Министрмен кездесу барысында ректор Дархан Біләлов университет инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы туралы толық ақпарат беріп, «EdSmart Premium LED Doska» интерактивті бейнежазбасының мультимедиалық студиясы мен KazDual обсерваториясының жұмысымен таныстырды. Озық технологиялармен жабдықталған және оқу процесінде белсенді қолданыстағы екі нысан да қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл кездесу университеттің қызметі мен техникалық жабдықталуын бағалауға мүмкіндік берді.
Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы ҚазҰПУ-да жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатқанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта оқу ғимараттары мен жатақханаларды қайта жаңарту, оқу аудиториялары мен коворкинг-орталықтарын жаңа құрылғылармен және жиһаздармен жабдықтандыру, оқытушылар мен студенттерге қолайлы жағдай жасау үшін барлық процестерді цифрландыру, сондай-ақ бүкіл университет кешенін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Ректор Абай атындағы ҚазҰПУ ғимараттары 19ғасырдың аяғынан өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін салынғанын, сондықтан тарихи ғимараттардың ерекшеліктері мен ішкі декор элементтерін сақтай отырып, университеттің инфрақұрылымын жаңарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Өткен жылы 3500 студентті жатақханадан орынмен қамтамасыз ету арқылы олардың тұрғын үй жағдайын жақсарттық. Жаңа оқу жылында да біз студенттерді жатақханалармен қамтамасыз етуге дайынбыз, ол үшін оқу ғимаратын жатақхана етіп қайта құру жоспарлануда, жатақханалар салу үшін инвесторлар іздестірілуде. Барлық жеті институттың инфрақұрылымын дамытуға және оқу процесін жаңғыртуға үлкен мән береміз, бұл біздің студенттердің қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға мүмкіндік береді", – деді Д.Біләлов.
Министр университеттің Қабылдау комиссиясында болып, Өнер, мәдениет және спорт институтында шығармашылық емтихандардың өткізілу барысымен танысты. Ел жастарының жоғары білім алуына мүмкіндік берудің маңыздылығына тоқталып, Қабылдау комиссиясының жұмысына сәттілік тіледі.
«Білім беру мен жоғары білімді дамытуға инвестициялар Қазақстан үкіметі үшін басымдық болып табылады», – деп атап өткен С.Нұрбек Абай университетін дамытудың стратегиялық жоспарларының жүзеге асатынына сенім білдірді.