Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркі аумағында экотуристік фестиваль өтіп жатыр. Түркістан облысының туризмін дамыту аясында жүргізіліп жатқан шара екі күнге созылуда.
«Түркістан таулары» экотуристік фестивалі: биыл аймаққа 123 мың турист келген
1,146
оқылды

Жалпы өңірдегі туризмді дамыту шаралары 3 бағытта жүргізіледі. Олар тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм кластері. Өңірдің таулы аймақта орналасуы туризмнің әлеуетін арттыруға екпін береді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының туристік әлеуетті арттыру бойынша нақты тапсырмалары аясында Облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы және «Miras Legion» туристік-спорттық фирмасының ұйымдастыруымен Сайрам-Өгем мемлекеттік  ұлттық  табиғи паркінде «Түркістан таулары» белсенді экотуристік фестивалі  өтіп жатыр. 

Фестивальдің мақсаты ерекше қорғалатын аумақтар мен Түркістан облысының тауларында белсенді экотуризмді дамыту болып табылады. Сонымен қатар, өңірдің табиғатын насихаттау, экологиялық сауаттылық пен саяхаттау мәдениетін көтеру, адамдарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға шақыру және жаңа орта қалыптастыру мақсатында өтіп жатқан шараға 200-ге жуық адам қатысуда.  

«Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының директоры Серік Сандыбаевтың мәлімдеуінше, алдын ала жарияланған хабарландыруда көрсетілген шарттарды толық орындаған үміткерлер арнайы бағдарлама арқылы іріктеп алынған. 

«Фестивальге 18-60 жас аралығындағы азаматтардан қатысуға ниетті 2000-нан астам өтінім келіп түсті. Басым бөлігі Түркістан облысынан және Шымкент қаласынан болғанымен, еліміздің өзге де аймақтарынан белсенділік жоғары болды», – дейді орталық директоры.      

Шараның ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев фестивальдің маңыздылығына тоқталды. Осынау шара аясында  облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай альпинистер таудың шыңын бағындырып, тақтайша орнатуды мақсат етіп отырғанын, аталған бастама Түркістан жұртшылығы үшін ерекше оқиға болатынын жеткізді. 

– Түркістан облысы туристік әлеуетке басымдық беретін бірден-бір өңір. Өңірге былтыр 470 мың, биыл 6 айда 123 мың турист келген. Облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымдарды жаңарту, жөндеу және саяхатшыларға арналған қонақжайлар салу үшін қажетті жерлерді бөлу жұмыстарын белсенді түрде жүргізудеміз. Бұл өз кезегінде экотуристерді еселеп арттырады. Жуырда туризм саласының өкілдерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Онда көтерілген мәселелер сарапталды. Осылайша, өңірдің туризм саласын жан-жақты дамыту міндетін бірлесіп орындаймыз, – деді Бейсен Дәулетұлы. 

Бағдарлама бойынша облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Досалиев, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бастығы Қалжігіт Қалыбаев тау туризмінің негіздері және қауіпсіздік ережелері туралы, ал алғашқы медициналық көмек  көрсету бойынша «Қызыл ай» қоғамының өкілдері шеберлік дәрістерін жүргізді. Одан бөлек, қатысушылар арасында мобилография бойынша байқау ұйымдастырылды.      

Екі күнге жалғасқан бағдарламаның бірінші күнінде қатысушылар «Тимбилдинг», «Шатырды құру» , «Таланттар шоуы» секілді командалық және шығармашылық ойындар мен сайыстарда бақ сынаса, гір көтеру, волейбол, бадминтон, фрисби спорттық жарыстарда бәсекеге түсті. Жылдамдығы және шапшаңдығымен үздік атанғандар Түркістан облысы әкімдігінің алғыс хаты және жүлделерімен марапаталды. 

Кешкі бағдарламада жастар арасында танымал ойындар ойнатылды. Әрі қарай гитарамен ән айту, би кеші және ашық аспан астында кино көрумен жалғасты. Екінші күні қатысушылар маршрут бойынша «Буревестник» алаңына жаяу экскурсия жасап, тауға көтерілді. Ұйымдастырушылар тау-тасы және өзен-көлімен талайды тамсандырған Түркістан өңірінің табиғатын насихаттайтын мұндай фестивальдер жалғасын табады деп мәлімдеді. 

Айта кетейік, Түркістан облысында экотуристер саны екі есеге артып отыр. Өткен жылы өңірдегі тауларға 75 мың адам саяхаттаса, биылғы алты айдың өзінде олардың саны 80 мыңға жетіп отыр. Жыл соңына дейін 100 мыңнан асады деген болжам бар.