі кесте бойынша зейнет демалысына шығып жатқандарына наразы. Сондай-ақ еңбек келісімшартынсыз адамдарды жұмысқа қабылдап, ақыр соңында еңбекақысын төлемеген құрылыс компаниялары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарына қатысты шағым көп. Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы ЖШС-лардың бірінде 26 сәуірден бастап 28 маусымға дейін көктемгі егісте атқарған жұмысы үшін небәрі 50 мың теңге жалақы алған жұмысшы араша сұрап «AMANAT»-қа келген. Мұндай шағымдардың кейбіреуі партияның араласуынан кейін қанағаттандырылды. Мәселен, Уәлиханов ауданында тұратын Қымбат Ысқақова, ақжарлық Ғалия Ахметова, «КазЕврострой» ЖШС-ынан маңдай ақысын талап еткен ағайынды Губанковтардың мәселесі оң шешімін тапты. Кейбір мәселе бойынша ауызша, жазбаша ақыл-кеңес берілді.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы алдағы уақытта да азаматтардың мәселелерін шешу, құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында медиаторлармен бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделі. Медиаторлар да кет әрі емес. «Халықаралық медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, медиация сарапшысы Назым Тулекеева, әсіресе қоғамдық қабылдау алаңын пайдалануға ниетті екенін қадап айтты.
Бүгінде ел Президенті барлық даудың 90 пайызы медиация жолымен шешілуі тиіс деген міндет қойып отыр. Назым Мүтәллапқызының айтуынша, медиацияның көмегімен шешімін тауып жатқан мәселелердің тең жартысы отбасы-тұрмыстық қарым-қатынасқа байланысты. Одан кейінгі орында – жасасқан келісімнің шарттарын орындамауға қатысты даулар.
«Қазір тіпті аса ауыр емес қылмыстық істер бойынша да медиация дамып келеді. Соңғы кезде мемлекеттік органдар мен қоғам бітімгершілікке бойлары біртіндеп үйреніп келеді. Оған статистика дәлел: 2014 жылы медиация жаңа басталған кезде ел бойынша барлығы бір мың процедура жасалса, қазір төрт мыңнан астам. Біздің мақсатымыз – осындай форумдар арқылы көп істі сотқа жеткізбей шешуге болатынын насихаттау», – деді медиация сарапшысы Назым Тулекеева.
Бірақ оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында медиация 2021 жылдан бері ғана жақсы серпін алған. Себебі оған дейін бұл өңірде орталықтың өкілі болмаған. Бүгінде медиацияны дамыту бойынша солтүстіктегі өкілдік алдыңғы қатарда.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша IMC өкілдігінің директоры, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстары бойынша өңірлік кураторы Алтын Би Бесембаева келтірген деректерге үңілсек, 2021 жылдың сәуірінен бастап осы күнге дейін 6 300-ден астам медиация процедурасы өткізіліпті, ал биылғы жылдың алғашқы жартысында екі мыңға жуық дау бітімгерлік жолымен шешімін тауып, тіпті шаңырағы шайқалғалы тұрған 50 шақты отбасын сақтап қалудың сәті түскен. Даудың барлығы 100 пайыз шешімін тапқан.
Форум жұмысына қатысқан Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ербол Жанғазин бүгінде ел заңнамасы даудың бітімгершілікпен аяқталғанына бағытталып отырғанын, соттар да тараптарды татуластыруға ықпал ететінін атап өтті. Ол сондай-ақ медиацияның уақыт пен қаржы үнемдеу, дауды тиімді шарттармен шешу, достық қарым-қатынасты сақтап қалу сияқты артықшылықтарына тоқталды. Қазір облыс соттарында 31 татуластырушы судья жұмыс істейді. Сот төрағасының айтуынша, биылғы жылдың бірінші жартысында талап-арыздардың 18 пайызы бітімгершілік жолымен шешілген.
Қазақстандық медиаторлар соңғы кезде халықаралық деңгейдегі дауларды шешуге де атсалысып жүр. Халықаралық медиация орталығының құрылтайшысы Қайрат Тулекеевтің айтуынша, осы уақыт ішінде халықаралық дәрежеде 23 елдің қатысушыларымен екі мыңдай процедура өткізіліпті.
Қазақстан дүниежүзінде медиация бойынша көшбасшыға айналуы әбден мүмкін. Себебі қазақ халқының ұлы даласы – ұлы өркениеттің аумағы, аты аңызға айналған билер мен қолбасшылардың туған жері. Бітімгершілік – қазақтың қанына туабіткен генетикалық код. Сондықтан халықаралық деңгейде көш бастауға еліміздің әлеуеті де, мүмкіндігі де жетерлік. Форумда медиаторлар осы мәселені де көтерді. Ендігі мақсат – қазақ халқының салт-дәстүрін негізге алып, ұлы далада ежелден жұмыс істеген билер институтының жаңартылған заманауи нұсқасын күллі әлемге паш ету.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы